• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Көп салалы көршілік

310 рет
көрсетілді

Қазақстанмен достық ынтымағы жарасқан, мәдени, рухани байланысы нығайған көрші елдердің бірі – Ресей. Бірыңғай экономикалық одақ кеңістігі түзілгелі Қызылжар өңірінің де шекаралас аймақтармен қарым-қатынасының жандана түскенін аңғару қиын емес. Жуырда аймақ басшысы Ерік Сұлтанов басқарған арнайы делегация ауылы аралас, қойы қоралас Қорған облысында болып, екіжақты меморандумдарға қол қойды. Бірқатар пайдалы келісімдерге қол жеткізді. Осында солтүстікқазақ­стандықтардың ауыл ша­руа­шылығы жәрмеңкесі ұйым­дастырылып, қорған­дықтар «Солтүстік Қазақ­станда жасалған» белгісі бар өнімдерге ерекше қызы­ғушылық танытты. Сауда орындарына Петропавл қаласы мен аудандардан 12 тоннадан астам өнім түрлері қойылып, ілезде сатылып кетті. Олардың арасында ет, сүт, жұмыртқа, ұн, бал, шұжық, макарон, жарма, кондитерлік өнімдер үлкен сұранысқа ие болды. Губернатор Алексей Кокоринмен кездесуде Ерік Хамзаұлы Елбасының сыртқы әлеуметтік-экономикалық оң үрдістерді қамтамасыз етуге бағытталған сындарлы саясатына екпін түсіріп, өңірде өндірілген тауарлар мен өнімдерді алыс-жақын нарыққа шығару шекаралас ынтымақтастықты тереңдетуді көздейтінін, еркін бәсекелестіктің басты өлшемі болып табылатын сапа мәселесі үнемі назарда ұсталынатынын, шекаралас аймақтардағы сауда-саттық айналымы жыл басынан бері 31 миллиард теңгені құрап отырғанын жеткізді. Губернатор өз сөзінде бір­лескен кәсіпорындар құруға дайын екендіктерін, оған екі тараптың тәжірибесі де, әлеуеттік мүмкіндігі де жететінін атап өтті. «Араласпаса, ағайын да жат». Осындай кездесу-жүздесулердің пайдалы, та­ғылымды үлгілерін «Кур­ганстальмост» жабық акцио­нерлік қоғамының тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады. Еуропа елдеріне тіреуіш металл құрылғыларын жеткізетін бірегей кәсіпорын Қазақстан нарығында да танымал. Оның өндірістік цехтарында 2 мың адам жұмыс істейді. «Бауэр» атты еншілес компаниясы газ-мұнай, құрылыс салаларына құрал-жабдықтар шығаруға маманданған. Илизаров атын­дағы «Травматологиялық қайта қалпына келтіру және ортопедия» Ресей ғылыми орталығы десе, елең етпейтін жан кемде-кем шығар. «Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, атақты академиктің шарапатын алғандар Қазақстанда да жетіп артылады. Жыл басынан бері осында 150 отандасымыз емделіп шықса, қазір 13 науқас шипа қабылдауда. Жылына 10 мыңға жуық адам қаралады екен. Биыл «академик Илизаров жылы» ретінде жарияланып, марқұмның 95 жылдығын кең көлемде атап өту белгіленген. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер де барлық күш-жігер, алғы мақсат сапа көр­сеткішіне бағдарланғанын іспен дәлелдей білді. Мәсе­лен, жәрмеңкеге Қызыл­жар ауданына қарасты «Алекри» ЖШС-нің жан-жақ­­ты дайындықпен келгені байқалды. Фирманың ат­қа­­ру­шы директоры Люд­мила Мухамедованың айтуынша, жылына 120 миллио­н жұмыртқа ішкі-сыртқы на­рыққа жөнелтіледі. Барлық қондырғылар автоматты жүйеге көшірілген. Жыл аяғына дейін тауықтардың санын бір миллионға дейін жеткізу көзделген. «Зенченко және К» командиттік серік­тестігі шекаралас облыс тұр­ғындарын 2,5 тонна эколо­гиялық таза әрі табиғи сүт өнімдерімен аптасына үш рет қамтамасыз етіп отыр. Өз өнімдерін Мәскеуге дейін жеткізетін «Викос» ЖШС қорғандық «Магнит», «Метрополис» секілді сауда жүйелерімен тығыз әріптестік орнатқан. Солтүстікқазақстандық де­­легацияның жұмыс сапары 16 меморандумға қол қою рәсімімен қорытындыланды. Сондай-ақ, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім, ғылым, туризм және спорт, денсаулық сақтау салаларында өзара іс-қимыл бойынша «Жол картасына» ерекше басымдық берілді. Қорған облысында 15 мыңға жуық қандасымыз тұратынын ескерсек, шек-аралас аймақтарда достық тамы­рының терең түсіністік дәрежеде орнығуының маңы­зы зор. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы Суреттерді түсірген Талғат ТЫНЫБАЕВ