• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2016

Қару ұрлаған қанішерлер ұсталды

302 рет
көрсетілді

2009 жылдың 17 қыркүйегінде белгісіз бір топ адам «Сұңқар» аңшылық дүкеніне шабуыл жасап, көптеген қару, оның ішінде: карабин, винтовка, пневматикалық тапанша, оқ-дәрілер, сондай-ақ, оптикалық көздеуіштер, жауынгерлік гранаталардың сақиналары мен 4 дана рацияны жымқырып кеткен болатын. Сол кезде-ақ бұл оқиғаға қатысты полиция ҚК 255-бөлімінің 3-тармағымен қылмыстық іс қозғаған еді. Алайда, амал не, қаптаған полицейлер қауіпті қылмыскерлерді анықтау мақсатында ұзақ уақыт бойы арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізсе де қарақшылар табылмады. Сонан сергелдеңге түскен із кесушілер біздің ғана емес, көрші мемлекеттердегі қару сатумен айналысатын дүкендерді қарап, сондай-ақ, бұрын қару қолданумен сотталған адамдарды мұқият тексеріске алды. Бірақ нәтиже бола қоймады. Ақыры арада бір жыл өткенде әлгі ұрлықтың қасіреті көрінді, 2010 жылдың 7 тамызында Көкшетау қаласындағы жеке кәсіпорынның екі күзетшісі өлтірілген аса қатыгездік қылмыс тіркелді. Сараптамалар қорытындысы күзетшілер жоғарыда айтылған «Сұңқар» дүкенінен ұрланған қарулармен атылғанын көрсетті. Бұл оқиға бойынша да тағы да қылмыстық іс қозғалды. Бірақ уақыт сырғып жатты. Бейбіт күнде ұрланған бір қойма қарудың ізіне полиция түсе алмады. Тек арада бірнеше жыл өткен соң ғана үстіміздегі жылдың мамыр айын­да, Көкшетау қаласының шетіндегі қалың бұталар ығында екі адамның белгісіз қарумен нысана атып жатқаны байқалып қалды. Әлгілерді құрықтап тексере келгенде олардың 2009 және 2010 жылдары жоғарыда аталған қылмыстарға қатысы барлығы және мұның қалай жүзеге асырылғаны анықталып шыға келді. Міне, сөйтіп, ойда-жоқта ұмыт бола жаздаған қылмыс ашылды. Ақмола облысы