• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Дүбірге толы дүние

239 рет
көрсетілді

Таңдау алдындағы тартыс Бұл елде парламент сайлауының өтуіне бір жарым айдан аз уақыт қалса да, үлкен күрестің лебі сыртқа естіле қоймайды. Басқа жерлерде, тіпті бір жыл бұрын-ақ саяси шайқас болып жатады. Сірә, сайлау науқаны мұнда елішілік сипатта жүріп жатса керек. Сөйтсе де, соңғы аптада 8 қа­занда өтетін парламент сайлауына қатысты назар аударарлық екі хабар болды. Біріншісі – елдің Орталық сайлау комиссиясы Ресейге іш тартатын «Грузияның центристік одағы» партиясын сайлауға қатыстырмау жөнінде шешім қабылдады. Сондай-ақ, Грузия Ішкі істер министрлігінің қарсы барлау департаментінің Владикавказ – Тбилиси – Ереван газ құбырын жармақ болғандардың жолын кескендігін де сайлауға қатыстырып отыр. Саяси партияны сайлауға қатыс­тырмау – демократияға қайшы іс. Батыс неге айқайламайды деуге де болар. Тіпті, сол центристердің өзі де оған онша қарсылық көр­сете қоймай, онда басқа партия­лардың қолтығына кіріп, өз идея­мызды білдіреміз дейді. Ал бұлардың идеясы қандай? Цен­тристердің жетекшісі, 1992-1993 жылдарда Э.Шеварднадзе тұсында ішкі істер министрі болған және сол Шеварднадзеге қастандық жасағаны үшін 1995 жылы 11 жылға сотталған Темур Хачишвили Грузия қоғамдық телеарнасы арқылы сөйлеп, өздері билікке келсе, Ресей зейнетақысын беріп, елде Ресей әскери базаларын орналастырмақтарын мәлім­деді. Владимир Путинмен, Мем­думамен келісіп қойғандай сөйледі. Бұл халықты ызаландырды. Телеарна оны көрсетуін доғарды. Партияның сайлауға қаты­суына тыйым салынды. Бұл, әрине, басты жаңалық. Ал газ құбырын жармақ мәселесінің сайлауға қатыстылығы – ол Украи­на басшылығының нұсқау­лығымен жасалмақ болған екен дейді. Оған нақты дәлел жоқ. Тек ұсталғандар ішінде бұрын Украина жағында соғысқандар бар көрінеді. Бұл Грузияның бұ­рынғы президенті, қазір сол Украинадағы Одесса облы­сының губернаторы Михаил Саакаш­вилидің Грузиядағы «Бірегей ұлт­тық қозғалыс» партиясына қарсылықтың бір көрінісі еді. Сірә, бұдан экс-президенттің партиясына үлкен нұқсан келе қоймас. Грузия – парламенттік билік нысанындағы ел. Қазір билік басында – «Грузия арманы» коалициясы. Оны миллиардер Бидзина Иванишвили басқарады. Премьер соның дегенімен тағайындалады. Президент те соның дегенімен сайланып еді, бірақ атқа мінген соң Г.Мергвалишвили оның айт­қанына көнбей кетті. Жаңа сайлау билікті қайта іріктейді. Сөйтсе де, қазіргі биліктегі коалиция өз ұпайларын жоғалта қоймайтын сыңайлы. Сайлау науқаны кезінде саяси партиялар көбіне елдің сыртқы саясатын, бұл салада ұстанар бағытын сөз етті. Белгілі қайраткер Нино Бурджанадзенің парламенттен тыс оппозициялық «Біріккен демократиялық қозғалыс» партиясы конституцияға елдің блоктарға қосылмауы жөнінде өзгерту ен­гізуді ұсынса, парламенттік оппозициялық Республикашылар партиясы конституцияда елдің еуро­атлантикалық кірігуін не­гіздеуді ұсынып отыр. Бұл ұсы­ныс­тар парламентте талқылануы тиіс еді. Бірақ депутаттар жиналмай, кворумға толмады. Жай халық не дейді? Соңғы сауалдамада Еуроодаққа қо­сылу­ды жауап бергендердің 72 пайызы қолдаған, 64 пайызы НАТО-ға кіруді қалайды, 29 пайызы Ресеймен жағдайды жақсартайық дейді екен. Сірә, сайлауда да соны айтатын шығар. Өлшемге сыймайтын өрескел сөздер Биылғы мамыр айында Филиппин Республикасына президент болып сайланған Родриго Дутертенің өркениеттілікке үйлесе бермейтін мәлімдемелері мен әрекеттері жұртты таңдандырған. Билік тізгінін ұстап, жауапкершілікті сезінген соң, өзгерер деген болжам ақталмады, қайта ол өрши түскендей. Оның Біріккен Ұлттар Ұйы­мының атына айтылған ғайбат сөздерін, сірә, бұған дейін ешкім айтпаған да шығар. Егер БҰҰ-ның сарапшылары алдағы уақытта да бізді сынайтын болса, бұл ұйымнан шығамыз дегенін, бәлкім, қабылдауға болар, ал «не үшін біз қайдағы бір нақұрыстарды тыңдауымыз керек?!» – дегені ешқандай өлшемге сыймайтынын дәлелдеп жату артық. Филиппин президентінің на­құрыс деп отырғаны БҰҰ-ның адам құқы және денсаулық жө­ніндегі сарапшылары Аньес Кал­ламар мен Дайнюс Пурас. Олар Филиппиндегі жағдай туралы арнайы баяндамалар әзір­леп, оны жариялаған болатын. Бұған әлем жұртшылығы үн қа­тып, Филиппиндегі адам құқы­ның аяқасты болғанына нара­зылықтарын да білдірген. Дутер­те оған қатты шамданды «Мен сендердің топас сарапшылар екен­діктеріңді әлемге паш етемін», – деп өрекпіді. Даудың мәні мынада. Бұл елде есірткіні пайдалану, оны саудалау және тасымалдау етек алған. Жалпы мәліметтерге қарағанда, бұл жөнінен олар әлемде бірінші орында екен. Елді күйзелтіп бара жатқан құбылыс. Кешегі президент сайлауында Давао қаласының мэрі Родриго Дутерте халыққа есірткіні, жалпы қылмысты жоямын, олармен аяусыз күресемін деген бағдарламамен жеңіске жеткен. Бұған қоса, сол қылмыскерлермен күрес жөнінде біраз «тәжірибесі» де бар. Оның қолдауымен әрекет ететін «Өлім эскадроны» дейтін бейресми топ ешқандай сотсыз-ақ есірткі таситындарды, сататындарды, жалпы қылмыскерлерді өлтіре береді. Әрине, бұл – адам құқына қайшы. Қылмысты сот анықтап, шешімді сот шығаруға тиіс. Дутерте билік тізгінін ұста­ған соң-ақ өзінің Даваодағы «тәжі­рибесін» бүкіл ел көлемінде жү­зеге асыра бастады. БҰҰ-ның баян­дамасында соңғы үш айда (ол президент болған) 900 адам сотсыз-ақ өлімге ұшыраған. Енді бір ақпарат құралдары 1800 деп те жатыр. Өлім жазасына кесетін сот емес, полиция. Атады да тастайды. Ешкімнің алдында жауап бермейді. Президент былай дейді: «Сол сілімтіктерді өлтіріңдер. Жауапты мен беремін!». Бұдан кейін полиция аянбайды. «Өлгендердің ішінде қаншама жазықсыздар кетуі мүмкін, тіпті полиция өзіне жақпағандарды өлтіре салуы мүм­кін», деп адам құқына арашашылар шырылдайды. Дутертенің оларды естігісі жоқ. Науқан күшейіп тұр. 5400 адам тұтқындалған. 560 мың адам «ерікті түрде берілген». Оның мә­нісі: өз еркіңмен берілсең, аман қалуың мүмкін. Әйтпесе, полиция сені ата салуы кәдік. 8 тамызда 7 сот, 95 полицей, 18 мэр «өз еркімен беріліпті». Оларды не күтіп тұр? Белгісіз. БҰҰ-дан шыққанда, Дутертенің пікірінше, біраз ел өздерінше ұйым құрмақ. Оған Қытай, Африканың БҰҰ-ны ұнатпайтын біраз елі кіреді дейді. БҰҰ-дан Қытай шы­ғып, белгісіз ұйымға кіреді де­генге сену қиын, әрине. Бұл ел біздің есірткімен күресімізді қол­дайды деп қуанады Дутерте. 80 миллионнан астам халқы бар ел­дің басшысының мұндай мәлім­демелер жасап, мұндай әркеттерге баруын ақылға сыйдыра алмайсың. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист