Бұл есірткіге елітушілік не істетпейді дерсіз. Бұдан қыруар пайда тауып, қалтасын қалыңдатып жүргендер қаншама? Есірткі негізінен, еліміздің аумағына әр түрлі шым-шытырық, бармақ басты, көз қысты небір қитұрқы жолдармен жеткізілетіні де жасырын емес. Орал өңірінде бұлайша әуре-сарсаңға түспей-ақ, оны өз үйінің ауласында өсіруді әдет еткендер де бар болып шықты. Бұл жөнінде газет тілшісіне Теректі аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Тимур Айтуғанов айтып берді.
Осы ауданға қарасты Ақсуат ауылының тұрғыны К. өз бақшасында қарасора өсіріпті. Қарасора тектес өсімдік – есірткінің бір түрі екені белгілі. Ол осы есірткілік шөпті кәдімгідей күтіп, баптап, қопсытып келіпті. Бұл арадан тоғыз түп қарасора табылған. «Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегендей, осы аудандағы Табылтөбе ауылындағы 62 жастағы Б. деген азамат қарасораның бірден 56 түбін өсіруге тәуекел етіпті. Жайық ауылында да осындай оқиғалар кездескен. Сондай-ақ, ауданда қазіргі күні он төрт килограмнан асатын кептірілген анаша тәркіленген.
Есірткімен еншілес қарасора өсіру – ауыр қылмыстар қатарына кіреді. Сондықтан, осындай лас іспен шұғылданғандарға қатаң жаза қолданылуы әбден мүмкін.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Теректі ауданы