• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Бейбіт өмірге жететін байлық жоқ

509 рет
көрсетілді

Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін  қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Адамзат өркениетке ұмтылған сайын мол игіліктер мен табыстарға кенелді. Сонымен бірге, адам баласына, табиғатқа төнетін қауіп-қатерлердің де молая түскенін байқап отырмыз. Атап айтқанда, ядролық қаруды ойлап тапқан кезден бері дүние жүзінде жиналған олардың қоры бүгінгі таңда  20 мыңнан асып отыр! Ал енді кейбір ғалымдардың пікірінше, тіршілікті жою үшін осы ядролық қарудың 50-100 данасы ғана жеткілікті екен. Ядролық қарудың плане­та­мызға, оның экологиясына қаншама зардап әкелетінін әлем жұртшылығы анық білетін жағ­дай­ға жеттік. Бірінші рет АҚШ 1945 жылы атом қаруымен 6 және 9 та­мыз күндері Жапонияның Хиро­си­ма мен Нагасаки қалаларын бом­ба­лау барысында 200 мыңнан астам адам бірден көз жұмған болса, соның салдары әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ал Семей сынақ полигоны Кеңес Одағы тұсында жабық тақырып болды. Полигонның аумағы 16 мың шаршы шақырымнан астам жерді алып жатты. Ол көлемі жөнінен дүние жүзі бойынша екінші полигон болып саналады. 40 жыл ішінде онда 500-ге жуық ядролық сынақтар жасалды. Бұл төрткүл дүниеде болған жалпы сынақтардың 25 пайызы еді. Әрі қуаты жөнінен олар Хиро­сима мен Нагасакиде болған жарылыстардан 40 мың есе асып түсті. Аталған сынақтардың  90-ы  ауада жүзеге асырылды. Ал 1986 жылғы Чернобыль атом стан­сасының төртінші бло­гын­­дағы жарылыс сол өңірге таяу орналас­қан  Украина, Ресей, Бе­ларусь ха­лықтарына тікелей әсер ет­ті. Оның радиоактивті қалдық­та­ры жауын-шашын арқылы Еу­ро­паның көптеген мемлекетіне та­ралды. Семей полигонындағы жарылыстардың да осы өңір тұр­ғындарының сорына айналды.  Со­ның салдарынан көптеген  балалар дүниеге кеміс болып келді. Аймақ тұрғындарының біразы түрлі қатерлі ауруларға ұшырап, өмірден ерте озды. Осы орайда, атом қаруының қайғы-қасіретін әлем­де бастан кешкен екі халық болса, соның бірі, ал бір халық бол­са, соның өзі қазақ халқы десек, ар­тық айтқандық болмас еді. Осыларды ескерген Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Прези­денті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы 29 та­мыз күні Семей сынақ по­ли­гонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Егер Қазақстан ядролық арсеналды өзінде сақтап қалса, не болар еді? Онда мұның өзі өте көп қаражатты қажет ететін. Он­дай қатерлі қаруды ұстап тұру, қауіп­сіздігін қамтамасыз ету тоқырау тұсындағы мемлекеттік бюджетке өлшеусіз ауыртпалық түсіретін. Кеңес Одағы тұсында ел байлы­ғының 20%-ға  жуығы жанталаса қарулануға жұмсалғанын тарихи деректер растап отыр. Ядролық қаруы бар әлемнің алпауыт мем­лекеттері қазір де жыл сайын мил­лиард­таған доллар қаражатты осы мақ­сатқа жұмсап келеді. Міне, мұның қанша­лықты қымбатқа түсетінін осы дерек­терден-ақ аңғаруға болады. Жалпы, қарулануға дүние жү­зінде бір жылда орта есеппен 1,7 трлн доллар көлеміндегі қаржы жұмсалады екен. Бұл ішкі жалпы өнімнің 2,3-2,5 пайызын құрайды. КСРО тарағаннан кейін эко­но­микалық байланыстардың тамыры үзіліп, бұрын бір-бірін қамтамасыз етіп келген өндіріс орындары­ның көбі жұмыстарын тоқтатқа­нын білеміз. «Елді қалай сақтап қаламыз, халықты азық-түлікпен, күнделікті қажетті тауарлармен қалай қамтамасыз етеміз?»  