Газетіміздің 26 тамыз күнгі санында біз осындай тақырыппен сын мақала жазған едік. Мақалада «Нұрлы Жол» бағдарламасымен салынып жатқан Астана – Павлодар жолының Пограничник ауылы тұсындағы 25 шақырымдық аралығының жұмысы тоқтап қалғаны, жұмысшылардың үш-төрт ай еңбекақысыз қалғаны айтылды. «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалының басшысы Ерсін Сариев «Автодорсервис фирмасы» ЖШС құрылтайшыларының арасындағы сот дауы түйінделіп, сот шешімі бойынша компанияның бас директоры ретінде Денис Гусев бекітілгенін хабарлады. Сонымен қатар, бастысы, Астана – Павлодар автожолы құрылысшыларының жалақысы бойынша қарыз алдағы 5-10 күн ішінде толық өтелмек.
– Біз компаниямен қосымша келісімшарт жасастық. Құрылыс фирмасының атына жаңа шот ашылып, жақында оған атқарылған жұмыстар үшін төленетін қаражат түсетін болады, – деді Ерсін Сариев.
Ал облыс әкімі Болат Бақауов әкімдіктегі жиын барысында автомобиль жолы құрылысында еңбекақының төленбеуіне байланысты тоқтап қалған жұмыстар қайта жанданады деп атап өтті. Облыс әкімдігі де маңызды жолдың, маңызды бағдарламаның дер кезінде сапалы орындалуына баса назар аударуда. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалы қазіргі кезде жерді өңдеу жұмыстарын жүргізуде, субмердігер ұйымдардың шоттарына қаражат түскеннен кейін жолға бетон және асфальт жабындыларын төсеу жұмыстары басталады. Және де құрылысшылар биыл Павлодар – Астана автожолының ұзындығы 104 шақырымды құрайтын бір бөлігін тапсыруды жоспарлап отырғаны айтылды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР