• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2016

«Мен үшін ол – чемпион»

373 рет
көрсетілді

Боксшы Әділбек Ниязымбетов Рио төрінде күміс жүлдені олжалаған соң әрі құтты болсын айту, әрі газет үшін аз-кем тілдесу мақсатында оның әкесі Сәбит Ниязымбетовпен хабарласқан едік. – Ұлыңыздың жүлдесі құтты болсын, Сәбит аға! – Рахмет, бұл Әділбектің немесе тек біздің отбасымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің, қа­зақтың жүлдесі ғой. Ел-жұрт­қа мен де құтты болсын айтамын. – Ел іші қазір «Әділбектің жүлдесі алтын болуы керек еді» деп баға беріп жатыр. Ұлыңыздың жұдырықтасуына қандай баға берер едіңіз? – Менің ұлым екінші орын, яғни күміс жүлде алса да ол мен үшін – чемпион. Халықтан асқан сыншы жоқ, оны халық та айтып жатыр, рахмет. Әділбектің қарсыласы оңай шағылатын жаңғақ емес, ол – әлемнің үш дүркін чемпионы, мұны да мо­йын­дау керек. Демек, онымен  жұдырықтасу немесе нокаутқа жіберіп сұла­тып салу оңай болмаған шығар. Десек те мен кубалық боксшыны алтын жүлдесімен құттық­таймын. Бұйырғаны осы, күміске де қанағат ету керек. Ұлым әлем чемпионатының және Олим­пиялық ойындардың екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр. Мұның өзі – үлкен жетістік. «Әке балаға – сыншы» дегендей, әкесі ретінде Әділбегімнің жұды­рықтасуына көңілім толды. Кезінде қолынан жетектеп, бокс залына алып барған еңбегім де, үмітім де, сенімім де ақталды. – Керемет! – Мен отбасымның атынан қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына, Маң­ғыстау жұртшылығына  алғыс айтамын. Ақтауда теңіз жа­ғалауында тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Халық көп жиналды, барлығы келіп мені құттықтап жатты, әкеге одан артық не керек? Әрине, тек алғыс­тан басқа айтарым жоқ. Бірақ, шынын айтайын, баламның екі көзіне ерік бергені жаныма батты. Ол өзінің жеңілмегенін жақсы түсінеді, бірақ бұл – спорт. «Алтын медаль алмадың» деп ешкімді ешкімнің кінәлауға, кү­стәналауға хақы жоқ. Мен ұлымның  жеке бапкері Марат Жәкиевке ерекше алғысымды айтқым келеді. Сәтін салса, Әділ­бекке қарап, Олимп биігін бағын­дыратын былғары қолғап шеберлерінің қатары көбейе берсін. Қазақтың көк байрағын көк­ке желбірететін жас буын өсіп-жетілсін деп тілеймін. Әңгімелескен Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АҚТАУ