• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
20 Тамыз, 2016

Биылғы дайындық басымдықтары

370 рет
көрсетілді

Жыл сайын жаңа оқу жылына дайындыққа баса назар аударылады. Өңірде бұл үрдіс биыл да өз жалғасын тауып отыр. Біз облыстық білім басқармасы бас­шы­сының орынбасары Гүлжан Құлыбековамен болған әңгімеден осыны аңғардық. Облыстағы 422 мектепке 130 мың оқушы барады. Бұл өткен жылғы оқушылар санынан 5 мыңға артық. Қазірдің өзінде биыл мектеп табалдырығын аттайтын балалар саны 17 мыңға жуықтаған. Бірінші сыныпқа баратын балаларды тіркеу әлі де жүргізілуде. – Биыл мектеп есігін ашатын бірінші сынып оқушылары жаңа білім беру мазмұны бойын­ша оқы­тылады. Оларға білім беру бағ­дарламасы да, оқулықтар да жаңа сипатта болады. Бірінші сыныпқа сабақ беретін 329 мұғалім білім жетілдіру курстарында даярлықтан өткен. Мектепке «тарыдай болып кіретіндерге» бірыңғай үлгідегі киім кию тәртібі енгізілген, тегін оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу­дің басы болмақ, – дейді бас­қарма басшысының орынбасары. Жаңа оқу жылында он жеті білім беру мекемесі пайдалануға бері­леді деп күтілуде. Соның 11-і жаңа оқу жылы басталғанша іске қосы­лады. Ақтөбе қаласының өзінде үш орта мектеп пен бір бала­бақша есігін айқара ашады. Бәрі ұлттық қор есебінен салынуда. Өңірде шағын жинақы мектеп­терді оңтайландыру бағытында да бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Темір ауданындағы – үш, Ыр­ғыз ауданындағы бір шағын жинақы мектеп жабылып, олардың оқу­шы­ларын интернатқа орналастыру, тасымалдау мәселесі шешілген. – Жалпы оқу-әдістемелік құрал­дар сатып алуға облыс бойынша 729,8 миллион теңге қаралды. Қайта басылып шығарылатын оқулықтармен 100 пайыз қамта­ма­сыз етіледі. Оқулықпен қамту қазірдің өзінде 93 пайызды құрай­ды.Үстіміздегі жылдың 12 тамызына Алматы қаласынан оқулықтарды тасымалдау 98 пайызды, ал қала мен аудандарға жеткізу 61 па­йызды құрап отыр. Оқулықтарды мектептерге жеткізу 25 тамызға дейін толық аяқталады. Білім беру мекемелерін жылытуға қажетті қатты отынның 70 пайызы, сұйық отынның 30 пайызы жеткізілді, –дейді басқарма басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбекова. Өңірде «Мектепке жол» акциясы басталды. Биыл бұл акция ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып, «Бақытты балалық шағымның мекені» девизімен өткізілуде. Бүгінге дейін облыста көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан мектепке баратын 14144 оқушы анықталып, облыстық әкімдікке 241 ата-ана көмек сұрап келген екен. Әр сенбі сайын «Мега – Ақтөбе» сауда орталығында ұйымдастырылатын мектеп жәр­мең­кесінде «Тілек» ағашы қойыл­ған. Әр­бір аз қамтылған отбасы балалары өздеріне не қажет екенін конвертке жазып сол арада қалдыра алады. Біз олардың өтінішін орындаудың жолдарын қарастырамыз. Осы орайда ірі кәсіпорындар, басқармалар мен департаменттердің өз көмектерін көрсетіп отырғанын атап өту орынды. Облыстық білім саласындағы бақылау департаменті, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ішкі істер департаменті, «Трансэнерго» акционерлік қоғамы және бас­қа­лары оқушылар өтінішіне қолдау көрсетіп келеді. Қала және аудандар бойынша 2041 балаға 7435 мың теңгеге мектеп формасы және қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берілді. «Туған жерге тағ­зым» акциясы аясында мектеп, бала­бақша және басқа әлеуметтік нысан­дарын материалдық-техни­ка­лық жабдықтау, жөндеу жұмыс­тарына 2 мыңнан астам түлек қаты­сып, 270 миллион теңгеге демеу­шілік жасады. Өңірде «Білім туралы» заңына, Білім және ғылым ми­нистрі­нің бұйрығына сәйкес мек­теп­тер­де міндетті мектеп фор­ма­сы­ның ен­гі­зілуіне байланысты 51 жеке кәсіп­кермен мектеп фор­ма­сын тігуге келісім­шарт жасал­ған. Ақтөбе қала­сындағы 1 сы­нып оқушыларына бірыңғай мектеп формасын енгізуге шешім қабыл­данып, «АЗАЙА» ЖШС-мен жұмыс істелуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы