Астанада Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев пен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Олимпия ойындарының чемпиондарымен және жүлдегерлерімен кездесті.
Кездесуге спортшылармен бірге жаттықтырушылар, Олимпиадаға еліміздің делегациясының құрамында барған спорт мамандары қатысты.
Кездесуде ҰОК президенті мен Мәдениет және спорт министрі отандастарымызды жеңістерімен құттықтап, Олимпиадаға қатысты өз ойларын ортаға салды. Онда алдымен Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы сөз алып, спортшыларға ризашылығын білдірді.
– Сіздерді Олимпиаданың сәтті аяқталғанымен құттықтаймын. Олимпиада біздің спортшылар үшін ел намысын абыроймен қорғап, отансүйгіштігімізді көрсететін жарыс алаңы болды. Спортшыларымыздың жеңісі елімізде спортты дамытуда тиісті жұмыстардың жасалып жатқанын көрсетті. Қазақстан Олимпиадада ешқашан 17 жүлде алып көрген емес. Сіздер жарыс алаңында намысқа тырысып, осы медальдарды жеңіп әкелдіңіздер, – деді ол.
Осыдан кейін Мәдениет және спорт министрі сөз алып, спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегін, ұлттық құраманың жарысқа жақсы дайындалғанын, сол үшін Ұлттық Олимпиада комитеті мен жаттықтырушылардың осы іске басынан соңына дейін араласқан басқа да спорт мамандарының еңбегін бас бармақпен бағалайтынын айтты.
Келесі кезекте сөз Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне берілді. Алдымен боксшы Данияр Елеусінов мінберге шығып, ҰОК президентіне Олимпиадада ғана емес, оған дайындық кезінде де көрсеткен қолдауына алғыс білдірді. Одан кейін Олимпиадада алған әсері туралы жүзгіш Дмитрий Баландин де айтып берді.
– Финалда жүзіп болғаннан кейін, таблоға қарасам, ешнәрсе түсінбедім. Қателік болған шығар деп ойладым. Содан кейін ғана құрмет тұғырына шыққанда жеңіске жеткенімді сезіндім. Сол жерде еліміздің Әнұраны шырқалып, көк Туымыз көтерілгенде, бойымды барлық Қазақстан халқы үшін мақтаныш сезімі кернеді. Бұл сезімді жеткізу қиын. Қазақстанға сондай сезімді сыйлағаныма қуандым. Жеңіс тұғырында еліміздің көк байрағының өзгелерден биік тұрғанын мақтан тұттым, – деді Олимпиада чемпионы.
Әйелдер күресінен күміс жүлдегер Гүзел Манюрова да Олимпиададағы спортшыларымыздың жеңісі бүкіл еліміздің ортақ жеңісі екенін атап өтті.
Осыдан кейін бокстан ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов сөз алып, жарыста болған бәсекелестік туралы айтты.
Жиынның соңында Олимпиадада баспасөз орталығының жетекшісі қызметін атқарған Бақытжан Ордабаев Олимпиада жаңалықтарын беріп, репортаж жасаған журналистердің жұмысын жоғары бағалады.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»