Астананың «Барыс» хоккей командасына Эдуард Занковец атты маман жаңа бас жаттықтырушы болып тағайындалды. Ол бұл орынға Андрей Назаров кеткен соң бір күннен кейін келді.
Бұрынғы бас жаттықтырушы бастаған штабтың түгел отставкаға жіберілуіне «Барыстың» биылғы маусымды өте сәтсіз бастауымен бірге, былтырғы маусымда плей-офф кезеңіне өте алмауы және құрама команданың Олимпиаданың іріктеу турнирінде алға қойған мақсатына жете алмауы себепкер болған сияқты. Команда жаңа басталған чемпионаттың үш ойынында да жеңіліс тауып, Шығыс конференциясында ең соңғы орында қалып қойды.
Осы орайда жаттықтырушылар штабын ауыстырып жатқан «Барыс» хоккей клубы команда тізгінін ұстаған жаңа маманның ҚХЛ клубтарында жұмыс жасауда үлкен жаттықтырушылық тәжірибесі бар екенін, ҰХЛ клубтары жүйесінде де жұмыс жасағанын атап көрсетеді. Бірақ жаңа бас бапкердің қызметтік тізімдеріне бір қарағанда-ақ мұның тап олай емес екеніне көз жеткізуге болады.
Э. Занковец жаттықтырушылық мансабын 2007 жылы бастаған. Ол сол жылғы 21 қаңтардан 31 мамырға дейін Минскінің «Динамосын» жаттықтырды. 2010-2011 жылдары Беларусь құрамасының тізгінін ұстады. 2011 жылғы 20 желтоқсанда Омбының «Авангард» командасы бас жаттықтырушысының көмекшісі болып бекітіледі. Ал 2015 жылғы 26 мамырда бұл қызметінен алынып қалған екен.