Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Динар Нөкетаева сегіз жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шарасын жалғап, Алмалы ауданына қарасты Ә.Шәріпов атындағы №16 мектептің 10 оқушысына қазақстандық «Сымбат» сән үйінің сапалы мектеп формалары мен барлық керек-жарағын сатып әперді.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен отбасы балаларын мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтармен қамту, жеткіншектердің орта біліммен толық қамтылуына жағдай туғызу, сабаққа баруын қамтамасыз етуді мақсат тұтқан аталмыш шара соңғы жылдары көп шаңыраққа айтарлықтай шапағатын тигізіп жүр.
Сонымен сауабы үлкен, шарапаты мол шараға «S-master» компаниясының директоры Дәулет Аманғали да атсалысып, оқушыларға отандық таза былғарыдан тігілген аяқ киімдерді сыйлады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