• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Сертіне берік серіктестік

273 рет
көрсетілді

Үш- төрт жыл қатарынан болған қуаңшылық өңір диқандарының көңілдерін шайлықтырып тастап еді. Алайда, әр көктемге үкілі үміт артатын шаруа қауымы биыл да әлдеқалай болар екен деген күпті көңілмен дән сепкен-ді. Жаң­бырлы жаз олардың бойында үміт отын жаққандай болған. Үміт ақталды, көктемде тұқым сепкен алқап­тарда жайқалған  егін шықты. Қазір оңтүстік аудандар­да егін орағы басталып та кетті. Міне, алғашқылардың қатарын­да алтын дәнді алқапқа орақ салған­дардың бірі – «Қобда- Жер» жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігі. Бұл аудандағы ірі ауылшаруа­шы­лық құрылым болып табылады. Жалпы, егіншіліктің тәуекел аймағында орналасқан бұл өңірде негізінен мал шаруашылығына басымдық беріледі. Бұл серіктестік сенімді серік етіп жыл са­йын егін салып жүр. Егіншілік технологиясын сақтағандықтан болар, қуаңшылық жылдары да жерге қарап қалған емес, аз да болса өнім алып келеді. – Биыл 1900 гектарға жуық алқапқа егіс салғанбыз. Оның 1673 гектары бидай, қалғаны арпа. Алғашқыда күздік арпаға орақ түсірдік. Одан шамамен гектарынан 15 центнерден өнім алдық. Қазір бидайдың дәні толысып, жайқалып тұр. Бұл алқаптарда гектар түсімділігі осы шамада  болады деген үмітіміз бар. Қазір үш тіркемелі «КамАЗ» астық тасымалдауда.  Жақында тағы бір комбайн және «КамАЗ» автокөлігін  шығаруды көздеп отырмыз. Басты мақсат – ауа райының ашық-тығында егінді толық қамбаға құйып алу, – дейді «Қобда-Жер» ЖШС инженері Жоламан Мокин. Егіншілердің бір алқаптан екін­ші алқапқа қоныс аударуына дала қосындағы екі дөңгелекті вагон да тиімді болып тұр. Оның біреуінде егіншілер демалса, екіншісі асхана ретінде пайдаланылады. – Серіктестіктің өз элеваторы, диірмені және «Ақжол» атты нау­байханасы бар. Қазір астықты осы элеваторға құйып жатырмыз. Артығын «Рамазан» ЖШС-на тапсырамыз. Биыл бидайдан қор жасаудың сәті түсіп тұр. Егіншілікпен айналысқанның арқасында өз диірменімізден шыққан ұннан нан пісіріп, оның бір бөлкесі өзімізге қарайтын үш дүкенде небәрі 50 теңгеден  сатылуда. Қазір күніне 700-800 бөлке нан пісіріледі. Мұнда 6 адам еңбек етеді, – дейді «Қобда-Жер» ЖШС директорының орынбасары Шынар Ульянова риза көңілмен. Отыз шақырымға жуық жердегі егін алқаптарынан тасымалданып жатқан астық керуенінде толас жоқ. Серіктестік диқандары ел ырысын жауын-шашынға ұрын­дырмай тез арада жинап алуға жұ­мылуда. Олар уақытпен санаспай еңбек етудің үлгісін көрсетуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы, Қобда ауданы