• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2016

Күміс жүлдегерлер

565 рет
көрсетілді

Гүзел Тагирқызы МАНЮРОВА Балуан. Еңбек сіңірген спорт шебері Астана қаласы 1978 жылы 24 қаңтарда Ресей Федерациясы Мордва Республикасының астанасы – Саранск қаласында туған. 2010 жылғы қаңтардан бері Қазақстан Республикасының азаматы. – Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 75 кг; – Олимпиялық ойындардың қола жүлдегері (Лондон, 2012), 72 кг; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Страткона, 2012), 72 кг; – Азия ойындарының чемпионы (Гуанчжоу, 2010), 72 кг; – Азия ойындарының күміс жүлдегері (Инчхон, 2014), 75 кг; – Азия чемпионы (Нью-Дели, 2010), 72 кг; – Азия чемпионы (Ташкент, 2011), 72 кг; – Азия чемпионы (Куми, 2012), 72 кг; – Азия чемпионы (Астана, 2014), 75 кг. «Құрмет» орденінің иегері. Ресей құрамасы сапында 2004 жылғы Афина Олим­пиа­дасының күміс жүлдегері (72 кг), әлемнің 2007 жылғы күміс жүлдегері (Баку, 72 кг), Еуропаның 2004 жылғы чемпионы (Хапаранда, 72 кг), 2008 жылғы күміс жүлдегері (Тампере, 72 кг), 2007 жылғы қола жүлдегері (София, 72 кг) атанған. Жаттықтырушысы: Александр Колыванов. Боз кілемнің ардагері атанатындай жасқа жақындап қалған Гүзел Манюрованың Рио-де-Жанейродағы Олим­пия­лық ойындардың финалына де­йін жетуінің өзі үлкен ерлікке пара-пар нәр­се еді. Осында 75 килоға дейінгі сал­мақ­та ел намысын қорғаған атлет алтын медаль үшін таласта арыстандай алыс­ты. Бі­рақ өзінен он жастай кішілігі бар қар­сы­ласы – канадалық Эрика Уибе шалым­ды да алымды көрінді. Басында біраз ыр­ға­­сып жүр­ген балуандар ақырында ашық айқасқа кетті. Сол кезде жас бәсекелестің тың екені көрініп қалды. Дегенмен, Гүзел оңайлықпен беріле қоймады. Ол ақырына дейін айқасып бақты. Қос қарсылас арасындағы белдесу аса тартысты өтті. Бірінші кезеңде Эрика 2 ұпай алып, алға шықты. Екінші кезеңде канадалық балуан оған тағы екі ұпай қосты. Қорытынды есеп 4:0. Нәтижесінде Уибе басым түсті. Алтын медаль соның қанжығасында кетті. Ал Манюрова Қазақстанға бесінші күміс медальды сыйлады. Біздің атлет бұған Мажарстан үміті Жанетт Неметті, одан кейін ширек финалда камерундық Аннабель Әлиді жеңген болатын. Ал жартылай финалда Гүзел ресейлік Екатерина Букинамен кездесуді аса қиын жағдайда өз пайдасына шеше білді. Ол белдесу аяқталуына 8 секунд қалған кезде жеңіліп жатыр еді. Кенет шалт қимыл көрсетіп, қарсыласын алып ұрды да, ақырына дейін апарып, жауырынын жерге тигізді. Осымен Гүзел қатарынан үшінші рет Олим­­пиа­дада жүлдегерлер сапынан көрінді.  Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Әділбек Сәбитұлы НИЯЗЫМБЕТОВ Боксшы. Еңбек сіңірген спорт шебері Ақтау қаласы 1989 жылы 19 мамырда Өзбекстанның Қарақалпақ Республикасы астанасы – Нөкіс қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Лондон, 2012), 81; – Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 81; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Баку, 2011), 81 кг; – Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Алматы, 2013), 81 