• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Еліміз барлық әлеуметтік міндеттерін орындайды

512 рет
көрсетілді

Мемлекет қызметіндегі ең негізгі мәселе – әрбір қазақстан­дық­тың игілігі, оның тұрмыс-тір­ші­лігінің сапасын жақсарту, елі­міздің нығаюы мен одан әрі саяси және эко­номикалық өсуі, оның тұрақ­тылығы мен қауіпсіздігі. Нақ осы мақсаттар мен идеялар елі­міздің Тұңғыш Президенті, Елба­сы Н.Ә.Назарбаевтың саяса­тын­да­ғы негізгі мәселелер болып табылады. Еліміздегі реформалар Президент Н.Ә.Назарбаев таңдаған және халық қолдаған, қоғамның бар­лық мүшелері үшін теңдік пен әділдік қағидаттары сақталатын және қорғалатын, нарықтық эко­номикасы бар күшті, тұрақты, да­мыған және демократиялық мемлекет құру бағытының дұрыс­ты­ғын көрсетті. Бұл күндері бүкіл ел Прези­денттің 2011 жылға арналған ха­лыққа Жолдауының негізгі ережелерін талқылауда. Биылғы Жолдау «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» деп аталып, лейтмотиві мемлекеттің әлеуметтік са­ласын жаңғырту болды. Мемлекет басшысы білім беруді, ден­саулық сақтауды және тілдерді дамытуға арналған маңызды мем­лекеттік бағдарламаларды бекітті. Сондықтан да, барлық мемлекеттік органдар Президент Жол­дауын орындауға жұмыла кірісуі керек, ал Парламент депу­тат­тары, «Нұр Отан» халықтық-де­мократиялық партиясының парламенттік фракциясының мүше­ле­рі ретінде біздің міндетіміз Ел­басы қойған жоғары мақсаттарға қол жеткізуге арналған рефор­ма­ларды заңнамалық тұрғыдан қам­тамасыз ету болып табылады. Елбасы биылғы Жолдауында атап өткеніндей, білім беруді жаңарту жалғастырылуы қажет. Жоғары білім беру сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болып, елдің жоғары оқу орындары әлемдегі жетекші университеттер рейтингіне енуге ұм­тылуға тиіс. Осыған байланысты, білім беру саласында Астанада құрылып, тіпті табысты жұмыс істеп отырған «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Қоры» және «Назарбаев Зияткерлік мек­тептері» сияқты бірегей оқу орындары сипатындағы жобалар айрықша басымдыққа ие болады. Қазіргі таңда университеттік білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз ету мін­деті алға қойылып отыр. Сон­дықтан, «Назарбаев Университеті» базасында жоғары оқу ор­ны­ның инновациялық моделі қа­лып­тастырылуда. «Ол бүкіл қа­зақ­стандық жоғары оқу орын­да­ры үшін үлгі болуға тиіс», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Жолдауында. Депутаттар университет ту­ра­лы ұсынылған заң жобасында «Назарбаев Университеті» мен «Назарбаев Зияткерлік мектептерін» ұйымдастыру үшін оның ішінде ғылыми тұрғыда, оларды лицензиялаудан босату бөлігінде бұрын болмаған жеңілдіктерді қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, депутаттар «Назарбаев Уни­верситеті» мен оның салалық ғылыми орталықтарын ғылым саласындағы аккредиттеуден бо­са­туды көздейтін норма енгізді. Тағы бір қызмет бағыты – ғы­лым саласы. Оны дамыту ісі ин­но­вациялық экономиканы қалып­тастыру қазіргі кезде Қазақстан Республикасының ұлттық басым­дығы болып табылатынына бай­ланысты деген қағидадан туын­дайды. Президент халыққа Жолдауында «Біз университеттік білім мен ғылымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз», деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы атап өт­кен­дей, мемлекетіміздің бәсе­кеге барынша қабілетті елдер қатары­на кіруінің стратегиялық мақсат­та­рын жүзеге асыру ба­сым­дық­тарының бірі денсаулық сақтау ісі болып табылады. Осы орайда Тұрақты даму стра­тегиясын нақ­тылап алуымыз қажет. Жалпы, бүгінде денсаулық сақтауды қаржыландыру артты. 2013 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталатын болады. Осы негізгі реформалар Үкі­мет пен Парламенттің бірлескен жұмысының нәтижесінде заңнама­лық тұрғыдан қамтамасыз етіл­­ді. 2007 жылы Мәжіліске «Халық денсаулығы және денсаулық сақ­тау жүйесі туралы» кодекс жо­басы енгізілді. Оны әзірлеп, қа­былдау республикадағы әлеумет­тік жүйені жақсартуға байла­ныс­ты және ол ұлттық медицинаның мәртебесін көтеруге, денсаулық сақтау саласындағы заңнаманы кодауға, оны халықаралық стандарттармен үйлестіруге, азамат­тар­ға медициналық қызмет көр­сету дәрежесін жақсартуға, қоғам денсаулығы мен денсаулық сақ­тау мәселелеріне қоғамның қа­ты­насын өзгертуге бағытталған. Тілдерді, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту мәселесі Пре­зиденттің биылғы халыққа Жол­дау­ындағы оңтайлы мәселелердің бірі болды. Өйткені, бұл – біздің көп тілді және көпконфессиялы қоғамымыздағы бейбітшілік пен келісімнің негізі. Мемлекет басшысы 2017 жылы мемлекеттік тілді мең­герген қазақстандықтардың саны кемінде 80%, ал 2020 жылы кемінде 95 % болуы керек, ал он жылдан кейінгі мектеп бітірушілер мемлекеттік тілді толық мең­геруі керек деген міндет қойды. Көп ұлтты Қазақстанның сан қырлы әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірі мәде­ниеттің аса маңызды рөлі мен республиканың тұтастай рухани өмірінің куәсі. Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясында Қа­зақстанда тұратын барлық ұлт­тар мен ұлыстар өкілдерінің ұлт­тық және азаматтық тең құқық­тарына кепілдік берілген, олар­дың тілі мен мәдениетін дамы­туы үшін жағдай жасалған. Сондықтан да «Мәдениет ту­ра­лы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касы­ның Заңына түзету енгізу осы үдерістің маңызды кезеңі болды. Заң жобасында мәдениет үшін ма­ңызды бірқатар нормалар енгізілді, онда ұлттық фильмдердегі бас­тапқы киношежіре материал­дарын ұлттық мәдени құнды­лықтың ажырамас бөлігі ретінде сақтау көзделген. Сонымен қатар, 2012 жылдан бастап Қазақстанда прокаттық куәлік алу үшін шетелдік фильмдер міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы тиіс деген норма енгізілді. Әлеуметтік қамсыздандыруда зейнетақы жүйесінің орны ерекше. Реформалаудың нәтижесінде елімізде аралас-ынтымақты және жинақтаушы зейнетақы жүйе­сі құрылды. Зейнеткерлер­дің 1,6 миллионнан астамы ын­тымақты негіздегі зейнетақы тө­лемдерімен қамсыздандырылады. Жыл сай­ын зейнетақы көтері­лу­де, оған индекстеу жүргізілуде, және соң­ғы жылдары зейнетақы тө­лемдерінің номиналдық өсуі тұтыну бағалары индексінің өсуінен басып озды. Парламентарийлер алдында сөз сөйлегенде Мемлекет басшы­сы нәсілдік, ұлттық және діни тиесілігіне қарамастан, Қазақстан азаматтарының нақты теңдігін қамтамасыз ететін құқықтық нор­ма­ларды бекіту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жө­ніндегі жұмысты заң шығарушы­лар одан әрі жалғастыруы керек екенін ерекше атап көрсетті. Осыған байланысты мынаны атап өткім келеді. Ерлер мен әйел­дердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы (ген­дерлік теңдік), сондай-ақ тұр­мыстық зорлық-зомбылықтың ал­дын алу мен жолын кесу ту­ра­лы заңдардың қабылдануы қоғам үшін өте маңызды. Басталған 2011 жылдың та­рихымыздағы орны ерекше. Ол – Тәуелсіздігіміздің жиырма жыл­дығы. Осы жылдардағы Қазақ­стан Республикасының жетістіктері, оның дамуы мен алға басуы, ха­лықаралық беделі Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың қыз­меті­мен тығыз байланысты. Біз­дің жеңістеріміз бен жетістіктеріміз, халықтың тұрмыс-тіршілігі­нің жақсаруы – Мемлекет бас­шысы жұмысының, оның елімізді әлемдегі ең жоғары деңгейге көтеру жөніндегі күш-жігерінің нәтижесі. Динар НӨКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, «Нұр Отан» ХДП парламенттік фракциясының мүшесі.