Биыл Көкшетау техникалық институтының бірінші курсына 143 курсант қабылданды. Салтанатты ант қабылдау рәсімінде, олардың 32-сіне Ресейдің сәйкес кәсіптегі жоғары оқу орындарында білім алуға жолдама берілді.
Атап айтқанда, Ресей ТЖМ мемлекеттік өртке қарсы қызметінің Санкт-Петербург университеті мен Азаматтық қорғаныс академиясында – 10, ТЖМ Өртке қарсы қызмет академиясында – 12 және ТЖМ Орал институтының күндізгі бөлімінде 10 қазақстандық курсант білім алатын болады.
Курсанттардың ата-аналары, туған-туыстары, командирлері қатысқан салтанатты шарада Көкшетау техникалық институты бастығының міндетін атқарушы, азаматтық қорғаныс полковнигі Кендебай Райымбеков жолдама иелеріне білім мен кәсіби шеберліктің қастерлі жолында нық қадам басып, биік сенімнен көрінулеріне тілектестік білдірді.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы