• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2016

Бос орындар бар, қолжетімді емес

484 рет
көрсетілді

Павлодар облысындағы 600 мемлекеттік мекемеде 6 мың заң бұзушылық фактілері анықталды. Бұл мәлімет облыс прокуроры Серік Қарамановтың төрағалық етуімен өткен алқа мәжілісінде белгілі болды. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, қала әкімі Нұржан Әшімбетов, барлық басқарма басшылары, аудан әкімдері, аумақтық жұмыспен қамту орталықтарының басшылары қатысты. Облыстық прокуратура орган­дарының атқарған жұмыстары Мемлекет басшысы мен Бас прокурор қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуда. Басым бағыттардың бірі – құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі дамыту бойынша бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарымен айқындалған іс-шараларды іске асыру. Облыстық прокуратураның алқа мәжілісі «Халықты жұмыспен қамту туралы заңнаманың орындалуы» деген тақырыпта өтті. Яғни, 2015-2016 жылдар кезеңінде өңірдегі жұмыс берушілердің Жұмыспен қамту орталықтарына берген бос жұмыс орындары туралы мәліметтері негізінде тұрғындардың жұмыс­қа орналасуы туралы тексеріс нәти­желері талқыланды. Қазіргі уақыт­та облыста жұмыспен қамту орта­лықтарында есепте тұрған жұ­мыс­сыздар саны 3 105 адам болса, олардың 376 -сы жоғары білімді, 885-і орта арнаулы, 232-сі бастауыш кәсіптік, 1 612-сі тұрғын әлі ештеңеге маманданбаған көрінеді. – Бос жұмыс орындары туралы Жұмыспен қамту орталықтарына хабарлама жіберу меншік нысанына қарамастан әрбір жұмыс берушінің міндеті болып табылады. Біз 600 мемлекеттік мекеме мен ведомствода аталған талап­тардың сақталуы бойынша тексеру жүргіздік. Нәтижесінде, 6 мың­нан астам заң бұзушылық фак­ті­сі анықталды. Басым бөлігі об­лыстағы білім беру саласында – 3 мың­нан астам, денсаулық сақтау саласында – 1 мыңнан астам бос тұрған жұмыс орындарының деректері анық­талды, – деді прокурорлар. Мысалы, Екібастұздың бір тұр­ғыны Жұмыспен қамту орта­лығында жүргізуші болуға лайық жұмыс­сыз ретінде тіркелген. Мем­лекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 52 208 теңге әлеуметтік төлем алады. Ал ақпан айында қала әкімдігінің бір мекемесінде жалақысы 45 000 теңгені құрайтын жүргізушінің бос жұмыс орны болған. Бірақ, хабарлама ешқайда жіберілмегендіктен, жұмыссыз жүргізуші жұмысқа орналаса алмаған. Екіншісі – Екібас­тұз­дағы «Қазақ қыздарына арнал­ған гимназия» коммуналдық мем­ле­кеттік мекемесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің орны бір жыл бойы бос тұр. Мекемеден Жұмыспен қамту орталығына хабарлама жіберілмеген. – Мұндай мысалдар өте көп. Бұл ретте жеке кәсіпорындар тек­серіл­ген жоқ, алайда, аталған талап пен тәртіп, меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелерге қатысты. Тексеру қорытындысының талдауы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясат тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көр­сетті. Жекелеген басшылар өз­дерінің қызметтік міндеттерін адал атқарса, бұл кемшіліктер орын алмас еді, осының салдары­нан маман­дықтары бойынша сұраныс болса да, жұмыссыз ретінде тіркел­ген азаматтар жұмысқа орналаса алмай жүргені ойлантады, – деді облыс прокуроры. Облыс прокурорларының об­лы­­стағы Жұмыспен қамту ор­та­лығы қызметтеріне тексеру жүргізу себептері де осы – тұрғын­дар­дың жұмыссыз бос қалуы. Жұмысқа қажетті ондаған бос орын сол күйі бос тұрса да, ешкім оған адам іздемепті де. Сондықтан, жиынға келген облыстық Жұмыспен қамту­ды үйлестіру басқармасының басшысы Балтабай Қаппасовтың, об­лыс­тық Білім басқармасының басшысы Бақыт Бексейітованың құр цифр­ларды тізіп, дайындап жазып әкелген баяндамаларын прокурорлар тыңдаған да жоқ. Жалпы тексеру қорытындылары бойынша прокурорлық қадағалау актілері енгізіліп, 146 тұлға әкім­шілік, ал 33 тұлға тәртіптік жауап­кер­шілікке тартылды. Прокурорлық ықпал ету шараларымен бос жұмыс орындары туралы 473 хабарлама жіберілді. Бүгінде тексеру кезеңінен бастап 263 адам жұмысқа орналас­тырылды.  Жұмысқа орналастыру барысы әлі де жалғасуда. Сонымен бірге, облыстық про­ку­ратураның араласуымен 1208 жұ­мыскерге 90 миллион теңге көле­мінде кешіктірілген еңбек­ақы­­лары төленді. Банкротқа ұшы­раған кәсіпорындарда еңбекақы қарыздарын төмендету бойынша шаралар қабылдануда, егер 2015 жылы қарыз көлемі 70 миллион теңгеден асса, бүгінгі күні 34 жұмыскерге тиесілі қарыз 11,3 миллион теңгені құрап отыр екен. Біз де мақала жазу барысында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының сайтына үңіліп көрдік. Мысалы, облыста 2015 жылы 7 мыңнан астам ауыл тұр­ғыны «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілген шағын несиені пайдаланды. Бағдарлама ауылдық аймақтардың жұмыссыздары мен өзін өзі жұмыспен қамтыған тұр­ғын­дарына өз ісін ашу, жұмыс орындарын құру мүмкіндігін беріп, ертеңгі күнге деген сенім сыйлады. Жыл басынан бастап Халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу кешенді жоспары шеңберінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары арқылы 10502 адам қамтылды деген мәліметтер бар. Ал ауылда жұмыс­сыздар аз емес. Сонда бұл цифр­лар тек жоғарыға құр мәлімет үшін ғана келтірілген бе? Мысалы, биылғы жылдың қаң­тар-наурыз айларындағы статис­ти­ка­лық мәліметтерге қарасақ, об­лыстағы кәсіпорындардан 8509 адам жұмыстан шығып кетіпті. Негізі, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына орай 118 жоба жүзеге асырылуы керек еді. Бұл жобалар іске асқанда, 1560 жаңа жұмыс орындары ашылады екен. Бірақ, аудан, қала әкімдері мұндай мүмкіндікті әлі дұрыс пайдалана алмай отыр. Айтса айтқандай-ақ, Екібастұз, Ақсу қалалары мен облыс орта­лығы­н­да бос жұмыс орындары деге­ніңіз баршылық. Бірақ, ол тек сайтта ғана көрсетілген дерек. Жұ­мыс орындары жоқ па, аудандардан ештеңе көрсетілмепті. Қаптап тұрған бос жұмыс орындарын тұрғын­дар­ға хабарлау, жеткізу, жариялау, шақыру, қолдау жетіспей тұр. Жо­ғарыда жазғанымыздай, про­курор­лар жұмыс іздеушіге бос орын­дар бар деген 473 хабарлама жіберіпті. Сайтта аудандық әкім­дік­тердің телефондары жазылғаны тіпті күлкілі, жұмыс іздеген адам­дарға олардың қайсысы дұрыс жауап бергенін көріп едік. Бос жұмыс орындары жәр­меңкелерін ай сайын өткізу ар­қылы сайтта қаптап тұрған жұмыс орындарының иелерін табу керек. Тіпті болмаған соң, облыстық әкімдік енді жұмысқа тұруға арнал­ған мобильдік қосымшаны іске қосуды жоспарлап отыр. Мобильдік қосымша арқылы павлодарлық нарықтағы барлық бос жұмыс орындары мен қызмет көрсетулер туралы ұсыныстарды бір дерек­қорға жинайды. Бұл бағдарлама пайдаланушыға қажетті жұмыс орнының пайда болғаны немесе қажетті маман туралы хабарлама жібереді. Электршіні жұмысқа алу жөнінде хабарландыру пайда болысымен осы жұмысқа қызығушылық танытқан пайдаланушыға push-хабарлама келеді. Дизайнерге немесе басқа сала маманына өз хабарламасы келеді, яғни бұл жерде мақсатты бағыттылық болады. Мәселенің мәнісі мынада: жұмыс іздеу­шіге жұмыс беруші қолжетім­ді болуы керек. Облыстық прокура­тура­ның «Тұрғындарды жұмыспен қамтудағы заң талаптарының орындалуы» жөніндегі тексеру нәтижелері мен қорытындылары, міне, осылай көкейкесті мәселенің көлеңкелі жақтарын ашып берді. Алқа мәжі­лісінен соң, облыс әкімінің атына бірнеше ұсыныстар да жіберілді. Сондай-ақ, азаматтарды жұмыспен қамту барысында немқұрайылық танытқан лауазымды тұлғалардың атқарып отырған қызметтеріне сәйкестігіне дейін жауапкершілік туралы мәселе қарастырылсын деген ұсыныстар жолданды. Әрбір жұмыссыз тұрғынның басқа аудандар, қалалар және облыстар арасында жұмыссыздар бойынша деректер базасына қолжетімділігі қамтамасыз етілуі, уәкілетті органдар басқа кәсіпорындар қызметінде осы мәселе бойынша толыққанды тексеріс жүргізілуі талап етілді. Атал­ған заңнама талаптарын сақтау мәселесіне прокуратура органдары бақылау тәртібінде қайта оралатындарын ескертті. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» ПАВЛОДАР