Жастарға томаға-тұйықтық емес, қашанда бір-бірімен араласу мен құраласу, пікір таластыру және бірінен-бірі үйрену үрдісі тән болса – олардың көтерілер көкжиегі де қашанда биік болмақ. Өзара емен-жарқын қарым-қатынастары тек бір елдің ауқымымен шектелмей, мемлекетаралық сипат алатын болса, оның мәні тіптен айрықша. Республикамыздың батыстағы босағасы Орал қаласында ұйымдастырылған «Бірлік-Единство.kz» халықаралық жастар лагері осындай кең тынысты бағдарламасымен ерекшеленді. Ақжайықтың төрінде Қазақстан, Ресей және Қырғыз елінен келген өрендер бас қосып, өздерін толғандырып жүрген мәселелер жөнінде егжей-тегжейлі әңгіме қозғады.
Игі мақсаттағы іс-шаралар легі төрт күнге созылып, әртүрлі форматтағы сегіз тақырыптық блок бойынша ой-пікір алмасулар мен дебаттар, шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізілді. Байыпты басқосу кезінде байқалған бір жағымды жайт – Ресейде тұратын қандастарымыздың қазақ тілін үйренуге деген құштарлығы. Олардың мұндай талап-тілектері де ескерусіз қалған жоқ. Тілдерді оқыту жөніндегі инновациялық-әдістемелік орталық мамандары Ресейдің Самара, Саратов және Омбы облыстарынан келген қаракөз қыз-жігіттерімізге «Тілдарын» әдістемесі бойынша тілді тез үйрену сабақтары ұйымдастырылды.
Тағы бір сүйсінерлігі, қазақ тілін тез меңгеру жөніндегі технологиялық тәсілдерге сонымен бірге, орыс ұлтының өкілдері де мүдделілік танытты. Мәселен, инновациялық дәріс алған Ляйсан Баракова өз ой-пікірін былайша жеткізді: мен мұнда Самара қаласынан келдім. Қазір Ресейде тұрып жатқаныммен, өз болашағымды тарихи отаным – Қазақстанмен байланыстырғым келеді. Биыл Астанаға баруды жоспарлаған едім. Бірақ, отбасылық жағдайыма байланысты жолым түспей тұр. Қазақстан мен үшін жаныма жақын әрі ыстық ел, – деді ол бізге қазақ тілінде.
Сондай-ақ, халықаралық лагерьге жиналған жастарға толеранттылық сабақтар да, депутаттық сағаттар да ұйымдастырылды. Оны Парламент Мәжілісінің депутаттары Наталья Жұмаділдаева мен Геннадий Шиповских өткізді. Олар тыңдаушылар тарапынан қойылған әлеуметтік бағдарламалар, жұмыспен қамту, жас кәсіпкерлерге арналған жеңілдікпен берілетін несиелер, мемлекеттік тілді үйрену және баспана мәселелері жөніндегі сан алуан сұрақтарға толыққанды жауаптар қайтарды. Осы орайда қазақ тілінде еркін сөйлейтін Г.Г.Шиповских ең жас Парламент мүшесі екенін де айта кеткен жөн. Оның жасы – жиырма алтыда.
Көршілес, бауырлас мемлекет жастары бас қосқан жерде оларды толғандырған мәселелерді өз ауыздарынан есту – бізге өте қажет. Өйткені, бұл ой-пікірлер жастардың құқығы мен мәртебесін қорғайтын заңдар шығаруға септігі мен көмегін тигізеді. Осы ретте Қырғыз Республикасынан келген делегация басшысы Нұргүл Қадырқұловадан да сыр тартудың орайы келіп қалды. «Қазақ халқының пейілі мен құшағының кеңдігі өзінің дархан даласындай екен. Қазақстанның батыс аймағына тұңғыш рет жолым түсіп отыр. Өзен-көлдері жарқырап, тал-теректері жайқалған әсем өңір екен. Лагерь қызметінің басты ұйытқысы Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысым шексіз. Бұл қоғамдық құрылым бірлік пен тұрақтылықты сақтаудың басты кепілі екеніне тағы бір көзім жетіп отыр», деді ол бізбен әңгімесінде.
Бүгінде шекаралас мемлекеттер жастары арасындағы байланыстарды тереңдете түсудің маңызы жоғары. Сондай-ақ, таяу және алыс шет елдегі қазақ диаспорлары жастарына қолдау көрсете білудің де алатын орны бөлек болса керек. Мұндай көмек ең алдымен оларға рухани-мәдени тұрғыдан көрсетілгені жөн. Халықаралық жастар лагерінің алдына қойған басты мәселесінің бірі де осы екеніне де оған қатысу кезінде көз жеткізгендей болдық.
Ең бастысы, Оралда өткізілген жастардың халықаралық басқосуы – Қазақстандағы бірегейлік пен біртектілікті және бірлікті қалыптастыруға ықпал жасай білді деп ой түюге болады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: халықаралық жастар лагері сәтінен көрініс
Суретті түсірген Рафхат Халелов