• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Ақпан, 2011

Экологиялық қауiпсiздiк – ел құндылығы

3862 рет
көрсетілді

ҮКІМЕТ "Егемен Қазақстанның" апталық қосымшасы

Қазақстан өз тәуелсіздігінің ал­ғашқы күнінен бастап экологиялық мәселелерге маңызды көңіл бөліп келеді. Ел Президентінің басшылы­ғы­мен дүние жүзіне танымал әлемдегі ірі ядролық полигонды өз еркімен жабуы, Арал теңізін сақтау және Кас­пийді қорғау бағдарламаларын ха­лықаралық деңгейде ынталанды­руы, сондай-ақ Қазақстанның басқа да халықаралық деңгейде орын ала­тын қоршаған ортаны залалды әсер­лерден қорғауға арналған тәжірибелі еңбектері соның бірден-бір айғақта­ры болып табылады. Елбасымыздың жыл сайынғы жол­даулары әдеттегідей жетістікте­рі­­міз­ді саралап, келешегімізді бағдарлау­ға, ең бастысы, баршамызға ортақ ұлы мақсатқа жетудің дұрыс жолын бірлесе айқындауымызға бағыт­та­лып отыр. Жарқын болашаққа қадам басу жо­лында Еуразияның жүрегінде ор­на­ласқан Қазақстан Рио-92 деклара­ция­сына, Йоханнесбург декларация­сына (2002 ж.) қол қойып, экология мен даму салаларындағы 25 халық­аралық конвенцияны және Киото хат­тамасын ратификациялады. Сон­дай-ақ, Еуропа және Азия елдерінің жаһандық үдерістерінің орнықты да­мудағы белсенді қатысушысы болып белгіленді. Елбасының халыққа Жолдауында табиғи ресурстарды тиімді және ұтым­ды пайдаланудың технология­лары мен бағдарламаларын ендіруде экономикалық, әлеуметтік және эко­логиялық үдерістердің үндестігін сақтауымыздың тиістілігі айтылған болатын. Яғни, экономика мен эко­ло­гия арасында теңдікті қалыптас­тыра алмаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Өйт­кені, бүгін қайтсек те экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, ер­теңгі күні соның салдарынан келетін залалды жою үшін тапқан пайдамыз­дан он, тіпті, жүз есе артық қаражат жұмсауымызға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан даму жолын­да өзін орнықты дамудың қажетті­лігімен ұштастырып келеді. Елбасымыздың «Халықаралық стан­дарттарға сәйкес қоршаған ор­таны қорғауды және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деген сөзі Қазақстан Республикасының эко­ло­гиялық саясатын дамытудың негізі болып қалыптасты. Дүниежүзілік қауымдастық да­муын соңғы 60 жылда «экономи­ка­лық» және келесі 60 жылда «жасыл» деген идеологияға бөліп қарауға мүм­кіндік беретін «Жасыл даму» – бұл қазіргі таңдағы халықаралық стандарт. Климаттың өзгеруі – жаңа мың­жылдықтағы адамзат алдында тұр­ған ең үлкен көкейтесті мәселелер­дің бірі. Климаттың өзгеруіне байла­нысты туындаған қоршаған ортаның тозу қарқыны, сондай-ақ, олардың теріс зардаптарымен күресу үшін адам­зат қолданып жатқан шаралар Қазақстанның алдына әсер етудің қағидатты шараларын талап ететін жаңа міндеттер қойып отыр. Осыған орай, 1995 жылғы мамырда БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясы ра­тифи­кацияланды. 