кг; – Азия ойындарының чемпионы (Инчхон, 2014), 81 кг; – Азия чемпионы (Бангкок, 2015), 81 кг; – Азияның күміс жүлдегері (Амман, 2013), 81. «Құрмет» орденінің иегері. Жаттықтырушысы: Марат Исағалиұлы Жәкиев. Рио Олимпиялық ойындарында күміс медаль жеңіп алған бокс­шы Әділбек Ниязымбетов былғары қолғап шеберлері арасында жиі кездесе бермейтін тұрақты нәтижеге қол жеткізді. Ол осылайша 2012 жылы Лондонда өткен Ойындардағы жетістігін қайталады. Қалай дегенде де, қатарынан екі Олимпиаданың финалына шығу оңай емес-ті. Ұлының Олимпиададағы өнеріне тәнті болған әкесі Сәбит Ниязымбетов финалдық айқас аяқталған бойда: «Мен үшін ұлым – чемпион» деген еді. Біз де солай ойлаймыз. Әділбек Бразилия жерінде де намысты қолдан берген жоқ. Ол нағыз чемпионша шайқасты. Ұрыстарының бәрін классикалық үлгіде, өте таза етіп өткізді. Бірақ топжарғанның өзі кілең екінші позицияда қалып қоя бергеніне ренішті сияқты. «Әрине, Рио Олимпиадасы мен үшін бұған дейінгі Олимпиялық ойындардан ауыр болды. Шынын айтсам, мен онда алтын медаль үшін барғанмын. Халықтың, бапкерлерімнің үмітін ақтай алмағаныма байланысты қазір мүлдем көңіл-күйім жоқ. Бұл сезімнен жақын уақытта арыла алмайтын да секілдімін. Әлбетте, Олимпиаданың «күмісін» алу екінің бірінің қолынан келмейді, сонда да болса, мен әлденемді жоғалтып алған сияқтымын», – дейді Әділбек Ниязымбетов. Сондай-ақ, ол қазіргі таңда бокспен қоштасу туралы да ойланып жүргенін айтып қалды. Әзірге беліндегі жарақатын емдетіп жатқан боксшы бапкерлерімен ақылдасып болған соң нақты шешімге келетінін айтады. «Әзірге нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бұл мәселені жаттық­ты­ру­шыларыммен тағы ақылдасып шешермін. Қазір демалып аламын, өзіме келуім керек. Адамға ең алдымен денсаулық қажет. Сол кісілер­мен сөйлесейін, бокста қалатын-қалмай­тынымды содан кейін шешеміз», – деп ойын тиянақтады боксшыі. Әділбек Ниязымбетов финалда өзінің байырғы қарсыласы, кубалық Хулио Сезар Ла Крузбен кездескен еді. Бұған дейін бұл екі боксшы әлем чемпионаттарының финалында және Қазақстан Президенті Кубогы үшін турнирде ұшырасқан болатын. Осы жолғы жеңісімен Бостандық аралының өкілі бұл жекпе-жектерді 3:1 етіп, өз пайдасына шешіп тұр. Руслан ИГІЛІК Елдос Бақтыбайұлы СМЕТОВ Дзюдошы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Тараз қаласы 1992 жылы 9 қыркүйекте Тараз қаласында туған. – Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 60 кг; – Әлем чемпионы (Астана, 2015), 60 кг; – Азия ойындарының чемпионы (Инчхон, 2014), 60 кг; – Азияның қола жүлдегері (Бангкок, 2013), 60 кг. Жаттықтырушысы: Ермек Иманбаев. Қазақ жастары арасында дзюдодан әлем чемпионы атағына бірінші болып қол жеткізген Елдос Сметов Рио-де-Жанейродағы айтулы аламанның бірінші жарыс күнінде күміс медаль алып, Асхат Жіткеевтің 2008 жылғы Бейжіңдегі жетістігін қайталады. Ол финалда Беслан Мудрановпен белдесудің қосымша уақытында бір әдіске түсіп қалып, бас жүлдеге жете алмады. Белдесудің негізгі уақыты 0:0 есебімен тең аяқталған. Алғашқы ұпай үшін