• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Мектеп формасы бизнес көзі емес

932 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы қарбалас та шарықтау шегіне жетті. Енді санаулы күндерден кейін егемен еліміздің барлық мектептері қоңыр күздің алғашқы арайлы таңын алғашқы қоңырау үнімен тербетеді. Биылғы оқу жылында білім беру жаңа мемлекеттік стандарт бойынша жүргізіледі. Жаңа оқу жылындағы тағы бір ерекшелік – биыл міндетті мектеп формасы енгізілді. Жыл басында Білім және ғылым министрінің бұйрығымен оқушылар арасындағы әлеу­мет­тік теңсіздік пен басқа да ерек­шеленуді болдырмау мақсатында мектеп формасын енгізу талабы қойылды. Бұл талап бойынша, мектеп формасы зайырлық сипатта, классикалық үлгіде, бірыңғай түсті болуы керек. Үш түстен артық және тым ашық түстердің болмауы қажет. Мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Жөн-ақ. Бұл реформалау­дан көз ашпаған білім беру сала­сын­дағы соңғы жылдары қа­был­данған дұрыс шешімдер­дің бірі болды. Мектеп оқушы­ларының кейбіреулері үлде мен бүлдеге бөленіп, қолы қыс­қа­лар қарапайымдылықты қана­ғат тұтып, балалар арасында да теңсіздіктің ащы көрінісін көл­бең­деткен кезеңді де көрдік. Өз қолы өз аузына жетпеген ба­лалардың қалталы ата-аналары­ның арқасында алынған бағалы киім, қымбат бұйымдармен бөлек­тенбей, білім, қабілет және еңбек­қорлығымен ерекшеленгені дұрыс қой. Міне, еліміздің барлық мек­теп­терінде бірыңғай міндетті мектеп формасының енгізілуі осындай ізгі ниеттің бастауы болғай. Өкінішке қарай, іс жүзінде осы игі бастамаға бірінші күннен кө­леңке түсіре бастадық. Біркелкі мектеп формасының бағасындағы айырмашылықты жер-жерде жүз құбылтып, игі бастаманы да бизнеске айналдырдық. Әрбір мектеп «бармақ басты көз қыстымен» өздерінің жеке тігін шеберханалары мен сауда нүктелерін белгілеп, бірыңғай бастаманы жеке-жеке бөлшектеп әкетті. «Бауыр еті – баласы» үшін жаңа оқу жылына дайындық барысында аянып қалар ата-ана жоқ. Бірақ табыс тақырланып, баға бақылаусыз кеткен бүгінгі таң­да балалары мектепке баратын отбасыларына жеңіл бол­май тұр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біркелкі мектеп фор­масы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Ер бала­лардың мектеп формасының топтамасына костюм (бешпет), жакет, шалбар, мерекелік және күнделікті жейде (қысқы маусымда: тоқыма жакет пен жылы жейде) кіреді. Қыз балалар үшін бешпет, жакет, белдемше (юбка), классикалық жейде (қысқы маусымда: тоқыма жилет, жылы жейде, сарафан) және кең әрі тобықты жабатын шалбар кіреді. Сонымен бірге мектеп формасына спорттық киімдерді (аяқ киім, футболка, спорттық костюм) қосыңыз. Әр мектептің қалауы бойынша мектеп формасына эмблема немесе жапсырмалар тағуға, галстукке рұқсат етіледі. Бұл киімдердің барлығы жеке-жеке сатылады, әрқайсысының бағасы әртүрлі. Орта есеппен бір балаға мектеп формасы 30-40 мың теңгеден айналады. Оған оқуға қажетті дәптерлер мен канцелярия тауарларын қоссаңыз, әрбір баланың жаңа оқу жылына әзірлігі 50-60 мың теңгеден кем түспейді. Отбасылардың табысы күрт төмендеген қазіргі жағдайда ата-аналар үшін екі-үш баланы мектепке әзірлеу үлкен ауыртпалық әкеледі. Ал көп балалы отбасылардың мемлекет көмегінсіз бұл тығырықтан шыға алмайтындығы анық. Тағы бір көңілді күпті қылатын мәселе, жаңа мектеп формасының сапасы бағасына сай ма? Бұл ретте де көңілде күдік көп. «Барлық жақсы – балаға» дегенде, алдыға жан салмаймыз. Ал енді осы мек­теп формасының балалардың денсаулығына тікелей қатысты екендігін естен шығарып алдық. Жаңа мектеп формасын тігетін «жертөлелердегі» сансыз шеберханаларды кім тексерді? Мек­теп формасын тігетін маталар белгіленген стандартқа сай ма? Жалпы, осы балаларға арнал­ған киімдер қандай матадан тігілу­ге тиіс екендігін тексеретін, қада­ғалайтын мемлекеттік органдар немен айналысады? Кешегі Кеңес үкіметі балалар тауарларының, оның ішінде мектеп формасы тігілетін маталардың стандартын мемлекеттік деңгейде белгілейтін. Мектеп формалары таза мақтадан жасалған матадан ғана тігілетін. Ақиқатын айтқанда, қазір бұл мәселе бақылаудан сырт қалған. Әккіленіп алған алыпсатарлар көпшілік «қытайдың өнімі» десе шошитынын түсініп, «түріктің матасы» деген желеумен мектеп формаларын қыл үстінен са­тып жатыр. Мейлі түріктікі бол­сын, мейлі қытайдікі болсын химиялық талшықтардан жасал­ған бұл маталардан тігілген кейбір мектеп формалары балалар денсаулығына зиян келтіруде. Зиян­ды қоспалары бар матадан тігілген арзанқол киімдер ба­ла­лар­дың аллергия, қышыма сыр­қат­­­тарына ұшырауына жол беруде. Балалардың бойында өзара тең біркелкілік сезімдерін бау­лу мақсатында бірыңғай мектеп фор­масын енгізу жөніндегі игі баста­маны жеріне жеткізу үшін тағы бір келелі міндетті жүзеге асы­ру қажет. Бірыңғай мектеп фор­масымен қамтамасыз ету мәселесі толығымен мемлекет құзы­рына берілуі керек. Ең басты­сы, мектеп формалары мемле­кеттік шеберханаларда таза матадан халықаралық стандарт­тарға сай тігілуі қажет. Арнайы ашылған сауда орындарында мем­лекеттік талаптарға сай белгілен­ген ортақ бағамен сатылуы керек. Ең алдымен, бұл – ел ертеңі – өскелең ұрпақ мүддесі үшін жауапкершілік. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»