• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

«Ұлы Дала елі» этнофестивалі

350 рет
көрсетілді

ерлік пен елдікті арқау етті Павлодар облысында 19-20 тамыз күндері Қазақстан Республикасының 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала елі» этнофестивалі өтті. Баянауыл ауданы Ескелді шатқалында белгілі ақын, этнограф, тарихшы, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесі орналасқан. – Қасиетімен халқына қор­ған, өсиетімен ұрпаққа тұғыр болған бабамыздың бұл мекені – жыл он екі айда тағзым етіп келуші жамағаттан үзілген емес. Сондықтан Мәшһүр бабамыздың кесенесі жанында қонақүй кеше­нін ашу өте қажет болды, – деді Павлодар облысының әкімі Бо­лат Бақауов. – Мәшһүр Жүсіп бабамыздың ұлт тарихында орны биік. Осындай тұлғаларды дәріп­теу, насихаттау қажет. Алдағы уақытта, осы мекенді одан әрі дамыту қарастырылып отыр. «Ескелді» қонақүй кешені 40 адамға арналған бөлмелері бар екі қабатты ғимарат. Мұнда асхана және ұлы ойшылдың мемориалдық мұражайы ашылды. Кешен құрылысына «KAZENERGY» ассоциациясы демеушілік етті. Құрылыс құны 30 млн теңгені құрады. Оның құрылысын «Строймехсервис» ЖШС компаниясы жүргізді. «Ұлы Дала елі» этнофестивалі аясында облыс орталығында қазақ халқының даңқты батыры Малайсары тарханға ескерткіш қойылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, «Малайсары тархан» қоғамдық қорының президенті Тито Сыздықов, тұң­ғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Ескерткіштің авторы – белгілі мүсінші Болат Құсайынов. Ескерткіш бірнеше сәулет элементінен құралған біртұтас композициядан тұрады. Композицияның бірінші бөлігін – биіктігі 60 см төрт  баспалдақ, екінші бөлігін – биіктігі 4,4 метр үш баспалдақты тұғыр, үшінші бөлігін – биіктігі 5 метр мыстан жасалған тұлпардың үстіндегі батырдың тұлғасы құрайды. Ескерткіштің құрылысына тегістелген табиғи гранит пайдаланылған. Этнофестивальдің негізгі шаралары облыс орталығына ір­гелес Кенжекөл ауылы маңындағы өзен аңғарында жалғасты. Думанға Ресей Федерациясынан, Қырғыз Республикасынан және Моңғол Халық Республикасынан келген қандас ағайындар мен құрметті қонақтар қатысты. Этноауылда елуге жуық киіз үй тігіліп, дастарқан жайылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты. Сонымен қатар мұнда қол­өнер бұйымдарының  көрме-жәрмеңкесі де көпшілік көңілінен шықты. Аймақаралық «Кәнеки, сөйле, қызыл тіл» атты ақындар айтысы ұйымдастырылды. Ал «Құлагер» ипподромында өт­кізілген дүбірлі аламанға Пав­лодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарынан  қырыққа жуық сәйгүлік қатысты. Бәйгенің бас жүлдесіне жеңіл автокөлік қойыл­ды. Фестиваль  Павлодар қаласының орталық жағажайында өткен гала-концертпен аяқталды. Концертке белгілі  күйші Айгүл Үлкенбаева, танымал әнші Айгүл Қосанова, «Тұран» этно-фольклорлық тобы және «Қоңыр» этнотобы қатысты. «Егемен-ақпарат»