1999 жылғы нау­рыз айында Киото хаттамасына қол қойылып, оны 2009 жылғы ма­мыр­дан бастап іске асыру үшін құжат қабылданды. Қазақстан Үкіметі пост-Киото кезеңінде 1992 жылмен са­лыс­тырғанда 2020 жылға дейін парниктік газдардың шығарындыларын 15 пайызға, ал 2050 жылға дейін 25 пайызға азайтуға шешім қабылдады. Сонымен қатар, Елбасы бізге Қа­зақстандағы парниктік газдар кво­тасын саудалаудың тетіктерін пы­сық­тауды тапсырды. Қазіргі кезде Киото хаттамасының мақсаттары үшін 1-қосымшаның тарабы болып табы­латын Қазақстан-Киото хаттамасы­ның тарабы ретінде бірлескен тетіктерді жүзеге асыру және парниктік газдар саудасын жүргізу үшін Киото хаттамасының Б қосымшасына қо­сылуға өзінің ниетін білдірді. Қазақстанда квота саудасын қам­та­масыз ету мақсатында норматив­тік-құқықтық база қалыптасты­рылу­да. Министрлік «Экологиялық мәсе­лелер бойынша Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Атмосфераға шығарылатын парниктік газдарды азайту мақсатында, яғни жобаның қатаң мақсатты қар­жыландыруын қарастыратын «жа­сыл инвестиция» сұлбасы енгізілді. Ол парниктік газдардың шығынды­ларынан республикалық бюджетке түскен қаражат есебінен ескірген технологияларды жаңартуға, жаңа, энергия үнемдеуші қондырғыларды, сондай-ақ баламалы энергия көзде­рін енгізуге жұмсалатын болады. Министрлік БҰҰ Даму бағдар­ламасының қолдауымен Экономика­ның төмен көміртекті дамуының тұ­жы­рымдасын әзірлеуде. Тұжырым­дама төмен көміртекті дамуға көшу есебімен салалық экономиканы стра­тегиялық жоспарлаудың негізгі ба­ғы­тын анықтады – стратегиялық шаралар, салалық шаралар анықталды, дамудың түрлі нұсқалары әзірленді. Сондай-ақ, экономиканың негізгі са­лаларында табиғи өзгерулер жағ­дайына бейімделуге мүмкіндік беретін Табиғаттың өзгеруіне бейімделушілік туралы тұжырымдама әзір­ленуде. Қазақстанның энергиялық тиімді және төмен эмиссиялық технология­ларды қолдану арқылы «Жасыл даму» жолын таңдауы қоршаған ортаға антропогендік әсерді азайтады, сон­дай-ақ еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуының жаңа са­палық деңгейіне шығуға өз септігін тигізеді. Парниктік газдардың шығарын­ды­ларын қысқартуға бағытталған жо­баларды іске асыру мақсатында Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі және халық­аралық қаржы корпорациясы өкілде­рінен тұратын Таза технологиялар­дың халықаралық қоры 1,1 млрд. АҚШ доллары көлемінде бағыт бойын­ша Қазақстанда таза технологиялар бойынша жобаларды/бағдар­ла­маларды қаржыландырудың өтіні­мін қарады. Олар: жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту; энергия тиімділігі; орталықтандырылған жы­лумен қамсыздандыру жүйесін жаңғырту. Әлемдік дағдарысты ескере оты­рып, бағдарламамыздың негізгі тірегі ретінде біз экономикалық құрал­дарды табиғат қорғауға пайдалану, экологиялық стандарттарға сәйкес экологиялық қауіпсіздікке қол жеткізу мақсатына оңтайластыруды қарас­тыр­дық. Бұл бағыт 2006 жылы 14 қарашада республика Президентінің Жарлығымен қабылданған Қазақ­стан Республикасының 2007-2024 жылдар аралығында орнықты дамуға көшу тұжырымдамасына сәйкес орын­далды. Осы бағдарлама шең­берінде күрделі экологиялық мәселе – қал­дықтарды өңдеу мен тұтыну мәсе­лесін шешудің жолдары қарасты­рылды. Жыл сайын елімізде 700 млн. тонна шамасында өнеркәсіптік және 3 млн. тоннадан астам тұрмыстық қалдықтар пайда болады. Қазіргі таңда жыл сайын пайда болатын қалдықтардың кәдеге жаратылған көлемі шамамен 134 млн. тоннаны немесе 20 пайызды құрайды, ал 2011 жылы кәдеге жаратылатын қалдық­тардың көлемі 139 млн. тонна шама­сында немесе 20,7 пайызды құрайды деп күтілуде. Қазақстан 2007 жылы Стокгольм конвенциясын бекітіп, 200 мың тон­наға дейін жинақталған берік орга­никалық ластаушыларды жоюды өз міндетіне алды. Премьер-Министр К.