• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Жақаев дәстүрін жаңғыртады

381 рет
көрсетілді

 Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында Сыр өңірі жұртшылығы даңғайыр диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығын кең көлемде атап өткелі отыр. Бұл Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты маңызды құжатынан туындайтын ел азаматтарын адал еңбек пен Отанға деген сүйіспеншілігін арттыра түсетін, бірлік пен ынтымаққа шақыратын айтулы оқиға болмақ. Нақты кезеңде дүбірлі тойға дайындық үлкен қарқынмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда Шиелі кенті мен Ыбырай ата өмір сүріп, еңбек еткен бұрынғы Қызылту атауындағы ауылы қайта жаңғыртылады. Ең бастысы, Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы мұражайының жаңа ғимараты сол ауылдан бұрынғы орнына қайта тұрғызылады. Бұл ауылдың сәулетіне көрік қосатын тамаша ғимарат болғалы тұр. Әрине, бұл елдің тойы, жұрттың еңсесін биіктетіп, бірлігін көрсететін, Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» идея­сын жүзеге асыратын көпшілік­тің ықыласын арттыратын той болуы тиіс. Нақты кезеңде аудан орта­лы­­ғындағы орталық – Мұста­фа Шоқай алаңы қайта жаңғыр­ты­луда, Бұдабай атындағы орталық мәдениет үйі 43 млн тең­геге күрделі жөндеуден өткізі­луде. Бұл жұмысты «Прес­тол» ЖШС жүзеге асырса,  Алғабас, Ақмая және Бала би ауылдарындағы ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары да жаңаша кейіпке енгізілмек. Бұл үшін жергілікті бюджеттен жалпы 113 млн теңге қаржы қарастырылған екен. – «Жақсыдан – шарапат» деген халқымыздың сөзі бар ғой, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы және атақты диқан атамыз Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығының мерейлі мерекесі аудан жұрт­шылығына ерекше серпіліс берді. Аталмыш тойды  лайықты табыс­тармен қарсы алу барысында шеткі елді мекен тұрғындары ұйымшылдық танытып отыр. Бұл халықтың ортақ іске деген белсенділігін және алдағы күндерге деген үлкен сенімін білдіреді, – дейді ұйымдастыру жұмысының бел ортасында жүрген аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов. Шиелі – облысымыздағы кө­рікті де көкорайлы жер. Бұрын­ғы әсем ғимараттар қатарын соңғы жылдары тағы бір әдемі орын толықтырды. Ол – Ыбырай Жақаев атындағы саябақ. 2011 жылы басталған бұл істің басында бағбандықтың маманы, ардагер ағамыз Пердәлі Архабаев жүрді. Бұл күндері 10 гектар саябақта 10 мың түптен астам түрлі саялы ағаш өсіп тұр. Әсем бір көрініс, жаңға жайлы мекен. Ортада қара кетпенді құлаштай соғып, жер қыртысын аударған қара шал – Ыбырай атамыздың ескерткіші тұр. – Саябағымыз нағыз демалыс орнына айналып келеді. Аудан басшылығында болған жігіттердің қай-қайсысының да Шиелінің көріктенуіне қосқан өзіндік үлестері бар. Мерейлі мереке қарсаңында парктің тас төсеніштері ауыстырылып жатыр. Сол секілді бассейн мен субұрқақ қайта жаңғыртылып, көпшіліктің мәдени демалысына, балалардың асыр сала ойнауына жағдай жасалады. Басқа да түрлі аттракциондар қою жос­парда бар, дейді ардагер бағбан, осы саябақты ұйымдастырушы Пердәлі ағамыз өз сөзінде. Десе дегендей, саябақтағы ағаштар мен гүлдерді күтумен, тазалығы мен басқа да шаруаларымен 10 адам күнделікті шұғылдануда. Яғни, аудан орталығындағы мәдени орын Ы.Жақаев атындағы саябақтың көркіне көрік қосылып, жайнай түсуі үшін толыққанды жұмыстар атқарылуда. Нұрмахан ЕЛТАЙ Қызылорда облысы, Шиелі ауданы