Еліміздің саяси өміріндегі негізгі күш болып саналатын «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ құрылтайына Сыр елінен 50-ге тарта адам қатыстық. Партия съезінде ауқымды мәселелер көтерілді. Құрылтай басқосуының негізгі өзегі партияның болашаққа арналған ауқымды бағдарламасын қабылдау болды. Бұл біздің 2020 жылға дейінгі дамуымызды айқындайтын, бүгінгі күннің және келешектің талабына жауап беретін құжат деп қабылдауымыз қажет. Сондай-ақ партияның жаңа саяси кеңесінің құрамы, ревизиялық комиссияның мүшелері сайланып, биылғы жылы өтетін сайлауға Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын ұсындық. Қазақстандықтар мен шетелдік қонақтардың пікірлері бір арнада тоғысты. Бұл дегеніміз – Елбасымыздың саяси тұлғасы, қайраткерлік болмысы әлемдік саясатта үлкен бағаға ие болғандығының айғағы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзі өзіме үлкен әсер қалдырды. Мәселен, соңғы жылдары әлемдік рынокта етке деген сұраныс артты. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының зерттеуінше, жер бетінде мал басының кемуі мен астық тапшылығының салдары ет өнімінің өзіндік құнының көтерілуіне әкеліп соғуда. Осыған орай, Мемлекет басшысы осы салаға үлкен міндеттер жүктеді. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, 2020 жылға қарай 4 есе өсетіндігін баса айтты. Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жобалар жүзеге асырылмақ. Мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөлмек.
Жалпы, мал шаруашылығын дамыту – ол ауылды дамыту. Ал ауылдың өркендеуі – Қазақстанның қарыштауы. Бұл – әлеуметтік мәселені шешу, жастарды, арнайы мамандарды ауылға тарту деген сөз. Елбасының, сонымен қатар, шағын және орта бизнеске несие беру тетіктерін жүйелеу, білім беру, денсаулық сақтау салаларын жандандыру, демографияның өсуін қамтамасыз ету туралы айтқан пікірлері өте орынды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – көреген саясаткер. Бұған ешкімнің таласы жоқ. Президентіміз – тек өз елімізде ғана емес, халықаралық сахнада өз орны айқындалған тұлға. Бұл – қазақ үшін үлкен мәртебе. Сондықтан Елбасына халық үлкен қолдау көрсетеріне кәміл сенемін.
Нәжмәдин МҰСАБАЕВ, Арал ауданының әкімі.
Қызылорда облысы.