деген сұрақ туындап жатқан кезде, онсыз да мардымсыз  қаржының  біразын полигонды ұстап тұруға бөлетін бол­сақ, мұның тәуелсіздігіміздің туын тіктеп, еліміздің еңсесін кө­те­руге зардабын тигізетіні сөзсіз еді. Ядролық қарудан бас тартуы­мыз тәуелсіз еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымынан бастап,  барлық бас­ты халықаралық ұйымдар мен  мемлекеттердің бізді танып, қол­дау көрсетуіне  оң ықпалын тигіз­ді. Сондай-ақ, Қазақстан бей­біт­шілік пен өзара тиімді эко­но­ми­калық ықпалдастық мақ­са­тында құрылған жаңа ха­лық­аралық ұйымдардың өмірге келуіне бастамашылық танытты.   Келіс­сөздер жүргізіліп, еліміздің әлем­нің дамыған мемлекеттерінің қа­тарына қосылу жолындағы мақ­сатына жол ашылды. Осындай сындарлы саясаттың нәтижесінде әлемнің алып компаниялары экономикамызға өз қаражаттарын әкеліп салды. Бү­гінгі таңда Қазақстан ел экономикасына инвестиция тарту жөнінен әлемдегі алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің бірінен саналады. Атап айтқанда, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға 210 млрд доллардан астам инвестиция кел­ді. Соның арқасында бұрын тұра­лап жатқан көптеген өндіріс орын­дарының жұмысы жанданып, олар жаңа, заманауи технологиялармен қамтамасыз етілді. Мұнай өндіру ілгеріледі, газ құбырын тарту, химия өнеркәсібі, автомобиль және теміржол желілерін салу ісі дамыды. Қалаларымыз бен аудандарымыз өркендеді. Енді, міне, 1990 жылдардан бері еліміз бірнеше жаһандық дағдарысты бастан кешсе де жоғары қарқынмен ілгерілей отырып, осы 20-25 жылдың ішін­де индустриялық-инновациялық даму бағытына бет алды. Қазақстанның әлі тәуелсіздікке қол жеткізбей  тұрып, ядролық қару­дан бас тартып, осындай батыл шешімге баруы – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігі мен қайраткерлік қарымының арқасы екені сөзсіз. Сондықтан да ол тарихи шешім ретінде бағаланып отыр. Ширек ғасыр ішінде Елба­сы­ның бейбітшілікті қорғау, ядролық қаруға қарсы күрес бағытындағы жасаған еңбегі орасан зор. Оны бүгінде бүкіл әлем біліп, мойындап, қолдап отыр.  Президент бас­тамасымен елімізде жыл сайын түрлі халықаралық деңгейдегі форумдар мен ауқымды іс-шаралар өткізіліп келеді. Біздің елімізге, соның ішінде Семей полигонына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун­ның баруы кездейсоқтық емес. Ол Мем­лекет басшысының баста­ма­сы­мен атқарылған ауқымды істерді өз көзімен көрді. Бұл әлемдік бас­па­сөз бетінде дүние жүзінің назарын аудар­ған оқиға ретінде атап өтілді. Биылғы наурыз айында, Се­мей полигоны жабылуының 25 жылдығы қарсаңында Елба­сының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі жарияланды. Бұл БҰҰ басты құжаттарының бірі ретінде тір­келді және дүние жүзінің мемле­кеттеріне таратып берілді. Шет­елдердің танымал саясаткерлері, ғалымдары мен  сарапшылары осы манифеспен танысып, өз пікірлерін білдірді. Маңызды құжат  олардың тарапынан қолдауға ие болды. Әлемде бейбітшілікті сақтау жолындағы қайраткерлік қызметі үшін берілетін әйгілі Нобель сый­лығы бар екені белгілі. Біздің Елба­сымызды осы сыйлыққа ұсы­ну туралы әр жылдары сөз болып, көтеріліп келеді. Өз басым бұл сый­лықтың Қазақстан Пре­зи­­дентіне берілуі  әбден орынды ше­шім болар еді деп ойлаймын. Ядролық қарудан бас тарту, сынақ аймағын жабу сынды батыл шешімге бару – бұған дейін тарихта ешбір мемлекетте болмаған.  