Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы Сұлтан Сартаев Қазақстан Республикасының дамуын құқықтық қамтамасыз етуде елеулі еңбек сіңірген ел тұлғаларының бірі. Республика жұртшылығы Сұлтан Сартайұлының тәуелсіз еліміздің Ата Заңдарын қабылдаудағы қажырлы еңбегін айрықша бағалайды. Бүгінде тоқсанның төрінде отырған академик ағамызды мереке құрметіне орай әңгімеге тартқан едік.
– Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған соң қысқа мерзім ішінде, яғни 1993 және 1995 жылдары Ата Заңымыз екі рет қайта қабылданды. Мұндай шешім неге қабылданды?
– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұжырымдауынша Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы ымырашылдық (компромистік) Конституция болды. Сол тұстағы қазақстандық қоғам «демократиялық масайрау», «бостандық пен тәуелсіздіктен масайрау» көңіл күйін кешті. Ол рас та еді. Әрі тіл, қос азаматтық мәселелері, этностық мүдделерді саудаға салу, тағы басқа келеңсіз жайттар қоғам дамуының ырғағына селкеу түсіре бастағаны да байқалды.
1995 жылғы Конституцияның 18 жоба үлгісі дайындалғанын айтайын. Бұл бір еліміз басынан өткеріп жатқан өте күрделі кезең еді. 13-ші шақырылған Жоғарғы Кеңестің лигитимді еместігі, Үкіметтің отставкаға кетуі, одан саяси дағдарысты сейілтудің алғашқы қадамы ретінде 1995 жылдың 1 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, сол жылғы 29 сәуірде Президенттің өкілеттік мерзімін ұзарту мәселесі бойынша бүкілхалықтық референдумның өткізілуі алдағы Конституциямыздың салмағы мен жүктелер міндеттер ауқымын айғақтап берді.
1995 жылдың шілде айында дайын болған Конституцияның жобасы бүкілхалықтық талқыға ұсынылды. Оған республикалық 53 ұйым мен қоғамдық бірлестіктер қатысып, 678 ұсыныс пен ескертпелер келіп түсті. Жалпы алғанда, елімізде 34459 талқылау ұйымдастырылып, 123717 адам пікір білдірді. Конституциялық комиссия 31886 ұсыныс пен ескертпені мұқият саралады. Жаңа Конституция тек идеалды құқықтық модель, шындыққа сай келмейтін декларациялық құжат емес, заңды түрде шешімін тапқан нақтылы механизмдер мен институттар ретінде танылды. Қоғамда осы Конституцияның негізінде бүгінгі таңда нақтылы өзгерістер жүзеге асырылып, жемісін беруде. Менің өз басым өмірімде 1000-нан астам ғылыми мақала жазсам, оның 100-ден астамы еліміздің Ата Заңының аяғынан тұруына арналған ғылыми тұжырымдамалар екен.
– Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі Қазақстан Республикасы Конституциясының өміршеңдігіне, оның мемлекеттік-құқықтық қызметіне көңіліңіз толады ғой?
– Толғанда қандай. Конституциялық міндеттер мен идеялар, азаматтар жауапкершілігі, одан туындайтын қолданыстағы заңнамалар, стратегиялық және мемлекеттік бағдарламалар, Президент жолдаулары, әлемдік өркендеу үрдістері арқылы халқымыздың игілігіне айналып отыр. Біз, тағы да қайталап айтамын, шынайы қалыптасқан Конституциялық кеңістікте өмір сүрудеміз.
Тәуелсіз Қазақстан тарихи қысқа мерзімде – ширек ғасыр ішінде, адамзат өкілі таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Еуразияда ғана емес әлемдік көшбасшылар санатындағы еліміз әлемнің ең беделді ұйымдарының мүшесі ғана емес, олардың көп қырлы жұмысын үйлестіре білетін басшыға айналды. Осындай бел-белестеріміздің әлі де биіктей беретіні еліміздің бүгінгі қолданыстағы Конституциясының салтанатын паш етеді.
– Мереке күніне еліміздің қадірлі заңгер ақсақалы ретінде айтар тілегіңіз бар шығар?
– Маған өзі әуелден маза бермей жүрген бір жайт бар. Сұрап қалдың айтайын. Мәселен, мемлекеттің ең маңызды атрибутының бірі – тіл. Бізді «әттеген-ай» дегізетіні парламентіміздің мәжілісі негізінен орысша өтеді. Мұны көріп те, байқап та жүрміз. Сол Парламентіміздің қабырғасында бір кезде «Тіл туралы» Заңның жобасын жасаған өзім едім. Сол тұста мен барлық қазақстандықтар алдағы бес жылда қазақ тілін толықтай біліп шығатын шығар деп ойлаған едім әрі аталмыш Заңда оны да атап тұрып көрсеткен болатынмын. Енді сізге айтайын, бес жыл емес, он жыл емес, 1989 жылдан бері арада 27 жыл өтті, қазақ тілі өзінің мардымды мемлекет тілі екенін әлі көрсете алмай келе жатыр.
Жан-жағымызға қарап алаңдайтын уақыт кетті, қазір біз әлемнің 194 мемлекетінің жуан ортасынан ойып тұрып орын алған мемлекеттің біріміз. Еліміз – Тәуелсіз. Елбасымыз –Тегеурінді. Ата Заңымыз барша шырайымен салтанат құруда.
– Әңгімеңізге рахмет, Сұлтан аға. Бақуатты болыңыз!
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