• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2016

Қуатты Қазақстанның қамқор қадамы

301 рет
көрсетілді

Бүгінде БҰҰ Даму бағдарламасы атты ұйым Қазақстанды аймақтағы донор-мемлекет ретінде мойындап, өз жобасын бірлесіп атқаруды ұсынып отыр. Аталған жоба әзірше қанатқақты негізде қолға алынды. Оған сәйкес, Қазақстанның гендерлік сая­саты, яғни әйел теңдігі саласындағы тәжірибесін Ауғанстан жерінде тарату жоспар­ланған. Атап айт­қанда, мемлекеттік басқару, білім беру мен ден­сау­лық сақтау саласында жұмыс істейтін ауған әйел­дерінің экономикалық дербестігін арттыру қажет. Шыны керек, кез келген адам ондай бастаманың саяси астарын іздей бастайды. Алайда, ауған жерінде әйелдер ісі жөніндегі министрліктің бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл мемлекет те гендерлік саясатты белсенді түрде жүргізіп келеді. Өйткені, елдің жұмысына әйелдер көптеп араласса, бейбітшілік пен татулыққа деген ынта-жігердің күшейетінін жақсы біледі. «Бізде 40 жылдан бері соғыстар толастамай жатыр. Ал әйел қашанда бейбітшіліктің жаршысы болған. Әйел – ана, оны құрметтеу керек, үкімет жұмысына қатыстыру қажет. Бүгінгі таңда бізде бизнес­пен айналысатын әйелдер көп. Депутаттардың үштен бір бөлігі – әйелдер. Министр де бар. Осы жұмысты күшейтіп, Ауғанстанда бейбіт өмір орнату қажет. Сондықтан біз Қазақстанның бар­лық бастамаларын қолдаймыз. Сіздерге айтар алғы­сымыз шексіз. Себебі, қиын-қыстау уақытта көмекті аяған жоқсыздар. Төтенше жағдайда да гуманитарлық көмек жасадыңыздар. Ауған халқы оны ешқашан ұмытпайды», – дейді Ауғанстанның Қазақстандағы елшісі Мохаммад Фарук Бараки. Негізі, беделді халықаралық ұйымдарға мүше болғаннан кейін мемлекетке жүктелген міндетті орындау қажеттігін де ескеру керек. Келесі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болады. Оның да арқалар жүгі жеңіл емес. Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстан тұрақты даму міндеттемелері бойынша біраз шаруа атқарды. Алдағы уақытта арнайы агенттік құрылып, соның аясында басқа да донор-мемлекеттермен байланыс орнатып, көмекке зәру елдерге қолдау жасау жоспарланған. Осы жолғы жоба Жапониямен бірлесіп қолға алынып отыр. «Ол жайында өткен жылы Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэның Қазақстанға жасаған сапары кезінде айтылды. Бүгінде біз соны қолға алып отырмыз. Қаржы жағын «Жапония – БҰҰ Даму бағдарламасы» әріптестік негізде қамтамасыз етсе, Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісіп, адам ресурстарын тартуға даяр. Ауған әйелдері осы жобадан өз пайдасын шығара алады деп сенеміз», – дейді Е.Ыдырысов. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстан осы уақыт­қа дейін Ауғанстанның инфрақұрылымы мен әлеу­­меттік жобаларын дамытуға 40 млн доллар жұм­­­са­ған. Бұдан бөлек, арнайы білім беру бағдар­ла­ма­сы­на 50 млн доллар бөлінді. Сол ақшаға ауған жас­­тарын оқыту жұмыстары атқарылды. Бүгінде ал­ғаш­қы түлектер оқуды бітіріп, өз елінде еңбек етіп жатыр. «Біз білеміз, адам әлеуетін өсіре отырып, біз аймақтағы қауіпсіздік пен тыныштықты ұзақ уақыт сақтай аламыз», – деп атап көрсетті министр жаңа жобаға қол қою рәсімі кезінде. Енді, Қазақстан ауған жерінде гендерлік саясатты дамыту ісіне де өз үлесін қоспақ. Осыған орай, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимас Шимомура арнайы құжатқа қол қойды. Жобаның жалпы құны – жарты миллион доллар. Алайда, оған басқа да мемлекеттер қосылса, ол қаржының арта түсетіні анық. Әзірше, жобаны іске асыру шаралары да анық жазылған жоқ. Сондықтан гендерлік саясаттан бөлек оған басқа да мақсат-міндеттер қосылуы әбден мүмкін. Осылайша, БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақ­стан­ды аймақтағы донор-мемлекет ретінде мойын­дап, осы уақытқа дейін жинақталған тәжіри­бемізді қолдануға мүдделі. Ал ең бастысы, көр­ші елдер кеңпейіл әрі қамқоршы қазақ деген досына сеніп отыр. Олар біздің «Тыныштық болсын!» деп үнемі тілеп отыратынымызды білетін шығар. Арман АСҚАРОВ