• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Түркістандықтар көрмесінің тарихи келбеті

315 рет
көрсетілді

Ұлт мұрасына ұқыптылықпен қарап, өткенімізді өшірмей, сары алтын сақталған сандықтай болып келе жатқан рухани ошағымыздың бірі – Ұлттық музей болар. Кеше қазыналы қара шаңырақ Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Ұлы Дала тарихы» атты сурет көрмесін ашты.  Көрмеге аталмыш университеттің өнер факультетінің оқытушылары мен магистранттары жасаған 40 қылқалам туындысы қойылды. Түркістаннан жеткен көрме «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» және «Ұлы Даланың ұлы оқиғалары» деген екі бөлімнен тұрады. Сурет­тердің тақырыптары мұқият таңда­лып, университеттің тарихшы-архео­логтары тарапынан көркемдік сарап­тамадан өткен екен. «Көрменің басты мақсаты – Ұлы Даланың тарихи оқиғалары мен ел тағдырындағы орны ерекше тұлғаларын көркемдік тұрғыдан қайта көрсету арқылы жастарды  отансүйгіштікке баулу. Олардың ерен ерліктерін ел есінен ұмыт қалмауы үшін еңбек ету. Осы жаз айларында, демалыс уақыттарында шетелден болсын, өзіміздің қазақстандықтар болсын Астанаға демалып келгенде Ұлттық музейге соқпай өтпейді. Сол кезде біздің осы көрмеге қойған дүниелерімізді көріп, тарихымызбен танысып жатса, біздің еңбегіміздің жанғаны», – деді Қ.А.Ясауи атын­дағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті Уәлихан Әбдібеков. Көпшілік назарына ұсынылған көрмеге «Ботай елді мекені», «Қазақ даласындағы аң аулау өнерінен көрініс», «Сақ басшысы – Алтын адамды жерлеу рәсімі», «Отырар моншасы», «Тайқазан», «Отырар кітапханасы», «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысы» және т.б. суреттерде біздің заманымызға дейін­гі бес мың жыл бұрынғы Ботай мәде­ниетінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы ұлттық тарих пен мәдениеттің артефактісіне айналған мәдени-рухани және материалдық ескерткіштер бейнеленген. Тарихи оқиғалар мен тұғыр­лы тұлғаларымызды бейнелеген көрме 25 қыр­күйекке дейін жалғасады. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»