Елбасы 5 институттық реформаны жүзеге асыру бағытындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту мәселелеріне қатысты бірқатар міндет жүктегені мәлім. Сондықтан 80-қадамға сәйкес «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жұмысы Жетісу жерінде жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл ретте бәсекеге қабілеттілік шеңберінде және сапалы медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру, қолжетімділікті арттыру мақсатында жекеменшік медициналық мекемелерге де мемлекеттік тапсырыс бөлініп отырғанын айтуға болады. Нақтылай түссек, былтырғы жылы 379,1 млн теңге болса, ал биыл 676,2 млн теңгені құрады.
Талдықорғандағы қалалық емхана базасында бірыңғай Call-орталық құрылып, тәулік бойы жұмыс істеуде. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 9,7 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда 60 медициналық мекеме бірыңғай Call-орталыққа қосылды.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде денсаулық сақтау саласында концессиялық жобалар бойынша Қарасай ауданының Қаскелең қаласында бір кезекте 500 адамды қабылдауға арналған аймақтық емхананың құрылысы 3105,333 млрд теңгеге, сонымен қатар 2394,909 млрд теңгеге Талдықорған қаласында бір кезекте 500 адамды қабылдауға арналған аймақтық емхана құрылысының жобалары бар.
Жалпы Талдықорғанда 300 төсектік көпсалалы клиникалық аурухана ашылды. Бұл тек Талдықорған қаласының тұрғындарына ғана емес, облыс халқына заманауи үлгіде салынған, медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған ауруханада емделуге мүмкіндік туады деген сөз. Енді облыс орталығындағы ауруханалар мен емханалар 3 ауруханалық қалашыққа айналмақ. Бұл жұмысқа жалпы сомасы 921,9 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Білім беру саласына келсек, үш тілде оқытуды нөлден бастаймыз деп айтуға болмайды. Себебі, облыста үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған 5 білім беру мекемесінде бұл тәжірибе бұрыннан қалыптасқан. Осы мектептерде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер, яғни биология, география, информатика, химия, математика пәндері бойынша 91 сыныптағы 1621 оқушыға ағылшын тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар, 10-11 сыныптарда биология, химия, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту Жамбыл, Қарасай аудандары мен Талдықорған, Қапшағай қалаларында жақсы жолға қойылған. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы 23 гимназия мен 2 лицейде жекелеген пәндерді үш тілде оқыту жалғасуда.
Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі негізінде жұмыс жүргізу үшін іріктеліп алынған білім беру ұйымдарында жаратылыстану-математикалық бағыттағы жекелеген пәндерді үш тілде оқытуды енгізу жұмыстары атқарылуда. Үш тілде білім берудің артықшылығын, туғызатын зор мүмкіншіліктерін ата-аналар, жалпы қоғам түсінуі тиіс. Сондықтан оны ілгерілету мақсатында ата-аналар комитетімен бірлесіп барлық аудан, қалалардағы білім беру ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 12 жылдық білім беруге кезең-кезеңмен көшу аясындағы білім стандарты бойынша республикада эксперименттік алаңға енгізілген 30 мектептің екеуі біздің облыста бар. Осы бағытта Талдықорған қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда және Панфилов ауданындағы Хамраев атындағы орта мектепте жаңа білім беру стандарты апробациядан өтті.
«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыруда өңірде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін қолдану арқылы ірі кәсіпкерлерді тарту жолға қойылған. Мәселен, бүгінгі күні мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 227 мекеме жұмыс істесе, бұл жалпы балабақша санының 56,4 пайызын құрайды. Биылғы жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша Іле, Талғар, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласында балабақшалар құрылысы қарқынды жүруде. Сөйтіп бүгінгі күні 837 мектепке дейінгі білім мекемесінде, яғни балабақшалар мен шағын орталықтарда 60,1 мың бала тәрбиеленіп, облыста мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 79 пайызды құрап отыр. Білім беру саласында 51 үш ауысымда оқыту мен 1 апатты жағдайдағы мектептердің түйінін тарқату мақсатында 43 мектеп салу қажеттілігі анықталып, 2015-2017 жылдарға нақты жоспар жасалды. Бұл мәселені Ұлттық қор мен жергілікті бюджет есебінен 2017 жылы толық шешетін боламыз. Бүгінгі күні облыс аумағында 38 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Заман ағымына ілесе алмай, маргиналды топтарды құрайтын жастар да жетерлік. Оған қоғам ғана емес ата-аналар да кінәлі болар. Қазіргі жастар тым компьютербасты, тым виртуалды кеңістікшіл, соның салдарынан олар нақты өмірге бейімделе алмай өсіп келеді. Біз осы жастарды шынайы экономикалық және қоғамдық өмірге тартуымыз керек.Сонда ғана олардың қауіпті жолға түсіп, радикалды идеялардың жетегінде кетуіне тосқауыл қоя аламыз. Бұл ретте діни сауаттылығын арттыру және радикалды бағытқа қарсы насихат жүргізу мақсатында жұмыс істейтін ақпараттық-түсіндіру топтары өз аудиторияларында әртүрлі топтағы тұрғындармен қатар жастарды да молынан қамтуда.
