Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI Жазғы олимпиада ойындарында қола жүлде алған қарағандылық балуан қыз Эльмира Сыздықоваға жерлестерінің пейілі ерекше. Бұдан сәл бұрын облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков спортшыға Toyota Camry автокөлігін сыйға тартқан болатын.
Ал таяуда грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Асылбек Дүйсебаев Олимпиада жүлдегеріне Toyota Corolla маркалы автокөліктің кілті мен 1 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Эльмираның жеке бапкері де назардан тыс қалмады. Федерация атынан Владислав Сутормин 3 000 000 теңгемен марапатталды.
Балуан мен оның бапкерін марапаттау рәсіміне спорт ардагерлері мен қайраткерлері, Нұрғазы Жарылғапов, Александр Мыцик және Иосиф Момцелидзе сынды еңбек сіңірген жаттықтырушылар қатысты. Олар Эльмира Сыздықованы тамаша табысымен құттықтап, жаңа биіктерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