«Шетел ғалымдарының біздің тілді игеруге деген ықыласы ерекше. 2010 жылы Мәдениет министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, үлкен мемлекеттік бағдарлама дайындаған болатынбыз. Ол 2011-2020 жылдар аралығында тілдерді дамытуға бағытталған. Бұл бағдарламаны жасау барысында 30-дан астам елдің тәжірибесін сүзгіден өткізіп, бірнеше шетелдік ғалымды өзімізге кеңесші ретінде тарттық. Яғни, Америка, Корея, Германия, Қытай, Жапония, Франция елдерінің белді мамандары бағдарламаны дайындауға өз үлестерін қосты. Ал, ең бастысы, олардың қай-қайсысы болса да алыс шетелде жүріп, қазақ тілін жақсы біліп, игеріп жүрген азаматтар. Сондықтан, тіл мәселесін мемлекеттің немесе биліктің мойнына ғана жүктеп қою – қате түсінік. Тілді білу үшін алдымен ниет дұрыс болуы керек. Әр адам оны білуге борыш, парыз ретінде қарауы тиіс. Елбасы да биылғы өз Жолдауында тілді, яғни мемлекеттік тілді дамытуға мән беру, оның толыққанды түрде өз қызметін атқару мәселесіне басты назар аударды».
Елордадағы Президенттік мәдениет орталығында ұйымдастырылған Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» Жолдауын түсіндіру жөніндегі республикалық ақпараттық-насихаттық тобының отырысында сөйлеген сөзінде Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиева осылай деді. Мәдениет министрлігі өкілі сондай-ақ аталған бағдарламаның, біріншіден, мемлекеттік тілді оқытудың жүйесін жетілдіру, екіншіден, мемлекеттік тілде оқытуды жан-жақты қолдауға жете мән беру, оның беделін көтеру, яғни қазақ тілінде сөйлеушінің жағымды тұлғасын қалыптастыру және тіл мәдениетін жетілдіру секілді 4 мақсатты көздейтіндігіне тоқтала келе, өзі қызмет ететін атқарушы органның тіл, мәдениет салаларында атқарып жатқан жұмыстарын саралап, бір таразылап өтті.
Жалпы, жыл сайын Президенттің Жолдауын жұртшылыққа насихаттау мақсатында республикалық деңгейде 16 ақпараттық үгіт-насихат тобының құрылуы дәстүрге айналған. Оны басқаратын министрлік басшылары. Биылғы жылғы ақпараттық-насихаттық тобы да еліміздің атқарушы органдарының бел ортасында жүрген мамандардан шоғырланған екен. Сондықтан Президенттік мәдениет орталығында өткен жиынға сондай-ақ, ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева, Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалиева, Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко, Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Мақтағали Бектемесов қатысты.
Жиын барысында Гүлшара Әбдіқалықова Жолдауда айрықша мән берілген әлеуметтік сала төңірегіндегі жұмыстар жайлы өз ойын жеткізді. Оның айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттің тарапынан әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінгендіктен, айтарлықтай ілгерілеушіліктер байқалып отыр.
Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Аида Құрманғалива аталған саланың елдік тұрғыда маңызы бар екендігін, мұны мемлекет тарапынан көп көңіл бөліне бастағандығынан да аңғаруға болатынын айтып өтті. 2011 жылы салаға бөлінген қаржы 2002 жылмен салыстырғанда пайыздық тұрғыда 8 есеге артқан екен. Қаржының басым бөлігі денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалыпты. «Дәрігер-мамандардың біліктілігін көтеру мәселесі әрдайым назарда тұрады», – деді А. Құрманғалиева. Өз сөзінде ол сондай-ақ, елдегі демографиялық жағдайға, өлім-жітімнің азаю көрсеткішіне, ана мен бала денсаулығына қатысты мысалдар келтіріп өтті. Болашақта атқарылар жұмыстардың барысына да тоқталды.
Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Роман Василенко Президенттің өз Жолдауында сыртқы саясат мәселесіне айрықша мән бергендігін тілге тиек етті. «20 жыл бұрын Қазақстан өз тәуелсіздігін алған шақта қилы пікірлер қылаң берген еді. Олардың дені «Қазақстан өз аяғынан нық тұратын мемлекет бола алмай, біртіндеп құлдырайды» дегенге сайды. Алайда, Қазақстанның қандайлық жетістіктерге жеткендігі барлығымызға аян. Десек те, біздің сыртқы саясатта атқаратын миллиардтаған міндетіміз бар. Себебі, сыртқы саясат – еліміздің ішкі дамуына жақсы жағдай қалыптастыруы керек. Бұл ретте сыртқы қауіпсіздік мәселесі де айрықша маңызға ие», деді Р. Василенко.
Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті өкілі Мақтағали Бектемесов Президенттің: «Өмір бойы білім алу – әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс», деген сөзін тарқата келе, білім-ғылым мәселесіне жұртшылық назарын аударды. «Жолдауда білім саласына қатысты Президент белгілеген міндеттердің негізгі өзегі – ол ең әуелі білімді ұрпақ тәрбиелеу, білім беру жүйесін халықаралық стандартқа сәйкестендіру. Сондықтан, осыған мән беруіміз қажет», деді.
Жиын соңында ақпараттық-насихаттық тобының мүшелері жиналған қауымның қойған сауалдарына жауап берді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.