Рио-де-Жанейро қаласында тамыздың 5-інен 21-іне дейінгі аралықта көрік қыздырған XXXI жазғы Олимпиялық ойындар да тарлан тарихтың төріне озып, өткеннің еншісінде қалып барады. Бұл Олимпиада еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап діңгегі тік көтерілген қазақ спорты туының сол қалпында көкте самғап тұрғанын көрсетіп берді.
Біздің саңлақтарымыз тап осы Ойындар алдында бірқатар таңдаулы, алтын жүлденің бірден-бір үміткері саналған үздіктері сырттан келген соққының салдарынан қатардан шығып қалғандарына қарамастан, бұл аламанда өздерінің елдің намысы, Отанның ар-ожданы жолында барын сарп ете алатын нағыз қаһармандар екендерін танытып шықты. Соның арқасында Қазақстан қоржынына 3 алтын, 5 күміс және 9 қола медаль түсті. Осылайша 17 медальды еншілеген команда мұның алдында Бейжіңде өмірге келіп, Лондонда қайталанған рекордтық деңгейден 4 медаль асып түсті. Мұнда тек алтын медаль жөнінен ғана мұның алдындағы Лондон Олимпиадасынан межемізді түсіріп алсақ, күміс және қола медальдар жөнінен бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жеткіздік. Осы бәсірелі бәсеке алдында ең қатты соққыға ұшыраған ауыр атлеттеріміз шын мәнінде де ерлікке тән әрекет жасап, әлемнің кіл мықты зілтеміршілері күш жарыстырған шайқаста командалық бесінші орынға ие болды. Қазақстан спортшылары сапынан бірінші алтын медальды әкелген де осы зілтемір тарландары болды. Бұл қалған саңлақтарымызға үлкен серпін берді.
Осы Ойындарда республика спортшылары бірінші рет су спорты түрлерінен жай медаль алып қана қойған жоқ, оның чемпиондық тұғырды сыйлайтын алтын жүлдесіне қол жеткізді. Мұның соңын былғары қолғап шеберлері іліп әкетті. Олар ортақ қазынаға 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль әкеліп, бұған дейін Олимпиадалардағы жалпы медальдар санынан артық көрсеткіш көрсетті. Балуан қыздарымыздың ерліктері өз алдына бір төбе! Жеңіл атлетикадағы табысты жол тағы жалғасын тапты.
Осының бәрі спортшыларымыздың Рио төрінде еліміздің жалауын асқақ желбіретіп қайтқанын көрсетеді.
Ал бүгін Астанада олимпиадашыларға құрмет көрсету шарасы өткелі тұр.