Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан Олимпиялық ойындардың аяқталатын шағына да санаулы сағаттар қалды. Осылайша жарты айдан астам уақыт күллі әлемді дүрмекті дүбірге бөлеген айтулы аламан енді өткен күннің еншісінде қалады.
Ойындардың бұрнағы күні ойналған он екінші жарыс күні Қазақстан құрамасы қоржынын тағы 2 күміс, 1 қола медальдармен толықтырды. Осылайша еліміз спортшыларының Олимпиялық ойындарда алған жиынтық медальдар саны 15-ке жетіп, бұл жөніндегі рекорд жаңартылды. Атап айтқанда, 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лондонда алған жүлденің саны бұл жолы екеуге асып түсті. Бұл марапаттар сапын 3 алтын, 5 күміс және 7 қола медаль түзеді. Мұның сыртында әзір түр-түсі толық анықтала қоймаған тағы 2 медаль бар. Оларды өткен түнде өздерінің жартылай финалдық шайқастарын өткізген боксшылар Дариға Шәкімова мен Иван Дычко әкеледі. Сонда жалпы медаль саны тағы өседі.
Жасыратыны жоқ, біз бұл Олимпиадаға біраз қобалжыған көңілмен бардық. Оған тап сол Ойындар басталуға өлшеулі күндер қалған шақта Олимпиялық ойындардың екі дүркін чемпионы Илья Ильин бастаған тағы бірқатар ауыр атлеттеріміздің допинг дауымен жарыстан шығарып тасталғаны себеп болды. Бұл біздің құрама үшін өте қатты соққы болып тиді. Дегенмен, шешуші сәтте тас-түйін болып бекіп, сындарлы сынаққа сақадай сай қалыпта қатысуға кірісіп кеткен спортшыларымыз өзінен үміт күтіп отырған қалың елін ұятқа қалдыра қоймады. Соның нәтижесінде «жаралы» құраммен аттанған ауыр атлеттеріміздің өзі 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Қазақ жастары арасынан Олимп тұғырына көтерілген ең алғашқы атлетіміз шықты. Су спорты түрлерінен тарихта тұңғыш рет Олимпиада медалін, оның да алтынмен апталған нұсқасын жеңіп алып отырмыз. Бокстан 1996 жылдан бері сабақты жібі үзілмей келе жатқан үрдісті жалғастырып, тағы да алтын медальдің әзірге алғашқы шылауын қазынаға салып үлгердік. Сол сияқты Бейжіңде бірінші және соңғы рет қол жеткен дзюдо күресінің күміс жүлдесі мұнда да сәуле шашыратты.
Бүгінгі күнге Қазақстан олимпиадашылары бұрынғы кеңестік республикалар қатарынан алдына тек Ресей спортшыларын ғана салып, осы тізімде екінші болып келеді. Мұны айтасыз, әлемнің Куба, Аргентина, Польша, Чехия, Грекия, Швеция, Иран, Түркия, Индия сияқты көптеген қуатты елдерінің командалары бұл жөнінен бізден кейінде тұр.
Осының бәрі Қазақстан спортының әлеуеті күшті екенін көрсетеді. Мұның өзі біздің елімізде спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатқанына айғақ болады.
Хулио Сезар ла Круздың қолын төреші көтергенде де, Куба мемлекетінің әнұраны орындалған кезде де жанкүйерлер наразылық білдіріп, дауыс шығарды. Батырлар жыламайды дейді етінен ет кесіп алсаң да. Ал біздің Әділбек көзіне жас алды. Қайта-қайта жасын сүртіп қояды. Мына жақта тұрған біздің тамағымызға тас тығылғандай болған. «Жылама» дей алмаймыз.
Жекпе-жек аяқталысымен, қылтадан құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановты күтіп алғанбыз. Кеше Данияр алтыннан олжа салғанда күндей күліп жүрген оның қабағына бүгін мұз ілініпті. «Төрешілер шаршатып бітті. Кімнің жеңгеніне қарамайды. Айтар сөзім жоқ», – деді ол.
Хулио Сезар ла Круз Риоға келгенде берген сұхбатында: «Маған қарсы тұратындарды көрмей тұрмын. Тек – қазақ боксшысы ғана қауіпті», деген екен. Қаупі расқа айналып, екеуі финалда кездесті. Әшейінде шабуыл десе екі көзі шоқтай жанып, алға қарай ұмтылатын сабазың қорғаныс жаққа ауып кетіпті. Қорғана жүріп айқасу – Әділбектің мәнері. Бокстың жабайы төбелес емес екендігін білетін ақылды жігіт шабуылдаушының талмау тұсы ашылғанда, сүңгі қадағандай сұғып алатын. Талант деген бір басынан асып төгіліп жатқан Круз осының бәрін ақылға салып, Әділбектің өз қаруын өзіне қарсы пайдаланды. Әйтсе де біздің батырымыз ашылған тұстарда соққыларын өткізіп жатыр. Ла Круз да қарызға қалып жатқан жоқ. Соңғы раундта Әділбектің қатар тиген соққысынан кубалық қара маржан шайқалып кетті. Сонымен бәрі бітті. Алдыңғы екі раундты Хулио ла Сезар Круздың есебіне жазған төрешілер соңғысын бізге бергенімен, бәрі кеш еді.
