Боксшы Данияр Елеусінов Қазақстан боксшыларының сонау 1996 жылы Атлантада басталған даңқты жолдарын Рио рингінде лайықты жалғастыра білді. Сөйтіп, республика былғары қолғап шеберлерінің Олимпиадада алтын жүлде алу дәстүрі қатарынан алтыншы рет қайталануын қамтамасыз етіп берді. Бұған қоса, ол 2004 жылы Афина Ойындарында негізі қаланған орта салмақтағы, яғни 69 килоға дейінгі дәрежедегі алтын медальді қазақ боксшысы жеңіп алуы үрдісін қатарынан төртінші рет жалғастыра білді.
Бұдан екі күн бұрын Рио-де-Жанейродан Астана халықаралық аэропортына келіп қонған ұшақтан түскендерді күтушілердің арасында Даниярдың туған-туыстары да көп болды. «Мен оның жеңіске жеткеніне өте қуаныштымын. Ол үшін қатты қобалжыдым. Ал басынан жарақат алып қалғанын көргенімде құлап қала жаздадым. Бірақ бәрінің жақсы болып біткеніне қатты қуандым», – деді боксшының жұбайы әуежай басында.
Жанкүйер қауым Данияр Елеусіновтің жартылай финалда франциялық Сулейман Сиссокомен шайқасының бірінші раундында басынан жарақат алып қалғанын жақсы білсе керек. Сондықтан, дәрігерлердің ұйғарымымен жекпе-жек тоқтатылды. Осы кезге дейін ол қарсыласын ұтып тұр еді. Сондықтан, төрешілер жеңісті бір ауыздан біздің құраманың капитанына берді.
Финалдық айқаста Данияр Елеусінов өзбекстандық Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіріп, өзінің одан күшті екенін танытты. Осылайша, алтын медальдің иегері атанды. Риоға чемпионмен бірге оның әрі әкесі, әрі жаттықтырушысы Марат Елеусінов те барған болатын.
– Мен өзімнің бастан кешкен сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын, – деді бақыттан жүзі бал-бұл жанған ол ұшақтан түскеннен кейін. – Біз бұл жеңіске ұзақ жолдармен жүріп жеттік. Ақырында бәрі қайырлы аяқталды. Осы жолда бізге ұдайы қолдау көрсетіп, сенім білдіріп келген жанкүйерлердің бәріне мың да бір рахмет. Бізге қазір хабарласып жатқандар көп. Олардың арасында таныс емес кісілер де жетерлік. Бірі телефон арқылы лебіздерін білдіріп жатса, екінші біреулері хабарлама жолдап қояды. Осының бәрі тілектестік. Осындай ниеттес адамдардың көптігі бізді қуантады.
Руслан ИГІЛІК