Жетісу жерінде жастар үшін барлық жағдай жасалып отыр. Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен республика бойынша ең алғашқы жастарға қызмет көрсету орталығы Талдықорғанда ашылды. Аталған ғимаратта қоғамдық қабылдау, салтанат залы, галерея, би студиясы, интернет-кітапхана, акт залы, баспасөз, коворкинг, денсаулық сақтау, психологиялық, заңгерлік және жас кәсіпкерлерге көмек көрсету орталықтары орналасқан. Біз жастардың өзекті мәселелерін шеше отырып, оларды рухани-адамгершілік бағытта тәрбиелеуді де ұмытпауымыз керек. Ел жастарына өздерінің бос уақытын ұйымдастыру мүмкіндігі беріле отырып, кәсіби дағдыларын және шығармашылық әлеуеттерін дамытуға күш салмақпыз. Жастармен жұмыс оларды тек науқандық шараларға, мәдени-көпшілік істерге ғана тартумен шектелмейді. Ең негізгісі – оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі болып табылады. Кәсіптік және қайта даярлықтан өткен, біліктілігін көтерген жастар арасында жұмыспен қамтылғандар саны жыл сайын өсіп келеді. Бүгінгі күні Алматы облысы бойынша «Жастар практикасына» 857 жас маман тартылып, жұмыспен қамту шараларымен жастар арасынан 9 мыңға жуық адам қамтылса, олардың 6 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 300-ге тарта адам, қоғамдық жұмыстарға бір мыңнан астам адам жіберілді. Бұл жастардың уақытша жұмыс істеуіне және тәжірибе жинауына мүмкіндік туғызады. Жыл басынан бері жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру үшін кәсіби дайындауға жастар арасынан 597 жұмыссыз адам жіберілді.
«Жасыл ел» мен студенттік құрылыс отряды да жастарды еңбекке тәрбиелеуде зор үлес қосып отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының II бағыты бойынша өз ісін ашу үшін жастар қатарынан 111 адамға несие беріліп, олар бүгінде жас кәсіпкерлер қатарын толықтырып, өз бизнестерін сәтті жүргізе бастады. Алдағы уақытта да өзінің денсаулығын шынықтыруға, дүниетанымын байытуға, шығармашылық тұрғыдан жетілуіне жасалған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білген жастардың қатарын арттыруға күш саламыз.
Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы бес институттық реформаның жүзеге асырылуы жайлы кітапханаларда ақпараттық-кітапханалық қызмет түрлерін жетілдіру қолға алынды. Бұл іске облыстағы музейлер де атсалысуда. «Менің елім» ұлттық жобасы аясында мәдени ошақтарда интернет-жоба енгізіліп, кітапханаларда онлайн-семинарлар өткізу жолға қойылды. «Ұлы Жібек жолымен» деген тақырыптық бағдарлама дайындалып, брендтік кәдесыйлар шығарылуда.
«Мәңгілік Ел» – өзіміз сөз етіп отырған «100 нақты қадамның» идеялық негізі. Қазақстанның алдағы тағдыры мен өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін бұл өміршең бағдардың, өлшеусіз құндылықтардың рөлі зор. Қай салада болсын нақты және нық жасалған барлық қадамдарымыз Мәңгілік Ел болуға жасалған қадамдар деп білеміз.
Бақтияр ӨНЕРБАЕВ,
Алматы облысы әкімінің орынбасары