болған соңғы кезеңде ресейлік балуан 10 ұпай еншілеп, жеңісті қарсыласынан жұлып алды. Ал ел-жұрты Елдостың осы күміс медалінің өзін үлкен табысқа балап, қатты қуанып жатыр. – Кішкентай кезімнен тек қана бірінші орын аламын деген үлкен мақсат қойғанмын. Бес жасымның өзінде қолыммен жерді тіреп жүре алатынмын. Және сол жасымның өзінде түрлі сальтоларды қиналмай жасап, шпагатқа еркін отыратынмын. Ағаларым Бақберген, Жандоспен жаттығу залына барған кезімде өзім білетін спорттық элементтерге қосымша, жаңаша бір дүниелер қосып өнерімді көрсетіп жатқанымда, жаттықтырушым Ахмет Жұмағұлдың: «Мына бала кім?» деп таңырқай қарағаны жадымнан өшпек емес. Сол залдағы дзюдо күресінің тәсілдері маған бірден ұнады. Көңіліме қонды. Жаттығып жүрдім. Уақыт өте келе отбасымнан кәсіпқой спортшы болып мен ғана қалдым, – дейді өткен шақты еске алып Елдос. Елдостың жарқын жеңістерінің бірі – 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарындағы алтын жүлдесі. Аталмыш додаға тыңғылықты дайындалған сайыпқыран Азия ойындарында атой салу үшін Челябинскіде өтетін әлем чемпионатын «құрбандыққа» шалып жіберді. Төрт жылда бір өтетін құрлықтық додада қарсыластарының алды болуды мақсат еткен Елдос үшін бұл сынның бәсі жоғары болатын. Мұнда ол ақтық сында моңғолдың мықты балуаны Болдбаатар Ганбатты сабасына түсіріп, чем­пиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша ол Азия ойындарында дзюдо күресінен алғаш рет чемпион атанған қазақ баласы ретінде тарихқа енді. Азия ойындарында өзінің шын мықты екенін дәлелдей білген Елдос бұдан кейін біраз додаларға түсті. Соның бәрінде жұлдызы жанып жүрді. Енді тараздық тарлан Токиода топ жаруды армандап жүр. Оралхан ДӘУІТ,  «Егемен Қазақстан» ТАРАЗ Василий Алексеевич ЛЕВИТ Боксшы. Спорт шебері. Астана қаласы 1988 жылы 24 ақпанда Қостанай облысы, Фёдоров ауданы, Фёдоров кентінде туған. Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 91 кг; – Азия чемпионы (Чжухай, 2009), 91 кг. Қазақстандық 28 жастағы боксшы Василий Левиттің ресейлік Евгений Тищенкомен финалдық айқасы әлі талай жерде жыр болатын сыңайлы. Кейінгі кездері екі жақты да жақтаушылардың көбейіп келе жатқаны байқалады. Әйткенмен, бір нәрсе айқын: Василий Олимп шыңына шығу үшін ешбір аянған жоқ. Ол осы жолы чемпион  болмаса да, соған әбден лайықты екенін көрсетіп берді. Ал бұған дейін, 2009 жылы Азия чемпионы дегеннен өзге, халықаралық аренада бірде-бір үлкен табысы жоқ боксшының жарты әлемді бұлайша өзіне қаратуы шын мәнінде үлкен ерлік еді. – Менің боксшы болып қалыптасуымның алғашқы негізін қалаған бүгінде марқұм болып кеткен Асылхан Бұсырманов есімді жаттықтырушым еді. Сол кісінің табанды еңбегі мен ыждағатты әрекетінің арқасында мен шын мәнінде боксшы болып шықтым, – дейді Василийдің өзі қазір өткен өмір жолдары туралы сөз еткенде. Сөйткен боксшының бақ жұлдызы жасы 21-ге келгенде жанды. Ол 2009 жылы Қазақстан чемпионатында озды. Алтын медаль үшін таласта өзінің жерлесі Жан Кособуцкийді ұпай санымен ұтты. Сол жылы маусым айында Қытайдың Чжухай