Италияда болған алапат жер сілкінісінен қаза болғандар саны 247 адамға жетті, деп хабарлады құтқарушыларға сілтеме жасаған «Франс Пресс» ақпарат агенттігі.
Бұған дейін құтқарушылар зілзала салдарынан қаза болғандар саны 159-ға жеткені және 368 адамның жарақат алғаны туралы хабарланған болатын. Ал із-түссіз жоғалғандардың нақты саны әзірге белгісіз. Сондықтан апаттан қаза болғандар саны әлі көбеюі мүмкін. Ұлттық азаматтық қорғаныс қызметінің өкілі Фабрицио Курсионың айтуынша, құтқару жұмыстары түнде де жалғасқан.
Еске сала кетейік, магнитудасы 6,1 балды құраған жер сілкінісі Италияның Перуджа қаласының оңтүстік-шығысында тіркелген болатын. Оның эпицентрі Рим қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 116 шақырымда, ал дүмпу ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.
Айдар ӨРІСБАЕВ