• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
07 Қыркүйек, 2016

Еуразияның кілті – Қазақстанның дамуы мен тұрақтылығында

476 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанында өзінің тәуелсіздігін жариялай отырып, өз мемлекеттілігінің салыстырмалы түрде алғанда өте қысқа кезеңінде үлкен әлеуметтік, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырды және Орталық Азиядағы аса маңызды елдің біріне айналды. Қазақстан жан басына шаққандағы ІЖӨ-ін 700 АҚШ долларынан 13 600 АҚШ долларына дейін арттырып, елдегі даму мен тұрақтылықтың негізінде өзінің мақсатын айқындап алды және бәсекелестік тұрғысынан алғашқылардың қатарында алдына әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің сапына қосылу міндетін қойды. Бүгінде Қазақстанда тұрақ­ты­лық пен түсіністіктің арқасында түрлі этностық топтар мен діни сенім-нанымдағы адамдар бір жа­ғадан бас, бір жеңнен қол шығарып, достықтың темірқазығын бекемдей түсуде. Ал елдегі Қазақ халқы санының үлесі 65 пайызды құраса, жалпы тұрғындар 17 мил­лионнан асып жығылады. 2014 жы­лы Қазақстан жаһандық бейбіт­сүйгіш индексінің жыл сайынғы көрсеткіші бойынша 99-орында тұрақтаса, өткен жылы 86-орынға, ал биыл тіпті 75-орынға көтерілді. Бейбітшілік пен тыныштықтың және тұрақтылықтың негізіндегі дамуының нәтижесінде Қазақстан өткен 20 жыл ішінде шетел инвес­торлары үшін, қарапайым тілмен айтқанда, тартылыс орталығына айналды десек, қателеспейтініміз анық. Осы орайда Қазақстанға құйылған тікелей шетел инвести­цияларының көлемі 200 миллиард АҚШ долларына жетіп отыр. Сыртқы саясаттағы мультиперспективалы тиімділік Қазақстан көпқырлы және бей­бітсүйгіш сыртқы саясат ұстанып келеді. Мәселен, елдің Ресеймен шекарасы 14 мың шақырымға созылып жатыр. Қытаймен және басқа да елдермен шекараласады. Астана олардың барлығымен стра­тегиялық қарым-қатынас ұста­на отырып, өзінің байланыс­тарын АҚШ-пен, Еуропа елдері­мен және Ислам әлемімен нығай­туды да ұмытқан емес. Осы сала­да теңдестірілген маңызды сая­сат жүргізіп келе жатқан Қазақ­стан бұрынғы Кеңес Одағы респуб­ликаларының ішінде, Ислам әлемі елдерінде алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Ислам ынты­мақтастығы ұйымына басшылық жасады. Енді ЭКСПО-2017-нің иесі ретінде осы халықаралық үлкен шараны өткізуге жан-жақты дай­ындық үстінде. ЭКСПО-ның өзінің ауқымы жөнінен әлемдегі үшінші шара болып саналатынын қаперге сала кетейік. Аталған халықаралық мамандандырылған көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді деп күтіліп отыр. Осы мақсатта қазіргі кезде негізгі тақырыбы «болашақтың энергиясы» болып табылатын жаңа да заманауи көрме орталығының құрылысы салынуда. Ел астанасының қақ төрінде орын тепкен көрме алаңы ЭКСПО-2017 аяқталған соң елдің бас қаласының көрме туризмі нысаны ретіндегі шебін нығайта түсетін болады. Бұл табыстардың барлығына Қазақстан өңірдегі алғашқы ел болып қол жеткізіп отыр. Тарих пен туризм елі Соңғы кездері түрлі елдер, оның ішінде Қытай да бар, тарихи Жібек жолын қалпына келтіруге күш-жігер жұмсап жатыр. Ал Қазақстан Жібек жолы маршрутында өзгенің назарын өзіне стра­тегиялық және геосаяси орналасуымен аударады және жерасты қазба байлықтары тұрғысынан келгенде әлемдегі аса бай елдердің қатарынан саналады. Мәселен, Қазақстан мұнай мен табиғи газ қоры бойынша әлемде 12-орын алады. Қуат көздерінен түскен пайданың арқасында елде кең көлемді құрылыс жұмыстары қанат жайып, жолдар мен көпірлер салынды. Туризм саласында да айтар­лық­тай табысқа жеткен Қазақстан туристердің назарын өзінің біре­гей археологиялық туындылары­мен де өзіне аударып отыр. Қазіргі таңда елде 9 мыңнан астам тарихи туындылар бар деп есеп­теледі. Түрлі облыстар мен қала­лардағы көптеген туындылар ЮНЕСКО-ның қорғауына алын­ған, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асырылып келе жатқан «Мәдени мұра» бағдарламасының арқасында қазақтың тарихы мен мәдениетінің танымалдығы әлемде барған сайын арта түсіп отыр. Әлемде Назарбаевтың алар орны айтарлықтай Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – көпқырлы және өңірлік ауқымнан асып кеткен көшбасшы. Бүгінде ол тек өз елі ғана емес, бүкіл өңірдің тұрақтылығы мен дамуында шешуші рөл атқаратын тұлға болып табылады. Назарбаев қол жеткізген деңгейді түсініп, оны келесі ұрпаққа беру үшін бұл көшбасшының бірегейлігіне екпін түсіру керек. Назарбаев тәуелсіздік жарияланбай тұрып, КСРО депутаттарының съезінде былай деген болатын: «Ел демократияландыру туралы әдемі сөздерге қақалып-шашалып жатқан кезде, бір үзім нан үшін Еуропаның бай «үстеліне» көз сүзу басталған тұста мұндай саясатпен еш келісе алмаймын. Қазақстан ешқашан ешбір өңірдің қолтығында кетпейді және ешқашан біреудің інісі болмайды». Назарбаев, сондай-ақ, жаңашылдыққа жаны құштар көшбасшы ретінде Сингапурдың, Оңтүстік Кореяның, Малайзия мен Түркияның үлгі-өнегесімен рухтанды. Ол өзінің білімін экономика, тарих, саясат және ғылымның басқа да салаларында тереңдете түсіп, елдің 2030 жылға дейінгі даму жоспарын түзді. Осы арада елдің ынтымақтастыққа, интеграцияға, тұрақтылық пен бейбітшілікке негізделген сыртқы саясатының іргетасын қалады. Шын мәнінде, Қазақстан қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық держава еді. Алайда, Мемлекет басшысы сарабдалдық танытып, Семей ядролық сынақ полигонын жауып қана қоймай, қолдағы ядролық арсеналдан да өз еркімен бас тартты. Белсенді іс-қимыл танытқан Назарбаев, сонымен қатар, өзінің көрегендігінің арқасында экономика мен әлеуметтік саладағы көптеген көкейкесті проблемаларды дер кезінде еңсеруге қол жеткізді. Назарбаевтың осы қыры Қазақстанның қандай да бір ішкі жанжалдарсыз ілгерілеуіне мүмкіндік берді. Сонымен бір мезгілде, Нұрсұлтан Назарбаев сим­био­тикалық көшбасшы деу­ге лайық іс-әрекеттер де таныта білді. Аталған түсінік әкімшілік өмірге тірі организмдер арасындағы үйлесімділікті нышандайтын термин ретінде бейімделген болатын. Осылайша ол, қалайтын болсаң, әлемде барлық діндер мен этностарға бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатындай жағдай жасауға болатынын айғақтап, осынысымен бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды. Аталған үдеріс Назарбаевтың әлемдік саяси сахнада көреген көшбасшы ретіндегі шебін шын мәнінде нығайта түсті. Сөйтіп, өңірде дамудың Назарбаев қолданған әдістері мен тәсілдері Шығыс пен Батысты біріктіретін интеграциялық үдерістердің тартымдылығы үшін алғышарт жасады. Осы негізде Ресей, АҚШ және Қытай секілді жаһандық ауқымдағы күштер қазақ даласында теңдей тиімділік қағидаты бо­йынша кездесуге мүмкіндік алды. Тұрақтылық пен қауіпсіздіктен асқан биік мақсат жоқ Әлемдегі экономикалық сіл­кі­ністер, сондай-ақ, мұнай бағасы­ның түсіп кетуі ЕурАзЭҚ елдерін­де, тұтастай алғанда Қазақстан экономикасында да, белгілі бір деңгейде қиындықтар туғызып отыр. Алайда, «Орталық банк» пен «Самұрық-Қазына» қорында жинақ­талған сенімді ұлттық резерв­тің болуы аталған үдерісті салыс­тырмалы түрде жеңіл еңсеруге мүмкіндік туғызуда. Бұл арада Пре­зидент Назарбаевтың аталған қорды құра отырып, жаһан­дық деңгейде осындай ықти­мал төтенше жағдайлардың орын алуы мүмкін екендігін ескер­гені аңғарылады. Мұнайдан тыс­­қа­ры секторларды жандандыру бо­йынша қолға алынып жат­қан бастамалар табыс­ты жүзеге асырылған жағдайда, яғни эконо­ми­каның тиімділігін арт­ты­ратын жобалармен қатар, шағын және орта бизнесті дамыту­ға бағыт­талған іс-шаралар өз нәти­жесін беретін болса, таяу бола­шақ­та Қазақстанның орнықты даму мен өсу мақсаттарына қарай сенім­ді түрде қадам басатыны күмәнсіз. Экономикалық тұрақтылық пен экономиканың секторларын әртараптандыру елдің саяси және әлеуметтік тұрақтылығы мен тұ­тастығын бұзғысы келетін белгілі бір топтардың мысық тілеуіне тиісті жауап болып табылмақ. Назар­баевтың көшбасшылығымен Қазақ­станның бүгінде Орталық Азиядағы, егер кең ауқымда қарас­­тыратын болсақ, бүкіл Еура­зиядағы шешуші мемлекет болып отырғанына көз жеткізесің.  Еур­АзЭҚ-тың беріктігі және өңір ел­дерінің сыртқы әлеммен интегра­циялануы бірінші кезекте Қазақ­станның тұрақтылығы мен дамуына тәуелді. Демек, Қазақстанға қар­сы бағытталған терроризм мен өзге де қатерлердің қаупін жою бүкіл Еуразияның басымдығы болуы тиіс. Куршад ЗОРЛУ, «Yeni Cag» газетінің журналисі