• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
25 Тамыз, 2016

Баландин – «Қазақ фелпсі»

281 рет
көрсетілді

Бүкіл Бразилияны бір мезетте таң қалдырған жеңісінен кейін мамандар мен спорт шолушылары Дмитрий Баландинді бірауыздан «Қазақ Фелпсі» деп атап кетті. Оған себеп 21 жастағы ұланның Риода 200 метрге брасс әдісімен жүзу әдісіндегі сенсациялық көрсеткіші болса керек. Дегенмен, алматылық жүзгіш Ойындарға құралақан келмеген. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100, 200 метрді браспен жүзуде үш «алтынды» қатар алған ол – 2015 жылы Кванджуда өткен жазғы Универсиадада 100 метрге брас­пен жүзуде бір алтын медальға қол жеткізген. Бірақ, келгеннен кейін Санкт-Петербургте болған халықаралық жарыста 100 метрге браспен жүзуде екінші орын алып қалды. Ал 200 метрлік жарыста үшінші орынға табан тіреді. Халықаралық төрешілердің қаталдығы сондай, Азия құрлығындағы тайталас­та 4 алтын алған жүзгішті 50 метрлік қашықтықта «тәртіп бұзғаны» үшін жарыстан шығарып тастады. Диманың бар кінәсі жарыс жолында бассейн ернеуінен кері қайтар кезінде ережеге сай оңтайлы бұрылмағаны екен. Осыдан кейін жанкүйерлер ойланып қалды. Сол қобалжуды Дима Риода серпілтті. Алайда, алғашқы тайталастағы 8-ші орны тағы ойландырып тастаған. Ал финалда жанын салды. Бұл ретте оның сегізінші жолақта жүзгені де дұрыс болған сияқты. Ешкімнің назарын аудара қоймайтын бұл белдеуде жарысу оған біраз артықшылық алып бергендей. Сонымен, Дмитрий Баландин небәрі 3 минуттың ішінде Рио-2016 Олимпиадасының алтын медалін иеленді. Сенсациялық көрсеткішке (2:08,20) қол жеткізді! Қазақстан спортшысы 2015 жылғы әлем чемпионы Марко Кох пен вице-чемпион Кевин Кордесті тіпті жүлдесіз қалдырды! Алматының «алтын баласын» қала әкімі Бауыржан Байбек бас болып таңсәріде Алматыға келіп қонған халықаралық бағыттағы авиалайнерден тосып алды. Қазақстанның спорт тарихындағы жүзуден тұңғыш Олимпиада чемпионына лайықты құрмет көрсетілді. Ал бұл кезде нағыз Фелпс, яғни америкалық жүзгіш Майкл Фелпс Риода Олимпия ойындарының 23 рет чемпио­ны (!) атағын алып, марқайып отырған. Мұндай оқиға Олимпиада тарихында болмаған! Дима – 21 жаста, Майкл – 31 жас­та. Майкл де спортта талай сүрінген, бірақ орнынан тез тұрған. Ол «қазақ Фелпсіне» сабақ болары сөзсіз. Медаль жағына келсек, бұл Фелпс Афинада, 19-ға қараған жасында Олимпиаданың 6 алтын медалін жеңіп алған. Қазір Димада Олимпиаданың соңғы алтынын қосқанда, 5 алтын медаль бар. Соңғы дерек: Фелпстің бойы – 1,93 метр, салмағы – 88 кг, қос құлашының жазылғандағы ұзындығы – 201 см. Дмитрий Баландин көрсеткіштерінің осы өлшемдерге сәйкес келіп тұрғанын қараңызшы. Айтпақшы, Диманың Риода өзіне жанкүйерлік етіп қайтқан анасы Татьяна – конькимен сырғанаудан спорт шебері. Әкесі – Игорь Баландин де спорттан алшақ жүрген жан емес. Алматыда волейбол ойынының түбін түсіргендердің бірінен саналады. Чемпионның отбасы осындай! Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