– Лондонда күміс алғанда дәл бүгінгідей батпап еді. Өз есебімде жеңілген жоқпын. Екеуміз әбден сыралғы болып қалдық, осал тұстарын білемін. 3-0 деген айқын басымдылық. Төрешілер олай есептейтіндей жеңіс болған жоқ, – деді Әділбек.
Еліне «алтын» апарып, мерейін тағы бір мәрте көтеру еді арманы. Қазақ баласының қайратын осылай танытқысы келген. Жайшылықта іштегі қайнаған дүниесін сыртқа шығармайтын жігіттің қыстығып көзіне жас алғандығы – осындай асыл мұратына төрешілердің көлденең тұрғаны. Бірақ, алтыннан салмағы бір елі кем емес бұл медаль Болат Жұмәділов ағасының қос «күмісіндей» – тарихымыздың жарқын бір парағы болары хақ.
Таңертеңгілік күрес кілеміне түскен Гүзел Манюрова венгр балуанына күтпеген жерден екі ұпай ұстатып жіберді. Өзі шабуылдап аяқтан ілген қалпы дырылдатып кілем сыртына апара жатыр еді, ышқынған венгр амал тауып артына өтіп кетті. Қылпылдап қалдық. Мықты ғой біздің қыз. Қателігін тез түзеді. Гүзел қарсыласын әрі-бері басқа қағып алдаусыратып тұрды да жай оғындай жылдамдықпен аяққа өтті. Қос қара саннан қапсыра құшақтаған қалпы тік көтеріп алып, қос жауырынымен кілемге сұлатты. Әрі қарай ес жидырған жоқ, ұпайлар біздің қыздың пайдасына сартылдап жазылып жатыр. 12-2 болғанда төреші ысқырып жүріп, зорға тоқтатты. Келесі қарсыласы да сыртта қалып кетті. Ресейлік Екатерина Букина – әлем чемпионы. Әуелде Гүзел қатты ұтылып жатты. Букина – қояр емес. Ұпайын сегізден асырып жіберді. Бір минутқа жетпейтіндей уақыт қалған. Ішіміз удай ашып тұрғанда, балуанымыз амалын тапты. Бір іліп құлатып, оң аяғын құрсаулаған күйі екі жауырынын кілемге жаныштаған. Ол да өлсе жан бере ме әрі жақсы жеңіп жатқан Гүзелдің бір аяғынан тастай қатып жіберер емес. Біздің қыз күш алды. Қайыстай қатып тістенген қалпы Букинаны аударып алып астына басты. Төреші дүрбімен қарағандай жата қап көз алмайды. Санаулы секундтар қалды. Төреші қолымен кілемді салып қалды. Таза жеңіс!
Бұл екі ортада алғашқы кездесуінде ұтылған Екатерина Ларионова да жұбаныш белдесуі арқылы қола медальға жақындап қалған. Қола жүлде үшін тартыста Ресейден Америкаға қоныс аударған, әлем чемпионы тәжін киіп көрген Елена Пирожковамен жолы қиысты. Үш ұпай жеңіліп жатып, жеңісті тартып алды. Америкалықтың басынан асыра ұстап қос қолтықты қапсыра құшақтаған қалпы кеуделете лақтырды. Әрі қарай уысынан шығармай, қос жауырынын кілемге жаншыған. Қола медаль қолда!
Гүзелдің финалда жолы болмады. Канадалық Эрика Уибе өте мықты екен. Қара күші мол. Гүзел бір мәрте емес, екі-үш мәрте аяқтан ілгенімен, кеуделетіп әкете алмады. Аз табыс емес. Гүзел 38 жаста. Спортшы үшін үлкен жас. Бұрынғыдай жылдамдық жоқ, күш те азайған. Бірақ бай тәжірибе бар. Соның арқасында финалға жетіп, елімізге жақсы жүлде алып берді. Мың қайтара рахмет, Гүзел қыз!
Халқымыз үшін қасиетті жұма күні тағы да қоржынымыз толыға түсе ме деп отырмыз. Аса ауыр салмақтағы алыбымыз Иван Дычко ағылшын Джозеф Джойспен, ал Дариға Шәкімова атақты Кларесса Шилдспен жартылай финалда қолғап түйістіреді.
PS. Бет қатталып жатқанда жартылай финалдағы кездесулерін өткізген Иван Дычко (91 кг-дан жоғары) мен Дариға Шәкімова (75 кг) Қазақстан қоржынына тағы екі қола медаль салды.
«Егемен Қазақстанның»
арнаулы тілшісі
Бақтияр ТАЙЖАН
Рио-де-Жанейродан
хабарлайды
Суреттерді түсірген Данияр МАЙЛЫБАЕВ