• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Қанатқақты жоба қолданысқа қолайлы

466 рет
көрсетілді

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыруды жалғастыруда. Елді мекендерде «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау және бекіту» композиттік қызметіне бірден екі қызмет: «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын анықтау» және «Нақты жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын бекіту» қызметтері біріктірілді. Оңтайландыру нәтижесінде қызмет көрсету мерзімдері қысқартылды және халыққа қызмет көрсету орталықтарына екі рет бару қажеттілігі жойылды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарда жер учаскелерінің жерге орналастыру жобаларын әзірлеу және бекіту композиттік қызметіне біріктіру жүзеге асырылды. Мемлекеттік корпорацияның бас­қарма төрағасының орынбасары Ме­дет Құмарғалиевтің айтуынша, бұл бағыт­тағы қанатқақты жоба мемлекеттік корпорацияның құрамында ЖерҒӨО мен ЖМО-ның бірігуі арқасында мүмкін болды. Ол «Жобаны енгізгенге дейін тек кадастрлық құнды анықтау жұмысын орындау мерзімі 10 күнді құраған, оған жергілікті атқарушы органның бекітуіне 3 жұмыс күні қосылады. Сондай-ақ, азаматтарға ХҚКО-ға екі рет жүгінуге тура келетін: алдымен құнын анықтауға, одан кейін кадастрлық құнды бекітуге. Енді бұл қызмет жеңілдетілді – құнын анықтауға құжат тапсыра отырып, қызметті алушы бекітілген кадастрлық құн актісін алады. Қызмет көрсету мерзімі 8 жұмыс күніне дейін қысқартылған», деп түсіндіре отырып, қанатқақты жобаны іске қосқан сәттен бастап 1 454 қызмет көрсетілгендігін атап өтті. Жер учаскелерінің жерге орналастыру жобаларын әзірлеу және оны жергілікті атқарушы органдарда бекіту композиттік қызметіне біріктірудің қанатқақты жобасы мемлекеттік қызмет алуды айтарлықтай жеңілдетті. «Бұрын тұтынушыға жерге орналастыру жобасын әзірлеу үшін алдымен ЖерҒӨО-ға жүгіну және оны әзірлегеннен кейін ғана жергілікті атқарушы органда бекіту үшін ХҚКО-ға құжат тапсыру керек болатын. Енді мемлекеттік корпорацияның фронт-офисіне жүгіну және жерге орналастыру жобасын әзірлеуге құжаттар тапсырса жеткілікті, бекітуге ол автоматты түрде жолданады. Бұл «Азаматтарға арналған үкіметтің» барлық фронт-офистерге қосылған «ХҚКО» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің арқасында мүмкін болды. Қанатқақты жобаның қолданылуынан бастап біз 4 мың жерге орналастыру жобаларын әзірледік және 2 мыңнан астамын бекітуге жолдадық», деді мемлекеттік корпорация басқарма төрағасының орынбасары. Қанатқақты жоба мемлекеттік корпо­рацияның барлық фронт-офистерінде қолданылады және 20 тамызға дейін созылады. Жоба аяқталғаннан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар жолданады. Бірақ қазірдің өзінде ол іс жүзінде уақытты, мерзімді, екі рет баруды қысқарту және «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасының жақсару мүмкіндігін көрсетті. Сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ директорлар кеңесінің отырысында осы жылдың 3 маусымында «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» дирекциясы құрылды. Жаңартылған дирекцияның алғашқы жобаларының бірі – алдымен Астана қаласы бойынша, әрі қарай өңірлерде қала құрылысы кадастрымен ықпалдастыра отырып, «Жер және жылжымайтын мүлік» бірыңғай мемлекеттік кадастрын кұру. «Егемен-ақпарат»