• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2016

Елбасы халықаралық конференция отырысына қатысты

292 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы «Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру» атты халықаралық конференцияның пленарлық отырысына қатысты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады. Семей ядролық полигонының жабылғанына 25 жыл толуына орай өткен конференция жұмысына мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, дипломатиялық корпустың, ғылым мен білім саласының өкілдері, көрнекті қоғам қайраткерлері, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінен шетелдік қонақтар қатысты. Елбасы конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін Қазақстан Президенті сыйлығын тағайындау туралы көтерілген бастамаға ризашылығын білдірді. «Жалпы, мен бұл бастаманы қолдаймын. Мүмкін оны Ядролық қарусыздандыру үшін берілген сыйлық деп атаған жөн болар, оның атауын қайта ойластыру қажет. Біз ақылдасып, бұл сыйлықты тағайындау туралы шешім қабылдайтын боламыз», – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы 1991 жылғы 29 тамызда еліміз үшін де, бүкіл әлем үшін де тарихи маңызды оқиға болғанын атап өтті. «Ширек ғасыр бұрын біздің жеріміз бен халқымызға 40 жылдай азап тартқызған милитаризмнің ең сұрапыл сынағы заңды түрде тоқтатылды. Біздің шешімімізден кейін барлық жетекші ядролық державалардың полигондарының үні шықпай қалды, алайда олардың ешқайсысы әлі күнге дейін жабылған жоқ. Қазақстан – мұндай қадамға барған алғашқы ел. Біздің халқымыздың қалауы солай болды. Бұл оқиғаның барша әлем үшін маңыздылығы осында», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті ширек ғасыр ішінде біздің республикамыз бейбітшілікке, ядролық қарудан азат болуға бастайтын тиімді модельді қалыптастыра алғанын айтып, оны барлық елде қолдану жөнінде ұсыныс жасады. Мемлекет басшысы ядролық қару арқылы өзін-өзі жою қаупін азайтуға және бейбітшілікті бірте-бірте демилитаризациялауға бағытталған бірқатар ұсыныстар айта келіп, мұның халықаралық қарым-қатынаста терең ментальді өзгерістерді, көптарапты жаңа саяси шешімдерді, жоғары деңгейдегі сенімді қажет ететіне назар аударды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев конференцияға қатысушылар айтқан ұсыныстар бүкіл әлемдегі саясаткерлер мен ғалымдардың құлағына жетеріне сенім білдіріп, жиналғандардың жұмысына жеміс тіледі. Сондай-ақ, іс-шара барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша халықаралық ұйымдар мен шет ел үкіметтері өкілдері баяндама жасады. Айдар ӨРІСБАЕВ