Мәсімовтің тапсырмасы бойынша түрлі саладағы қалдықтармен жұмыс мәселесін реттейтін ведомство­ара­лық жұмыс тобы құрылды. Қолда­ныс­тағы нормативтік құқықтық актілерге тексеріс жүргізілді және қал­дықтарды өңдеу бөлігі бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізуге ұсыныстар әзірленді. Сонымен қатар, барлық облыс орталықтары мен Астана және Ал­маты қалаларының коммуналдық тазалау құрылыстары құбырларының ағысын тазалау мәселесі де күрделі жағдайда. Еліміздің көптеген аймақ­та­рында су шаруашылығы жағдайы қиын кезеңді кешуде. Себебі, көпте­ген су нысандары өздігінен тазару және өздігінен қалпына келу сияқты табиғи қасиеттерін жоғалтқан. Осы мақсатта Үкімет 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасын бекітті. Бағдарлама жасыл экономиканы дамытуға, қор­ша­ған орта мен денсаулыққа зиян келтіретін антропогендік ықпалды азайтуға, табиғи экожүйені қалпына келтіру мен сақтауға, қоршаған ор­таның сапасын жақсартуды басқару жүйесін дамытуға бағытталып отыр. «Жасыл даму» бағдарламасы шең­берінде шешілетін тағы бір мәселе – Каспий теңізінен өндірілетін мұнай­дың экологиялық қауіпсіздігін қам­та­ма­сыз ету. Бұл Мексика шығана­ғын­дағы соңғы жаңалық­тар­мен өзек­ті екендігі барша­мыз­ға мәлім. Осын­дай мәселелер көп елдердің қызы­ғушылығын танытып, оны бірлесіп шешуге мүмкіндік тудырады. 2007 жы­лы барлық Каспий жаға­лауын­дағы мемлекеттермен арадағы Каспий теңізінің су айдынын қорғау жөнін­дегі Негіздемелік конвенция күшіне енді. Осы Конвенция Каспий теңізі­не антропогендік ықпалды реттеудің негізгі бағытын анықтау, Каспий теңізінің биология­лық және басқа коммерциялық ре­сурстарын қалпына келтіру, сонымен қатар, Каспий бойы мемлекеттерімен бірлесіп, кешенді мәселелерді шешу мақсатында қа­был­данған бірінші аймақтық конвенция болып табы­лады. Халықаралық ұйымдар мен донорлардың қолдауы­мен барлық Каспий бойы мемлекеттерімен Каспий экологиялық бағдар­ламасы жұ­мы­сын бастады. Қазіргі кезде бағ­дар­ламаның кеңсесі Астана қала­сында орналасты. Біздің бастамаларымызға халық­ара­лық қолдау қажет екендігін атап кеткеніміз жөн. Сол себептен біз Астана­дағы Тәуелсіздік сарайында өткен ЭСКАТО мемлекеттері министрлері кон­ференциясында және 2011 жылы Астана қаласында өтетін Жал­пыеуро­па­лық конференцияда төмен көміртекті экономиканы дамыту жә­не климаттың өзгеруіне бейімделу мәсе­лелерін қа­рау­ды ұсындық. Ас­танадағы ЭСКАТО сессиясында ең басты мәселелер «жасыл өсуді» тал­қы­лауды жалғас­тыру немесе 2005 жылғы Сеулдегі 5-ші министрлер конференция­сында өзекті болып табылған «эконо­мика дамуының эко­логиялық қауіпсіз­дігі» тақырыптары болып табылды. 6-шы конференция­ны өткізу бары­сында Астана баста­ма­сы, Министрліктер дек­лара­циясы және 2010-2015 жылдарға арналған аймақтық іс-шаралар жос­пары сияқ­ты маңызды құжаттар қабылданған болатын. Қа­зақ­стан Еуропа және Азия арасында «жасыл көпір» атты жаңа эколо­гиялық дек­ларация құру бастамасын көтерді. Қазақстан Президенті Н.Ә. На­­­зар­­­­баевтың «Жасыл өсу» жоспарлары мен бағдарламаларын іске асыруда Азия және Тынық мұхиты, Еуропа елдеріне серіктестік жәрдемдесу жо­лындағы «Жасыл көпір» атты Астана бастамасы алға басты. Бастама сектораралық, ішкі аймақтық және аймақаралық бекініске бағытталған. Қазіргі заманғы құралдар байланы­сы­мен сарапта­малық және ақпарат­тандыруды қам­тамасыз ететін «Жа­сыл өсу» кеңсесі құ­рылды. «Жасыл өсу» кеңсесі Қазақстан және Орта­лық Азия, Еуропа аймағында қызмет бағыттары тәжірибелері жөнінде то­лық ақпарат таратуға мүмкіндік бе­реді. Біз бұл ақпараттар Азия-Ты­нық мұхиты елдері аймағында сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Казіргі кезеңде табиғат пайдала­ну­шылардың экологиялық заң бұзу­шылықтарының төмендеуі байқала­ды. Бұл экологиялық инспекция жа­ғынан әкімшілік-азаматтық негізде қолданылатын шаралардың күшеюі есебінен болып отыр. Елбасы 2011 жылғы 28 қаңтар­дағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін жаңа принциптегі бағдарлама әзірлеуді және оны қабылдауды тап­сырған болатын. Қазіргі уақытта, рес­публика тұрғындарының 20 пайызы нормативтік стандарт сапасына сәйкес келмейтін суды пайдаланады. Елде жыл сайын су пайдаланушылар көлемі ұлғаюда. Негізгі су пайда­лан­ушылар ауыл шаруашылығы (75%) және өндірістер (20%) болып табы­лады. Бұдан басқа, өзен сула­рының жартысынан көбі көршілес елдердің аумақтарынан келетіндігін, транс­шекаралық сипаты және кли­мат­­тың өзгеруі салдарынан бола­шақта проблема туындайтынын атап кеткеніміз дұрыс. Еліміз жер асты суларына, гидро­термалды энергияның минералды көздеріне және ресурстарына бай. Казіргі таңда өнеркәсіп кәсіп­орындарын айналмалы су жабдық­тарымен қамтамасыз ету жөніндегі заң жобасы әзірленуде. Ол су ре­сурстарын ұтымды пайдалануға септігін тигізетін болады. Министрлік ұлттық гидромете­орологиялық қызметке жоспарлы жаңғыртуды, яғни гидрометеоро­ло­гиялық және экологиялық 259 мете­о­с­тансаларға, 291 постқа, 185 гид­рометеорологиялық бақылау бекеттеріне мониторинг жүргізіп, әртүрлі ақпараттық-ауа райын болжау өні­мімен қамтамасыз етті. Атмосфералық ауа, су беті, құр­ғақ жер мен жер қыртысы сапасына экологиялық бақылау жүргізіледі. Сондай-ақ, радиациялық мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар Каспий, Арал теңіздеріне, Балқаш көліне, Ақтау теңіз порты аймағына, Нұра өзеніне, Щучье-Бурабай курортты аймағына және Қазақстанның транс­шекаралық өзендеріне экспедиция­лық зерттеулер жүргізіледі. Елбасының және Үкіметтің министрлікке жүктеген тапсырмаларын орындау қазақстандықтардың сапа­лы өмір сүру деңгейін арттыру үшін қолайлы қоршаған ортаны қамтама­сыз етудің экологиялық қауіпсіз­дігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Біздің табиғи ресурстарымыз – орасан зор байлық. Алайда, мұның өзі қаншалықты кереғар көрінге­німен, әлемдік тәжірибе табиғи байлығы бар көптеген елдердің оны дұрыс игере алмағандығынан, кедей елдердің қатарынан шыға алмағанын көрсетеді. Осының бәрі жетекші фактор – адамдар, олардың ерік-жігері, күш-қуаты, табандылығы, білім-білігі екенін тағы да дәлелдей түседі. Бұл – бізге гүлдену мен тәуел­сіздік есігін айқара ашуға мүмкіндік беретін «алтын кілт». «Жер қойнауының байлығы – бар­ша келер ұрпақтың игілігі... Бәрі­міз ондай байлық қолымызда болма­ғандағыдай өмір сүріп, жұмыс істеуге тиіспіз», деп Елбасымыз атап өткендей, еліміздің қолда бар байлы­ғын сақтау, оны тиімді пайдаланып, экологиялық қауіпсіздікті қамта­масыз ету арқылы жарқын болашақ­та өмір сүру өзіміздің қолымызда. Нұрғали ӘШІМОВ, Қоршаған ортаны қорғау министрі.