• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
08 Қыркүйек, 2016

Тақтадағы тайталас

286 рет
көрсетілді

Шахматтан Бакуде 1 қыркүйектен бері өтіп жатқан Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында бұрнағы күні 5-турдың ойындары ойналды.  Осы кездесулерден кейін ерлерден Нидерланд, Украина, Үндістан, Чехия және АҚШ, ал әйелдерден Ресей, Украина, Румыния және Қытай шахматшылары топ басына орныға түсті. Қазақстанның ерлер құрамасы содан бір күн бұрын Эстония құрамасымен ұшырасып, 2:2 есебімен тең түсті. Мұнда Ринат Жұмабаев Александр Володинді ұтса, Мұртаз Қажығалиев Андрей Шишковтан ұтылды. Ал Азамат Өтеғалиев – Оттомар Ладва, Петр Костенко – Роман Жезов жекпе-жектері тең аяқталды. Біздің жігіттер кейінгі турда бразилиялық қарсыластарын  3,5:0,5 етіп тізе бүктірді. Бұл  Азамат Өтеғалиевтің – Фелипе Эл-Дебсті, Мұртаз Қажығалиевтің – Эвандро Барбосаны, Әнуар Есмағамбетовтің Диего Берардиноны ұтулары, Ринат Жұмабаев пен Рафаэль Лейтао өзара тең түсуі арқылы мүмкін болды. Қазір еліміздің ерлер командасы 20-орында келеді. Қыздар құрамасы 4-турда Литваны 2,5:1,5 есебімен жеңіп шықты. Онда Гүлмира Дәулетова – Саломея Заксайтені, Шолпан Жылқайдарова Дайва Батитені жеңсе, Айсезім Мұхит ойынды Лайма Домаркайтемен тең аяқтады. Ал Жансая Әбдімәлік Дейманте Даулитеге есе жіберіп қойды. Қыздар бұдан кейінгі 5-турда ресейліктерден 0,5:3,5 есебімен ұтылып қалды. Онда қара тастармен ойнаған Валентина Гунина мен Ольга Гиря тиісінше Гүлмира Дәулетова мен Елена Анкудиновадан басым түсті. Ал ақ тастармен ойнаған ресейлік Александра Кос­тенюк  өз кезегінде Жансая Әбдімәлікті сүріндірді. Бұл кездесуде тек Шолпан Жылқайдарова ғана қарсыласымен (Наталья Погонина) тең дәрежеде шайқасты. Осы турдан кейін Қазақстанның қыздар құрамасы турнир кестесінде 15-орынға табан тіреді. Біздің қыздардың арасында жекелей есепте Шолпан Жылқайдарова – 24, Жансая Әбдімәлік 139 орындарда келеді. Олимпиадаға барлығы 176 елден 3100-ден астам спортшы қатысып жатыр. Жарыс 15 қыркүйекте мәреге жетеді.