Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин әлеуметтік желіде Салық кодексіне қатысты жазба жариялады. Жазба астына бизнес иелері мен экономистер ашық наразылығын білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Серік Жұманғарин бірінші тоқсандағы салық түсімдері мен шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны туралы мәліметтерді жариялады. Оның айтуынша, бірінші тоқсанның көрсеткіштері салық реформасының алғашқы оң нәтижелерін растап отыр.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылға арналған салық түсімдерінің жоспары 18,9 трлн теңгені құрайды, бұл 2025 жылмен салыстырғанда 4,4 трлн теңгеге артық.
«Қаңтар – наурыз айларында бюджетке 4,1594 трлн теңге түсті. Жоспар 101,8%-ға орындалды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім – 26,1% (+861,8 млрд теңге). Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша 1,9625 трлн теңге түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 48,6%-ға немесе 641,9 млрд теңгеге көп. Бюджет кірісінің 98%-ын құрайтын салық түсімдері 101,6%-ға орындалды: 4,0128 трлн жоспарланса, іс жүзінде 4,0776 трлн теңге түсті. Өсім – 31,5%. Айта кетерлігі, қаңтар – ақпан айларында өткен жылдың IV тоқсанының салығы төленетіндіктен, ҚҚС бойынша төлемдер әлі де 12% мөлшерлемесімен жүргізілді», деп жазды С.Жұманғарин.
Негізгі салықтар бойынша көрсеткіштер:
КТС (Корпоративтік табыс салығы): +16,9%
Импортқа салынатын ҚҚС (қазіргі 16%-дық мөлшерлемемен): +24,2%
ПҚӨС (Пайдалы қазбаларды өндіру салығы): +35,7%
Министрдің айтуынша, алдағы төлемдер есебінен алдын ала төлету әдісі қолданылмаған. Кірістің артуына нақты экономикалық белсенділік, тауар айналымының өсуі және салықтық-кедендік әкімшілендірудің тиімділігі әсер еткен. Тек фискалдық шаралардың арқасында бюджетке қосымша 130 млрд теңге түскен.
Салық кодексіне түзетулер: Қаржы секторына қатысты бірқатар ұсыныс қолдау тапты
Осы ретте сарапшы Бауыржан Мұқанов былтыр 10% ставкамен 1,32 трлн теңге ҚҚС жиналған болса, биыл 16%-бен 2,11 трлн теңге жиналуы керек еді деп отыр.
«Өткен жылы 10% ставкамен 1,32 трлн теңге ҚҚС жиналса, биыл 16%-бен 2,11 трлн теңге жиналуы керек еді. Бірақ 1,96 трлн теңге жиналған екен, бұл шамамен 150 млрд теңгеге кем. Демек бизнестің нығаюы туралы айту орынсыз, бизнес шынымен жабылған. Мемқызметкер ретінде бюджетке көп бизнестен аз ақша түскенінен, аз бизнестен көбірек ақша жинау тиімді шығар. Бірақ экономика құрылымы ұтылып жатқаны анық, ертең сол жиналған артық ақша жұмыссыздарға жәрдемақы мен псевдокәсіпкерлерге субсидия болып қайта таратылатыны анық», деді Б. Мұқанов.
Сондай-ақ тағы бір желі қолданушысы 16% ставкамен жиналған ҚҚС 100% жалған екенін алға тартып отыр.
«16% ставкамен жиналған ҚҚС үлесін артық көрсетуі 100% жалған қорытынды. Бұны мекемелер емес, халықтың коммуналдық төлемдерінің бағасына қосып халықтан алып жатыр. Ал Салық Кодексі 447-448-449-баптарында ҚҚС төлеушілер халық емес, компаниялар деп көрсетілген. Ал компания тариф бағасына қосып халықтан алып жатыр, ҚҚС(НДС) төлеуді практикаға сүйеніп деп заңды белшесінен басып халықтың мойына жүктеуде. Заң шеңберіне емес, өз тәжірибесіне сүйенгендіктен халықтың қалтасына ауыртпалық түсіп жатыр. Кіші аралас кәсіпкерліктер жабылып жатыр, ҚҚС-тың кесірінен жасырын жұмыс істеп жатқандар жетерлік. Әрең күн көрістегі кәсіпкерлер осындай жағдайға тап болып отыр. Ал сіздің есебіңіз ақылға қонымсыз», деді М. Корбаков.
Министрдің айтуынша, мамыр айында «Халықтың нақты табысын арттырудың жаңартылған бағдарламасы» таныстырылады. Онда Үкіметтің нақты іс-қимылдары көрсетілген.
Салық кодексіндегі түзетулер қашан күшіне енеді?
«Үкіметтің басты міндеті өзгеріссіз қалады: экономикадағы өсім халық табысының артуына тікелей әсер ететін жағдай қалыптастыру. Осы мақсатта белсенді экономикалық өсім саясаты жүзеге асырылып жатыр. Өйткені табыстың өсуі – әкімшілік шешіммен келетін нәтиже емес, ол экономиканың құрылымдық өзгерістерінің жемісі. Ал алғашқы нәтижелер біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді», деп жазды С.Жұманғарин.