қаласында өткен Азия чемпионатының финалында алаң иелерінің үкі таққан үміті Ли Бинді екінші раундта іске алғысыз етіп сабап, құрлықтың да мықтысы атанды. Ал қыркүйек айында Италияның Милан қаласында жалау желбіреткен әлем біріншілігіне қатысып, 1/16 финалдық екінші ұрысында итальянның тәжірибелі боксшысы Клементе Руссоға жол берді. Бұл сәтсіздік келесі жылы да жалғасты. Алдымен Қазақстан чемпионатының финалында манағы Жанға есе беріп қойды. Содан кейін Қытайдың Гуанчжоу шаһарында шаршы алаңды тербеткен Азия ойындарының 1/8 финалында сириялық Мохаммед Чоссоуннан ұтылып қалды. Риодағы бокс турнирінде Василий Левит теңдессіз төрт ұрыс өткізді. Оның біріншісінде қытайлық Ю Фенгкайды үшінші раунд­та техникалық нокаутпен жеңді. Екінші шайқасында маврикиялық Джемс Кеннеди ст. Пиеррені, ал жартылай финалда кубалық Эрисланди Савонды ұпай санымен тізе бүктірді. Бұл жеңіс оған күміс медаль болып оралды. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» АСТАНА Жазира Әбдірахманқызы ЖАППАРҚҰЛ Ауыр атлет. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Шымкент қаласы. 1993 жылы 22 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы, Мақталы ауылында туған. – Олимпиялық ойындардың күміс жүлдегері (Рио-де-Жанейро, 2016), 69 кг; – Әлемнің күміс жүлдегері (Алматы, 2014), 69 кг; – Әлемнің күміс жүлдегері (Хьюстон, 2015), 69 кг. Жаттықтырушысы: Рашид Төлегенов. Ауыр атлет Жазира Жаппарқұл да ірі халықаралық жарыстарда кіл күміс медаль алатындығымен көзге түсіп жүр. Ол өзінің бұған дейінгі әлем чемпионатында алған осындай күміс жүлде үрдісін Риода да жалғастырды. – Мен өзі «күміс қыз» болдым ғой, – деп емен-жарқын күледі атлеттің өзі. Ол сонымен бірге 2020 жылы Токиода өтетін кезекті Олимпиялық ойындарда алатын жүлдесі алтын болатынын да айтып қояды. Лайым солай болсын! Жазира Бразилияда қазақ жастары арасында Ойындардың жүлделі тұғырына бірінші болып көтерілу құқына қол жеткізді. Сайыста 69 килоға дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз қос жаттығу қорытындысында 259 килоны бағындырып, алдына тек қытайлық спортшыны ғана жіберіп алды. Жұлқа көтеруде әуелі 111 килоны қиналмай көтерген атлет екінші талпынысында 115 килоны асыра алды. Ал үшінші талпынысында 117 килолық снарядты икемге көндіре алған жоқ. Мұндағы басты фаворит саналған Қытай ауыр атлеті Сян Яньмэй жаттығудың бұл түрін 116 кило көрсеткішімен бітірді. Серпе көтеру жаттығуын Жазира сәтсіз бастады. Тапсырыс берілген 140 килолық зілтемірді бірінші ұмтылысында көтере алмаған ол қалған екі мүмкіндігін дұрыс пайдаланды. Сөйтіп, алдымен – 140, сосын 144 килолық штангыны көтерген қазақ қызы екінші орынға тұрақтады. Біз осы күндері Жазираның Арыс қаласының түбінде туып-өскен ауылы – Мақталыға арнайы барып-қайтқан едік. Қазақ қыздары арасынан тыңнан түрен салғандай болған оның спорттағы қазіргі табыстарына бүкіл ел-жұрты болып қуанады екен. Олар Жазираның алдағы алатын асулары бұдан да жоғары болатынына риясыз сенеді. Біз де сондай сенімдеміз. Ғабит САПАРБЕКОВ ШЫМКЕНТ