«Береке» жаңа шағын ауданына жылу жүйелерін тартумен шұғылданатын құрылысшылар жер қазу жұмыстары кезінде бірнеше адамның мәйітін кезіктіріп, тиісті орындарға хабарлаған. Бір таңқаларлығы, осындай оқыс оқиға осымен екінші мәрте қайталанып отыр. Оның алдында да осы маңнан бірнеше адамның денесі табылған.
Жергілікті өлкетанушылар тәртіп сақшыларының ескі зират орны болуы мүмкін деген болжамымен еш келіскісі жоқ. Өйткені, олар қаланың үш жерінде ғана адамдарды жерлейтін арнайы қорымның болғанын, картада белгіленгенін алға тарса, бәз біреулер өткен ғасырдың аяғында Бензострой аумағында болған криминалдық топтардың бір-бірімен атыс-шабысын еске салады. Бұл пікірді қисынсыз деу қиын. Өйткені, мәйіттер жердің үстіңгі қабатына жасырылған. Екіншіден, жерлеу салтының ешқандай әдет-ғұрыптары байқалмаған. Соған қарағанда асығыс көме салынған сияқты. Оның үстіне бұл маңайдың адам аяғы тимеген қамысты, батпақты жер екенін ескерсек, көңілдегі күдік қоюлана түсері анық.
Қазір Петропавл қалалық жедел-тергеу тобы зерттеу жұмыстарымен айналысып, қаңқа сүйектер сараптамаға жіберілді. Түпкілікті қорытынды шыққаннан кейін ғана барлық мән-жай белгілі болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
ПЕТРОПАВЛ