• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
06 Қыркүйек, 2016

Тау шатқалында – «Той қазан»

466 рет
көрсетілді

Демалыс күні биік таудағы «Медеу» спорт кешенінде ұлттық тағамдар фестивалі өтті Биылғы халықтық бұл шара Алматы қаласының 1000 жыл­дығына орайластырып ұйымдастырылды. Шаһарда 2 мыңнан астам дәмхана мен мейрамхана бар болса,  солардың ішінен ең таңдаулылары мен үздіктері алдыңғы лекке оза шығып, «Той қазан» фестивалінің қонақтарына дәм дайындап ұсынды. «Той дегенде қу бас домалайды...» дегендей, әйгілі шатқалдың қойнауын әп-сәтте ән мен күй тербеді. Таза ауа, салқын самал, жұпары аңқыған көктің хош иісі тіл үйірген дәмді тағамдардың танау қуырған иісімен араласып, келушілердің көңіл-хошын көтерді. – Біздің қазақ халқы қашанда қонақжайлылығымен ерекшеленген. Бүгінгі «Той қазан» фестивалі –  ұлттық қасиеттеріміздің айнасы десем артық айтқандық емес. Сол себепті де бұл думан дәл бүгін – бірлік пен достықтың, келісім мен кеңесудің мерекесіне айналып отыр, – деп сөз бастаған қала әкімі Бауыржан Байбек мәдени шараның тұсауын кесіп берді. Қала басшылығының бастамасын қолдаған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері де той үстінде аянып қалған жоқ. Бойға жиған, тойға дайындаған бар өнерін қызынып ортаға салды. Қызыл-жасылды ұлттық киімдерін киіп ән салған, би билеген, дәмді тамақ пісірген, ұлтық спорт ойындарын бірінен соң бірін тізіп көрсеткен думанды топтың көш басында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов жүрді. Сондай-ақ, қалың топтың ортасында думанды топпен жарқылдай пікір алысып жүрген Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаевты да көзіміз шалды. Көп кешікпей Алматыға аты танымал әйгілі «Бауырсақ шоудың» белгілі би-қазылар алқасы ең дәмді пісірілген тамақ түрлеріне баға берді. Мазмұны жағынан көп қырлы саналатын фестивальда дәмді тағам пісірумен қатар өзге де сан түрлі шаралар көрсетілді. Оның айғағы ретінде спорт алаңының бір бұрышында ең үздік  «Ұлттық киімдерге» жүлделер тапсырылып жатса, бір бұрышында ұлттық-спорттық жарыстардан бәсеке қызды. Алайда, фестивальдың шырайын ашқан «Той қазан дауысы»  ән байқауы екенінде ешкімнің дауы болмады. Байқауда 11 ұлттың «жұл­дыз­дары» өнерін ортаға салды. Жеңімпаздарға арнайы жүлде тапсырылды. Жиналған қауым қазіргі қазақ өнерінің ақмаңдай әншілері мен белгілі музыка топтарының өнерін де дүркін-дүркін қол шапалақтап тамашалады. Таңдаулы опера әншілері Майра Мұхамедқызы, Сүндет Бай­ғо­жин, атақты «Дос-Мұқасан», «Муз­арт», «Дервиши», «Ринго» тобы мен Ме­деу Арынбаев, Сейфуллин Жол­барыс, Жеңіс Сейдоллаұлы, Гүлнар Төлегенова, Гауһар Саттарова, скрипкашылар Жәмила Серкебаева мен Аида Аюпова тау шатқалын әсем ән мен әдемі сазға бөледі. Айтпақшы, «Кітапфест» бұры­шына мойын бұрғандар да өте көп болды. Айтуға міндеттіміз, халық масайраған мұндай қызықты той-думанға кіру билетінің бағасы 3 мың теңге тұрды. Ал он жасқа дейінгі балалар фестивальға тегін кірді. ...Тау шатқалындағы той-думан аспанда жұлдыз жамыраған уақытта тарады. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ Суретті түсірген Николай СУДАКОВ