Бүгін түн ортасы ауа Рио-де-Жанейродағы «Маракана» стадионында Паралимпиялық ойындардың салтанатты жағдайдағы ашылу рәсімі болды. Мұнда да қатысушы спортшылар делегациясының өкілдері шерулетіп жүрді. Қазақстан туын суда жүзуші Әнуар Ахметов көтеріп өтті.
Осынау атақты спорт аренасында мұның алдында XXXI жазғы Олимпиялық ойындардың ашылу және жабылу салтанаты болып өткен еді. Енді паралимпиадашылар да сол саңлақтар шыққан жарыс жолдарында күш сынасады. Олар сайыстың 22 түрінен 528 медаль жиынтығын сарапқа салады. Бағдарламада академиялық ескек есу, отырып баскетбол, волейбол, регби және теннис ойнау, арба үстінде семсерлесу, бочче, велоспорт, атпен жүру, голбол, дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкен спорты, пауэрлифтинг, суда жүзу, мылтық ату, садақ ату, бес адамдық футбол, жеті адамдық футбол сияқты спорт түрлері бар. Бұлардан басқа, осы жолы алғаш рет байдарка мен каноэда ескек есу, триатлон сайыстары да бағдарламаға еніп отыр.
Риода Отанымыздың намысын жүзушілер Әнуар Ахметов (Астана), Роман Агалаков (Оңтүстік Қазақстан), Зүлфия Ғабидуллина (Жамбыл), Наталья Звягинцева (Қарағанды), пауэрлифтингішілер Вадим Дукарт (Ақмола), Гүлбану Әбдіхалықова (Алматы), Раушан Қойшыбаева (Алматы облысы), дзюдошылар Әнуар Сариев (Атырау),Орынбасар Құралбай (Оңтүстік Қазақстан), жеңіл атлеттер Аманат Қалқаев (Алматы), садақшы Александр Медведев (Павлодар) қорғайды.
Паралимпиада бәсекелері 8 қыркүйекте басталып, 18-інде аяқталады.