• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Қазақ каратэсінің қауқары қандай?

292 рет
көрсетілді

Жуырда халықаралық олим­пиада комитеті каратэ спортын Олим­пиада бағдарламасына қосу туралы шешім шығарды. Әлемдік аренада бұл спорт түрі бойынша қай елдер көшбасшы? Каратэнің отаны саналатын Жапония астанасында 2020 жылы өтетін Олимпия ойындарында Қазақстан құрамасының олжа салуға мүмкіндігі бар ма? Бұл туралы осы саланың мамандарынан сұраған едік. Шаттық Қажымұқан, Азия чемпионатының жүлдегері, ха­лық­аралық дәрежедегі төреші: – Азия құрлығындағы фавориттер – Жапония мен Иран. Әлемдік додаларда Франция, Италия, Мысыр елдері үздік саналады. Біз Азия чемпионаттарында алғашқы үштікке кіріп жүрміз. Токиода өткен соңғы чемпионатта командалық есепте Ираннан озып, екінші орынға көтерілдік. Құдай қаласа, Олимпиялық ойындарында медаль алуға мүмкін­дігіміз бар деп ойлаймын. Қазірден бастап әзірлікті күшейтіп, лицен­зияға қол жеткізуге тырысу керек. Бұрындары Азия чемпионаттарында – Жапония, Еуропа чемпионаттарында Франция жүлденің барлығын алып кететін оқиғалар болған. Қазір олай емес, каратэ кешенді түрде дамыған елдер көбейді. Яғни алдағы Токио Олимпиадасында қандай бір ел айқын басымдыққа ие болады деп ойламаймын. Ринат Сағындықов, Азия чемпионы, каратэден ұлттық құрама мүшесі: – Өзіңіз білесіз, бұрын Куба бокс­шылары қарсылас шақ келтірмесе, кейін бокс басқа елдерде де қарқынды дамып кетті. Каратэ спортында да дәл сондай жағдай. Себебі, каратэні дамытуға қажетті мүмкіндіктер барлық елдерде бар. Ұлттық құрамалар бір-бірінің жат­тығу жиындарына барып, тәжірибе алмасады. Өз елінің ғана емес, басқа елдердің де спортшыларымен спаррингке түседі. Мен 67 килода өнер көрсе­темін, бұл категория­да Иран, Мысыр, Франция спортшылары мықты. Басқа салмақтарда да сол сияқты. Меніңше, Олимпиадада бә­секелестік өте жоғары болады. Дегенмен, Қазақстанның медаль алуға толық мүмкіндігі бар. Себебі, бізде каратэні әрі қарай дамытатын база жеткілікті. Токио Олимпиадасына дейін жас­тар резервін дұрыс жолға қойсақ, әлемдік аренада тұрақты нәтижелер болып тұрады деп ойлаймын. Арнұр АСҚАРОВ, «Егемен Қазақстан»