• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Тамыз, 2016

Теріскей жерінде табысқа жеткен

315 рет
көрсетілді

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысынан Қызылжар ауда­нына 16 отбасы қоныс аударды. Алға қойған арман-мақсаттарына ұмтылып, жаңа жерде өзгеше өмірге бейімделе бастаған ағайындарымызға мемлекет тарапынан көтермеақы және жалға баспана беріліп, түпкілікті орнығуға мүмкіндіктер жасалды. Солардың бірі – Бегалиевтер әулеті. Олар келе салысымен жер телімдерін алып, игеруге бірден кірісіп кетті. «Еңбек пен бақыт – егіз» деген қағидаға сүйенетін отбасы мүшелеріне «көшіп келдік, енді біздің жағдайымызды жасаңдар» деп қол қусырып отыру мүлдем жат екеніне көрші-қолаңдардың да көздері анық жетіп, шын сүйсініс білдірісті. Жермен жұмыс істеудің қыр-сырларын үйреніп, үлгі-өнеге алуға тырыс­ты. Таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етуге әбден дағдыланған Бегалиевтер Соколов ауылынан бос жатқан жерді жалға алып, төрт гектарын егістікке ыңғайлап өңдеді. Көктемде осы алқапқа орамжапырақтың жеті түрін, одан басқа қызанақ, сәбіз, қияр сынды көкөністер екті. Әр іске үлкен жауапкершілікпен қараған отағасы егетін дәндердің барлығын шетелден арнайы тапсырыспен алдыртты. Жерді қопсытып, жағалай қаулап өскен арамшөптерді отап, көкөністерді баптау шараларына бір кісідей жұмыла кірісті. – Теріскейдің жері өте құнарлы екен. Суды Есіл өзенінен аламыз. Келешекте егістік аумағын ұлғайтпақшымыз. Айнала қандай әсем. Ауасы ше... Көкірек кере тыныстайсың. Ақ қайыңдарға қарасаң, көңілің тояды. Шаршап-шалдығуды білмейсің, өзіңді сергек сезінесің. Адамдары да, табиғаты да жанға жылылық сыйлайтын солтүстікке көшіп келгеніме қуаныштымын, – дейді Өмірәли Бегалиев. Үйдің үлкені Өмірәлі ата-анасын, інісі Ақбаралыны, қарындасы Нафисаны да алып келген. Қызылжар өңіріне қоныс аударған оларға 912 мың теңге біржолғы көтермеақы берілді. Баспанамен қамтамасыз етілді. Әулеттің негізгі табыс көзі – бағбандық. Маусымның ортасынан бастап 2,5 тонна қияр жинап, табиғи таза өнімді облыс орталығындағы «Южный» базары мен көршілес ауылдардағы азық-түлік дүкендеріне көтерме бағамен өткізген. Маусымдық жұмысқа жергілікті 15 тұрғын тартылған. – Біз тұқым сеуіп, арам­шөп­терді жұлып, жерді қопсытумен айналысамыз. Жаз бойы көкө­ніс­терге күтім жасап, күзде оларды жинауға атсалысамыз. 30 мың теңге еңбекақы аламыз. Қол қусырып отырғаннан гөрі нәпа­қа тапқан әлдеқайда жақсы ғой, – дейді Соколов ауылының тұрғыны Валентина Килина. Жермен жұмыс істеуде тәжі­рибесі мол Ақбаралы маусымдық науқандардың машақаты көп екенін, әзірге түскен кіріс айналым қаражатын толықтыруға жетпейтінін, сондықтан төмен пайызбен несие алуды ойлас­тырып отырғанын, келешекте сиыр сатып алып, сүт және ет өнді­румен айналыспақ ойлары барын жеткізді. Осы жылы Қызылжар ауданына көшіп келген отбасыларға 5 миллион 270 мың теңге көтермеақы берілген. Жыл со­ңына дейін аталмыш ауданға көшіп келушілер қатары тағы екі еңбекқор отбасымен толық­пақшы. Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, журналист Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