• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
26 Тамыз, 2016

Өзекті әңгіме өрбіді

225 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін сабақ басталады, ал енді осыған байланысты туындайтын мектеп мәселелері Алматыда өткен дәстүрлі қалалық орта білім беру қызметкерлерінің «Білімді ел – Мәңгілік ел» тақырыбындағы тамыз педагогикалық кеңесінде жан-жақты талқыланды. Сонымен, Абай атындағы Қа­зақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өт­кен жиында Білім және ғы­лым министрі Ерлан Сағадиев, Ал­ма­ты қаласының әкімі Бауыр­жан Байбек, сондай-ақ,  қала­лық мәсли­хаттың депутаттары, БҒМ қыз­­меткерлері, ардагер пе­да­гог­тар, жалпы білім беру мекеме­лері­нің басшылары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сөз алды. Қалалық Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашеваның мәлімдеуінше, қазір Алматыда 244 орта білім беру мектебі жұмыс іс­тейді. Оларда 210 мыңнан астам оқушы бар. Соңғы жылдары мектептерде оқушылардың саны күрт өсуде. Тек өткен жылдың өзінде өсім – 10 мың адамнан асты. – Бұл жерде қазақтілді мек­теп­тердегі шәкірттер санының артып жатқандығын атап өткен жөн. Егер, 2015 жылы мемлекеттік тіл­де білім алатын оқушылардың саны – 90 мыңды құраса, 2016 жы­лы олардың саны – 96 мыңға жет­ті. Биыл қазақ тілінде білім беретін жаңа физика-математика мектебі пайдалануға беріледі. Онда  жаңартылған білім беру бағ­дар­ламасы, сондай-ақ, халық­ара­лық инновациялық технологиялар енгізілетін болады, – деді Рахат Шимашева. Жиын барысында биыл Ұлт­тық бірыңғай тестілеу қоры­тын­дысы бойынша,  республикамызда 19 түлек ең жоғары көрсеткіш – 125 балдан жинаса, оның ал­тауы – алматылықтар, яғни №12, №159, №162, №175 және №178-ші мектептердің түлектері екені ай­тылды. – Бір айта кетерлік жайт, олар­дың барлығы қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқы­ған! Қаламызда биылғы мектеп тү­лектерінің 44 пайызы тестіл­еуде – 100 балдан жоғары жинады. Бұл республикалық көрсеткіш­тен 25 пайызға жоғары! 254 түлек «Алтын белгіге» ие болды, – деді Ал­маты қаласы Білім басқар­ма­сының басшысы. Сол сияқты бес күндік оқу аптасына ауысу барысында сенбі күні де мектеп оқушылары үшін қо­сымша білім алу күніне айналуы тиістігі сөз болды. Қарап отырсақ, ата-ана үшін де, мұғалімдер үшін де бала­лардың сабақтан тыс кездегі уақыт­тарын өздеріне пайдалы ету қай кезде де өзекті. Тамыз кеңе­сінде үйірмелер мен спорт секция­лары  бойынша да жұмыстарды күшейту қажеттігі қаралды. Оған қоса, бүгінгі таңда білім са­пасын арттыру мақсатында ин­клюзивті білім беруге барынша көңіл бөлуге қатысты шаралар легі айтылды. Алқалы жиында сөз алған Білім және ғылым министрі Ер­лан Сағадиев әңгімені бала­бақ­шалардан бастады. Соңғы жыл­дары бүлдіршіндерді балабақ­шалармен қамту көрсеткіші үздіксіз жақсарып келе жатқанын атап өткен жөн. Қазір елімізде 450 мың балабақша бар. Жекеменшік балабақшалар саны 10200-дей болады. Бүгінде 400 мыңдай бүл­діршінді балабақшаға жіберу үшін мемлекеттік тапсырыс жа­салынған. Министрдің айтуынша, қазіргі кездегі өзекті мәселенің бірі – мек­тептерде мемлекеттік тілді да­мы­туда жаңа оқу әдістемелерін енгі­зу болып отыр. Орыс тілінде білім беретін мек­тептерде қазақ тілі пәні оқыты­латынына қарамастан, оқушылар мемлекеттік тілді қолданбайды. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгерудің жаңа әдістемелерін енгізу қажет. Бұл іске біз отандық ғалымдар мен әдіскерлерді шақы­рып отырмыз. Яғни, қазір жаңа әдістемелердің жобасы дайын, – деді ол ойын түйіндеп. Педагогикалық кеңес мұға­лім­­дердің жалақысы, кадр­ларды даяр­лау сапасы, бірегей оқулық­тар базасы сияқты проблемаларды аттап өтпейтіні аян. Жиында министр, сондай-ақ, білім беру мекемелерінің басшылары мен ата-аналар комитетін мек­теп формасына қатысты елді дүр­ліктірмеуге шақырды. – Мектеп директорлары мен ата-аналар комитетіне үлкен өтініш, мектеп формасын сатып алуға қатысты дүрбелең ту­ғыз­баңыздар. Мектеп формалары оқу жылының алғашқы тоқсанына дейін сатып алынсын. Оқу жылы жақындағанда барып, қимылдай бастайтынымыз түсінікті ғой. Мек­теп формасына қатысты анау айтқандай талаптар жоқ. Тек сіздерден өтінерім, осының бар­лығы уақытымен жасалсын, – деді білім саласының бірінші басшысы. Осыдан кейін министр мемлекет тарапынан еңбектері еленген мұғалімдерді марапаттады. Салтанатты сәттен кейін сөз кезегі қала әкімі Бауыржан Бай­бекке тиді. Қала әкімі соңғы бес жыл бойы Алматы ҰБТ нәтижесі бойынша көшбасшылықты бер­мей тұрса, ол да білікті мұға­лім­дердің еңбегінің нәтижесі екен­дігін айта келе, ұстаздардың жаңа ақпараттық технологияларды бір кісідей меңгеруіне қатысты жәйт­терді жан-жақты баяндады. Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шыға­рылып, білім беру мекемелерінің алдағы 2016-2017 оқу жылына даярлығы, білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Самат ҚҰСАЙЫНОВ