Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Бақытжан Әбдірайым Қаратау қаласындағы «Шолақтау» кен орнының жұмысымен танысып, еңбеккерлерімен жүздесті.
Аймақтағы ғана емес, еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі саналатын «Қазфосфат» ЖШС-не қарасты «Шолақтау» өндіріс алаңында бүгінде 535 адам еңбек етіп жатыр. «Қазфосфат» зауыты жылына 1 млн 744 мың тонна фосфорит шығаратын болса, соның 40 пайызын осы кен орны береді. Биылғы жылдың жеті айында бұл алып кәсіпорын мемлекет қазынасына 1 млрд теңгеден астам салық төлепті. 2011-2015 жылдар аралығында кәсіпорынға 2,5 млрд теңге инвестиция құйылған. Осының арқасында көптеген жаңа техникалар алынып, зауыттың құрал-жабдықтары жаңарды.
Тарихы сонау 1946 жылдан бастау алатын «Шолақтау» кен орнының жұмысы бір күн де тоқтаған емес. Бұрын фосфорит ашық әдіспен өндірілетін болса, қазір 300 метр тереңдіктегі шахтадан қазып алынады. Бұл кәсіпорындағы жұмысшылардың барлығы дерлік жергілікті тұрғындар. Жұмысшылардың орташа жалақысы 93 мың теңгені құрайды.
– Қазір еліміздегі өндіріс ошақтарына мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар болып жатыр, – деді зауыт жұмысшыларымен жүздескен депутат. – Соңғы технологияларды пайдалана отырып, өндірісті жаңа деңгейге көтеру міндеті күн тәртібінен еш түскен емес. Кәсіпорын жұмысының алға басуы, әрине, басшыларға да байланысты. Дегенмен де, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз зауыттың дамуын жеделдете түседі.
Бұл күні Б.Әбдірайым «Нұр Отан» партиясының филиалында жергілікті тұрғындарды қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады. Аудан тұрғындары бір кездері зиянды цехтарда жұмыс істеп, уақыт өте келе мүгедек болып қалған ғаріп жандардың мұңын, Қаратау қаласындағы жол, көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу мәселесін айтты. Халық қалаулысы тұрғындардың арыз-шағымын мұқият тыңдап, бұл мәселелерді шешу үшін тиісті орындарға хат жолдайтынын жеткізді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы,
Қаратау қаласы