Жер шарының жойылып кету қаупі төніп тұрғанын әлемдегі алпауыт елдердің басшылары, саясаткерлер, әскерилер жүрегімен сезініп, біздің Елбасымыздың бастамасын қолдауы тиіс деген пікірдемін. Ядролық қаруды ешқашан қолдануға болмайды. Ғалым­дар­дың пікірінше, оны қолданған жағ­дайда, ядролық қыс орын алады. Қарапайым тілмен айтқанда, онда дүние жүзі Арктика сияқты мұзды  әрі радиациялы әлемге айналады. Тіршілік тоқтайды.  Жер бетіндегі 7 миллиардтан астам халық осыны түбегейлі түсінгені жөн. Осыған орай, Нұрсұлтан Назар­б­аев ендігі соғыста жеңімпаз болмайтынын және онда бәрі де жеңілетінін мәлімдей келіп: «Жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қол­да­нудан қашып құтылу мүмкін бол­майды. Бұл бүкіл адамзаттың қыры­луына алып келеді. Және осы­ған кімнің жауап беретінін анық­таудың өзі де кеш болады және жауап беретін адам да табылмайды. Осы ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер мен саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы аксиома ретінде түсінуге тиіс»,  деп  өте орынды атап көрсеткені белгілі. Ядромен қарулануға жұмса­латын қаражатты бүгінгі таңда атомды бейбіт мақсатта дамытуға пайдалану керек. Жапониядағы Фуку­сима реакторындағыдай жа­ры­лысқа алып келмейтін, қауіп­сіздігі мықты, жан-жақты жетіл­дірілген, қандай да бір табиғи және тосын апаттарға төтеп бере алатын, төзімділік, мықтылық коэф­фициенті аса жоғары стансалар салуды адамзат өзіне міндет етіп  қоюы тиіс. Қай елдің де мол қара­жаты осындай ізгі мақсатқа жұм­салса, адамзаттың әлеуметтік жағ­дайы, денсаулығы, өмір сүру дең­гейі анағұрлым жақсара түсер еді. Үстіміздегі жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшелігіне сайлануы­на Елбасымыздың 25 жылдан бері осы орайда  атқарып жатқан істері, сондай-ақ наурызда жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» мани­фесі өзінің оң ықпалын тигіз­ді деп айтуға болады. Өйткені, мүше­лікке талапкер мемлекеттер өте көп еді. Бірақ біздің елімізді мем­ле­кеттердің көпшілігі қолдап, атал­ған орынға айрықша басым дауыспен сайландық. Бұған Елбасының дүниежүзілік қоғамдастық алдындағы зор  беде­лінің де игі әсері болғаны белгілі. Енді еліміздің аталған Кеңесте екі жыл ішінде ауқымды істер атқаруға ұм­­ты­­латынына сеніміміз мол. Осы мер­­­зім­­де біздің еліміз әлемдегі қауіп­­­сіз­­­дікті сақтау, сондай-ақ яд­ро­­­лық қа­ру­ды сынау және оны қол­­­да­ну ба­ғы­­тын­дағы әрекеттерге тоқ­­­­тау салу мә­­селелеріне баса көңіл бө­л­іп, бас­­та­­ма­шылық таныта­тыны сөзсіз. Ең бастысы, біздің еліміздің, сондай-ақ бүкіл прогресшіл адамзат өкілдерінің күнделікті белсенді іс-әрекетінің арқасында ядролық қарудың қасірет әкелетінін әлем түсіне бастады. Онымен кү­рес бағы­тында атқарылып жатқан іс­тер­дің оң нәтиже бере бастаға­ны, қауіпсіз әлем құруға қарай оң қа­­дам жасалып жатқаны байқала­ды. Ядролық сынақтар өткізуді азай­ту бағытында оң өзгерістер бар. Қорыта айтқанда, бейбітшілікке жететін байлық жоқ! Ешкім де өзі өмір сүріп отырған ортасының ойран болғанын қаламайды. Адамзат баласының жалғыз ғана мекені бар, ол – Жер-Ана! Ендеше, оның тыныштығы үшін күрес – әрбір азаматтың парызы. Бейбітсүйгіш еліміздің ор­талығы Астанада 29 тамызда өткізілгелі отырған тағы бір тарихи ха­лық­аралық іс-шараның да әлем­дік қауіпсіздік, ядролық қаруға қар­сы күрес мәселесіне оң ықпалы болары анық. Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі