Жаркент өңіріндегі көнекөз қариялардың сөзіне қарағанда Солтанай Маралбаев өте өжет, ізшіл әрі мерген, ат құлағында ойнаған шабандоз жан болыпты. Оған бұл кісіні жақсы білетін Жайырбек қарияның өзіміз сөз еткелі отырған кейіпкеріміздің Иінтал сілемдеріндегі көктемде ат үстінен жерге түсіріп алған қамшысын қара күзде тауып алғанын, арғы беттегі Домбауыл деген қалмақтың көзінің ағы мен қарасына балаған бәйге атын шағын киіз үйде ұстап бағып отырғанда, оның шаңырақтан төменгі белдеуіне орай шалма салу арқылы арқанды тақымына баса жаппаны төңкеріп тастап, ішіндегі қаңтарулы жүйрікті шүу деп жетекке алып елге әкелуі туралы әңгімелері дәлел бола алады. Кеңес өкіметін жасы ұлғайған кезі деуге келетін алпыстың ол жақ, бұл жағында қарсы алған ел ағасы 1918-1921 жылдары қызыл гвардияшылармен бірге жергілікті жердегі ел тыныштығын алған ақ бандыларды талқандауға қатысады. Сүйдіндегі атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияға қатысып келгеннен кейін шекара бойындағы шолғыншы топ – комотряд құрамында болады. Өлкетанушы Нұрымбай Бекқұлиевтің біз сөз етіп отырған кісі туралы жинаған деректерінде назар аударарлық бір эпизод бар. Ол осы өңірдегі колхоз құрылысының ардагері Нұрақын Рамимовтың естелігі. Куәгер былай дейді:
«1927 жылдың қара күзі болатын. Мен және ауыл тұрғындары Аманжол Ыдырысов пен Мұқажан Қорғасбаев шекарашылар отрядының қарамағындағы орман шаруашылығында еңбек етіп жүргенбіз. 7 қараша күні Ұлы Октябрь революциясының 10 жылдық мерекесі дүркіреп өтіп жатты. Осы мейрам құрметіне арналып түрлі ойындар ұйымдастырылған-тын. Соның бірі ағаш басына ілінген жамбы ату еді. Оған ешкім оқ тигізе алмады. Түс қайта оны Солтанай Маралбаев қана атып түсіре алды. Осы мергендігі үшін Қорғас заставасының бастығы Пемуров оған шекарашылар атынан әдемі хром етік сыйлады».
Өмірдің талай соқтықпалы, соқпақсыз жолдарынан өткен Солтанай ақсақал осыдан кейін де ат үстінен түспепті. Сол кездегі жаңадан ұйымдастырылған артельдік бірлестіктер жұмысына жәрдемдесіп жүріп, 1936 жылы өмірден озыпты. Зираты Алмалы ауылы іргесіндегі қорымда екен. Мұны бізге айтқан қарияның немересі Молот. Байқап қарасақ осы жерде ұстаздық етіп, ұзақ жылдан бері мектеп директоры қызметін атқарып келе жатқан бұл кісінің өмірде болған жоғарыдағы жағдайлардан басқа да айтар әңгімелері аз емес сияқты. Соның бірі атаман Дутовтың көзін жою операциясына қатысқан қарияның ұлы Мұса мен одан туған Еркінбай, Ауғанбайға қатысты жайттар. Мұса есімі кезінде Жаркент өңіріне аты белгілі адам Ш.Байбатшаевтың «Бел-белестер» кітабында кездеседі. Онда автор: «1919 жылдың екінші жартысы уездік, болыстық, селолық және қалалық ревкомдар құрылған кез еді... Сондай жергілікті ревкомның бірінің председателі болып М.Солтанаев жолдас тағайындалды», деген. Сол Мұса 20-30-жылдары аталмыш өңірде әртүрлі жауапты қызметтер атқарады. Осы уақыт аралығындағы оқтын-оқтын жүргізілген үлкенді-кішілі жазалау толқындарында бес рет ұсталып, олардан әупіріммен аман қалады. Ұлы Отан соғысы басталғанда үлкен ұлы Еркінбаймен майданға бірге аттанып, кезекті бір шабуылда баласы хабар-ошарсыз кетеді де әкесі шайқас даласынан елге жарымжан болып оралады. Осылай ауыр хал кешіп жүргенде репрессияның 1948 жылғы соңғы толқынында Мұса Солтанаевтың екінші ұлы Ауғанбай ұсталып, түрмеге жабылады. Мұндай кезде назаланған әкенің қолынан келетіні іздену, арыздану, көмек сұрау да баяғы. Осындай оймен Мұса баласының ешқандай кінәсі жоқ екенін айтып, Алматы мен Мәскеуге қайта-қайта хат жолдайды. Соның бірі атақты Үкімет мүшесі, Сыртқы істер министрі Молотовтың қолына түседі. Мәселенің аужайын байқаған ол кісі хат шекесіне: «Іс қысқартылсын!» деген бұрыштама соғады. Осы пәрменмен түрмеден босаған Ауғанбай елге келгенде әке шаңырағындағы екі бірдей қуаныштың үстінен түседі. Оның алғашқысы соғыста хабарсыз кетті деген ағасы Еркінбай Мұсаевтың Махачкаладағы бауырластар зиратындағы қабірінің табылуы да соңғысы кенже інісінің өмірге енді келіп жатуы еді. «Егер Молотовтың мейірімі болмаса ұлым Ауғанбай бостандыққа шықпас еді. Сондықтан осы Үкімет мүшесіне деген ризашылығымның белгісі ретінде кенжемнің атын Молот қоямын!» – деген екен 1951 жылдың сол ызғарлы күзінде Мұса Солтанаев ақсақал. «Менің есімімнің осындай тарихы бар», – деп сөзін аяқтады бізбен қоштасарда кешегі дала көкжалы Солтанай батырдың немересі Молот.
5. Тоғызыншы, сіз кімсіз?
«Атаманның ақыры» атты атақты фильмді кім білмейді?! Бұл күнде одан бәріміз де жақсы хабардармыз ғой. Міне, осы кинокартинаның екінші сериясында бір эпизод бар. Ол Сүйдіндегі қауіпті тапсырманы жандарын шүберекке түйіп жүріп орындаған чекистер Қасымхан Чадияров пен Махмұд Қожамияровтың шекараның бергі бетіне арып-ашып әрең жеткен сәті. Іңір қараңғылығы түсе бере ескі зираттағы жартылай құлаған күмбезді паналаған оларға қастарындағы қаңтарулы аттары бөтен біреудің келе жатқанынан хабар беріп, құлақтарын қайшылай жер тарпиды. Осы сәтте: «Қасымхан! Бұл мен ғой, қарағым», – деген үстінде былғары курткасы бар жігіт ағасының даусы естіледі. Ақ шашты, бурыл мұртты ол кісі қалың шилі өзектен бері беттейді де: «Қалай, аман-есен жеттіңдер ме?» деп атынан түседі. Енді әңгімелесе бергенде шығыс жақтан жойқын ат дүбірі естіледі. Бұл атаманынан айырылып ашынған ақ казактардың қуғыны еді. Оларды алдарқатпақ болған жаңағы қарт кісі Қасымханның бас киімін өзіне ауыстырып киеді де тасадан атына қамшы баса атып шығып, жазық даламен ағыза жөнеледі. Улап-шулаған казактар соған қарай бұрылып, қуғын қаупі сейіледі. Осы мезетте қос чекист енді ешқандай қауіп жоқ дегендей атқа қонып, елге бет алады.
Фильмдегі осы бейненің, атақты суретші Әубәкір Ысмайылов сомдаған образдың прототипі кім? Ол: «Сол кездегі Жаркент милициясы бастығының орынбасары Әубәкір Жүнісов», – дер едік біз. Иә, сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Қасымхан Чанышевпен бір мекемеде қызмет атқарған жан. Яғни, 1919-1920 жылдары аудандық милицияда біреуі басшы десек, екіншісі оған қосшы болған адам. Атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция ойластырылғанда ЧК өкілдері Әубәкір Жүнісовке жауапты тапсырманы орындаушы ерекше топ мүшелерін арғы бетке аман-есен өткізу, қайтар кезде оларды күтіп алып, ықтималдылық жағдайындағы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз ету міндетін жүктеген. Нәтижесінде сөзі салмақты, ісі тиянақты, өмірден көргені мол бұл адам тапсырылған істі тамаша орындап шыққан. Бұған оның кезінде ВЧК тарапынан операцияны тікелей жүзеге асырушы топ мүшелерімен қатар марапатталып, атқарған ісінің бір үзігі жоғарыда сөз еткен фильмде арнайы эпизодқа арқау болуы анық дәлел. Атқарған ісінің бір үзігі демекші...
Өмірбаянына үңілсек ол 1886 жылы Алматы облысының Кеген өңіріндегі Жалаңаш ауылында өмірге келіпті. 14 жасында Жаркенттегі ауылшаруашылық орыс мектебіне оқуға түсіп, оны 1904 жылы орманшы мамандығы бойынша бітіріп шығады. Екі жыл әкесі Ниязбектің тұрмыс-тіршілігіне көмектеседі. Содан соң еңбек жолын 1906-1916 жылдар аралығында түрлі істер бойынша жергілікті билікке жүгінген Петров, Нагибин, Галицкий, Исаев, Денякин дегендердің бітімгершілік соттарында аудармашы болып бастайды.
Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың 2001 жылғы бізге берген мәліметі бойынша Әубәкір Жүнісовке қатысты деректер негізінен Алматы облыстық мемлекеттік архивіндегі 408-қордың 2-тізімдемесіндегі 468-іс пен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіндегі 5-қордың 8-тізімдемесіндегі 52-істе және 733-қордың 1-тізімдемесіндегі 1-істе сақталған. Сондағы мәліметтерге сүйенсек, кейіпкеріміздің 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысқанын байқаймыз. Осы әрекеті үшін патша үкіметі оны 6 жылға соттайды. Бірақ Қалжат пен Шарын болысының халқы оны кепілдікке алып, артынан іле-шала майдандағы қара жұмысқа аттандырып жібереді. Сөйтіп, ол Ресейдің Екатеринослав губерниясындағы Ветка, Накопный рудниктерінде десятник болып еңбек етеді. Патша тақтан құлаған 1917 жылдан кейін елге қайта оралып, Жаркентте тілмаш, қалалық атқару комитетіндегі мұсылман бөлімінің хатшысы, күзет бастығы, жергілікті ЧК тергеушісі қызметтерін атқарады. 1920 жылы атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операция жұмысына тартылар алдында Әубәкір Жүнісов Жаркент милициясы бастығының орынбасары қызметін атқарып жүрген еді. Мемлекеттік мәні зор оқиға сәтті аяқталғаннан кейін Жетісу ЧК-сының бастығы Эйхманс басқалармен бірге біздің кейіпкеріміздің де еңбегінің ескерусіз қалмауына ерекше көңіл бөледі. Оны бұл лауазым иесінің ВЧК-ның Түркістан аумағындағы уәкілетті өкілі, ВЦИК мүшесі Я.Петерске ұсыныс жасаған хатынан анық байқауға болады. Осыдан кейін билік орындары: «...тов. Жунусову от 134 КА. 1921 г. 1/ІV. За принятия участия над атаманом Дутовым» деген жазуы бар күміс сағат пен үш желілі винтовканы сыйлық ретінде береді.
Сөз орайында айта кетейік, кейде адам үшін құжаттардың сөйлейтіні бар. Иә, архивтегі сарғайған қағаздар кейіпкердің толық болмаса да жалпы бейнесінен кәдімгідей мағлұмат беретіні анық. Республикалық Орталық мұрағаттағы Әубәкір Жүнісовке қатысты құжаттарды қарап отырғанда біз міне, сондай әсерде қалдық. Ол бірбеткей, қайсар адам болған. Қолға алған ісіне немкетті қарамаған. Белгілі бір мәселеге қатысты өзінің кесімді сөзін айта білген. 1920 жылдан кейін Жетісу губерниялық сотының мүшесі, Алматы қалалық адвокаттар мекемесінің төрағасы қызметтерін атқарып жүргендегі кейіпкеріміздің өзі жазған қағаздар мен оған берілген мінездемелер міне, осындай тұжырымдарға негіз қалайды. Қызмет буына мастанбаған, оның құлақкесті құлына айналмаған ол бұқпай, бүгежектемей сол кездегі өмірде орын алған әділетсіздіктерге қасқайып қарсы тұра біледі. Бірде мынадай оқиға болған. Әубәкір Жүнісов Жетісудың ең шеткі нүктесі Алакөл аймағында іссапарда жүргенде тергеуші Катков дегеннің Үржар мен Мақаншы елді мекендеріндегі жергілікті тұрғындарға жасаған қиянатын әшкерелейді. Өзін талқыға салған жиналыста ұлы орыстық шовинизм дертіне ұрынған шенеунік кеудемсоқ, астамшыл әрекетін мойындамайды. Қиямпұрыс мінезіне басып Әубәкір Жүнісовті атып тастауға ұмтылады. Сол кезде өте әбжіл қимылдаған ол оның қаруын тартып алып, өзін де, өзгелерді де өлімнен аман алып қалады.
Осындай турашылдық, басқа ұлт өкілдерінің өзінің қандастарын басыну әрекетіне деген жаны төзбестік біздің кейіпкеріміздің жауларын көбейтпесе азайтпайды. Жер-жерден жәбір көргендер оны пана тұтып, айналасынан шықпайды. Ал бұл сол кездегі мемлекеттік жазалаушы органдар тарапынан Әубәкір Жүнісовке деген сенімсіздік туғызады. Сондықтан жергілікті ОГПУ, НКВД, прокуратура оның әр басқан қадамын аңдуды қолға алады. Соның салдарынан 1924 жылғы БКП (б) қатарын тазалау науқанында ол партиядан шығарылады. 1926 жылы жоғарыда біз өзіміз айтқан сыйлық – ВЧК винтовкасын Жетісу губерниясының ОГПУ бөлімі тартып алады. Осы заңсыздық жөнінде Әубәкір Жүнісов Қазақ АССР-ның ОГПУ бастығы Г.Каширин мен республика Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Е.Ерназаровқа шағымданады. Нәтиже болмайды. ОГПУ қызметкері Маркович: «Үйіңде жата бер, винтовканы іздеп жатырмыз, табылса қайтарамыз», – деп шығарып салады.
Өстіп жүргенде 1932 жыл келеді. Бұл кезде Әубәкір Жүнісов Алматы облысының Кеген ауданындағы №16 ауылда тұратын. Жала жабылып, үй-мүлкі тәркіленеді. Өзін бала-шағасымен жер аударуға шешім шығарылады. Бірақ Алматыда бұл кісіні білетін адамдар ара түсіп, Кеңес өкіметіне сіңірген еңбегі ескеріліп, аман қалады. Ал 1938 жылы... Мұрағаттанушы Зияда Ижановтың осыдан 15 жыл бұрын біздің хатымызға жазған жауабындағы деректер былай сөйлейді.
«...Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы Ыдырыс Көшкінов халық жауы деп ұсталғанда Әубәкір Жүнісов оны қорғау үшін сот төрағасына бұл адал, таза адам деп дәлелдеуге тырысады. Бірақ сот төрағасы оның сөзін қаперіне де алмайды. Ол соған ашуланып, бөлмедегі үстел үстінде тұрған сия сауытты алып ұрмақшы болады. Осы жерде бұрыннан өшігіп жүргендердің көктен іздегені жерден табылады. Сөйтіп, Әубәкір Жүнісов ұсталып, 4 ай бойы тынымсыз тергеу мен адам айтқысыз азапты бастан кешіреді. Тағылған кінәларды мойындамай, бәрін жоққа шығарғанына қандары қарайған сот мүшелері есіл ерді 1938 жылғы 5 тамызда ату жазасына кеседі. Өкініштісі, асыл азаматтың Кеңес өкіметін нығайтудағы, ақ бандыларға қарсы күрестегі еңбектері мен елім, жұртым деп атқарған басқа да істері еленбеді. Тіпті ВЧК-ның Түркістан республикасы бойынша уәкілетті өкілі Я.Петерстің: «Предьявитель сего т. Жунусов Абубакир 6-го февраля 1921 года совершил акт, имеющий общереспубликанское значение, чем спас несколько тысяч жизней трудовых масс от нападения его банды, а потому требуется выше означенному товарищу со стороны советских властей внимательное отношение и означенный товарищ не подлежит аресту без ведома полномочного представительства» деп берген 1921 жылғы 14 сәуірдегі №1887 куәлігі де ескерілмеді. Ескерілу былай тұрсын, Әубәкір Жүнісов 1938 жылғы 14 тамыздағы үкім бойынша атылғаннан кейін өздерін қорғау мақсатында Алматы облысының сот, прокуратура, НКВД органдары 4 жыл бойы оны тірі адам есебінде бірнеше «айыптау қорытындыларын» жасап, «қайта тексеруге» жіберген болып, оның «қылмысына сай» енді 10 жылға түрмеде отыруға, 5 жыл сайлау еркінен айыруға жалған үкім шығарды. Сөйтіп, Гогольдің «өлі жандарындай» өтірік «өлі құжаттар» Мәскеу мен Алматы арасында ерсілі-қарсылы үнсіз жөңкіді. Егер ол қағаздарға тіл бітсе: «Жіберіп отырған адамдарың әлдеқашан атылып кеткен жоқ па еді», – деп айтар еді-ау.
«Мұның бәрі сонда не үшін керек болған?» – деген сұрақ туады осы арада. «Мәселе мынада сияқты, – деген болатын мұрағаттанушы Зияда Ижанов жоғарыдағы хатында. – Әубәкір Жүнісовтің атылғандығы жөнінде оның отбасына хабарланбады, жасырылды. Сондықтан оның тағдыры ел-жұртына белгісіз болды. Есіл ердің туыстары, достары жер-жерге шағымданды. Олар жіберген хаттардан тек асыл азаматтың зайыбы Бопыханның 1939 жылғы 2 ақпанда Қазақ ССР прокурорына: «Менің ерім қайда? Әлі күнге тергеуде ме? Маған хабарлауыңызды өтінемін», – деген арызы ғана сақталған. Республика прокуратурасында бұл хат 1939 жылғы 17 ақпанда 2760-шы нөмірмен тіркеуден өткен. Оның шекесіне: «Дело в облсуде, сообщить об этом жалобщице», – деп 15 ақпанда қол қойған. Көрдіңіз бе, тіркеуден екі күн бұрын-ақ бастық қол қойған, әрі жарының тағдырын білмей келген Бопыханды «арызқой» етіп көрсеткен. Сол кезде өмірде жоқ, әлдеқашан атылып кеткен арыс азаматтың ісі облыстық сотта деп жалған сілтеме жасаған».
...Әубәкір Жүнісов 1957 жылы 16 тамызда ақталды. Істі 19 жылдан кейін қайта қараған Қазақ ССР Жоғарғы сотының алқасы онда қылмыс құрамы болмағандықтан, бір кездегі Алматы облыстық сотының үкімін жойды. 32 жасында 6 баламен жесір қалған Бопыхан ана жоғарыдағы хабарды естігенде көз жасына ие бола алмай ұзақ жылады, дейді көзкөргендер. Ол сол бір зауалды күндердің зары ма, жоқ әлде қиянат қияметке кетпеді деген тәубе ме, мұны енді ешкім түсіндіріп айтып бере алмайды. Қазақтың қайсар әйелі 40-50-жылдары арыс азаматтың артында қалған ұлдары Смағұл, Әнуар, Батырхан, Әсет пен қыздары София, Рузиданы жетелеп жүріп жеткізіп, олардан тараған немере-шөберелерін көзімен көріп, 1978 жылы өмірден озды.
Осы арада сөз ретіне қарай бір әңгіме айта кетейік. Кейіпкеріміздің жоғарыдағы аттары аталған балаларының ортаншысы Батырхан Әубәкірұлы Жүнісовтің мамандығы мұғалім еді. 1965-1969 жылдары Алматы облысының Нарынқол ауылындағы орта мектепте бізге орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берді. Ұзын бойлы, зор денелі, көп сөйлемейтін, жүзі сұсты кісі-тін. Ұлы Отан соғысында артиллерист болыпты. 23 ақпан – Қызыл армия күнінде бүкіл класымыз болып С.Маршактың өлеңдер жинағын беріп құттықтағанымыз есімізде ағайымызды. Сонда үнемі қатал болып көрінетін ол кісінің жүзі сәл жылып, чекист әкесі Әубәкір Жүнісов туралы әңгіме айтқаны бар. Ал өзі қатысқан соғыс туралы: «Шайқаста пехотаға (жаяу әскерге – ред.) өте қиын болатын. Бір атакада-ақ олардың қатары сиреп қалатын. Ал біздің артиллерия... Құдайға шүкір, расчетіміз ондайдан аман болды. Вязьмадан Берлинге дейінгі 4 жылда 4-5-ақ рет пополнение (толықтыру – ред.) алдық», – деген сөзі есімізде.
6.Кино
«Атаманның ақыры» фильмі. Жылдар жылжып, уақыт алға озған сайын мынадай сұрақтың бой көрсетіп қалары анық. Ол: «Кеңес чекистерінің жанкешті ерлігін көрсететін осы кинокартина қалай өмірге келді? Фильм қашан, қай жерлерде түсіріліп, ондағы басты рөлдерде ойнайтын актерлерге таңдау қалай жасалды? Ал сол бір тарихи оқиға ортасында болған адамдар бейнесі ше? Олардың іс-әрекеті мен қимылы осы кинолентада қаншалықты нанымды көрсетілген?» – деген сауалдар. Бұған білетінімізді айтып, қадери-халімізше жауап беруге біздердің құқымыз бар ғой деп ойлаймыз. Біздер дегеніміз – 60-70-жылдардың ұрпақтары. Жоғарыдағы кино өмірге келгенде студент едік. Таласып-тармасып «Целинный» кинотеатрындағы премьерасына барғанымыз есімізде. Осы фильм туралы «Лениншіл жаста» жарық көрген рецензия да әлі күнге дейін көз алдымызда. Авторы сыншы Сағат Әшімбаев болатын. Кейін университетті бітіріп, газет-журналдарда жұмыс істеп жүргенімізде «Атаманның ақыры» фильмі түсіріліп жатқан кезде «Қазақфильм» киностудиясының директоры болған Камал аға Смайыловпен бір редакцияда қызметтес, ал сол кинолентада басты рөлді сомдаған Асекең, Асанәлі Әшімовпен мекемелеріміз іргелес болып, фильм туралы талай әңгімелерге қаныққан жайымыз бар. Алдымен Камал Сейітжанұлының айтқандарына тоқталалық.
– Ұмытпасам, 1967 жылдың аяқ кезі ғой деймін, – деген болатын ол кісі. – Кинорежиссер Шәкен Айманов екеуміз Орталық Комитетке шақырылдық. Ондағы әңгімеде енді 3 жылдан соң Қазақ КСР-іне 50 жыл толатыны сөз етілді. Сөйтті де: «Кеңестік Қазақстанның осы мерекесі қарсаңында аға ұрпақ өкілдерінің ерлік дәстүрін паш ететін 2-3 тақырыпты экранға лайықтап көрсеңіздер қалай болар еді, – деді хатшылардың бірі. – Мәселен жазушы Д.Фурмановтың «Бүліншілік» шығармасына арқау болған Верныйдағы дүрбелең мен ақгвардияшылардың жойқын шабуылына жанқиярлықпен төтеп берген Орал жұмысшы-шаруа жасақтарының қаладағы 100 күндік қорғанысы және Жаркент ЧК қызметкерлері жүзеге асырған атаман Дутовқа қарсы операция. Бұл оқиғалардың бәрі 1919-1921 жылдары осы Қазақстанда өткен жоқ па?!»
Содан, яғни, Орталық Комитеттегі әңгімеден соң, «Қазақфильм» басшылығы жоғарыдағы тақырыптарды жиі-жиі сөз етіп, жоба-жоспарлар жасауды ойластыра бастаған. Сөйтіп жүргенде... Иә, 1968 жылдың 5 ақпаны күні «Правда» газетінде «Мені таң ата атыңдар!» деген өзі де, тақырыбы да өзгешелеу мақала шықты. Онда содан 3-4 ай бұрын өзіміздің Орталық Комитетте әңгіме болған тақырыптардың бірі – шекараның арғы бетіндегі атаман Дутовтың көзін жою оқиғасы баяндалыпты. Мақалаға сәл-пәл тоқталсақ, Жаркент қаласындағы ЧК бастығы Сувориннің (мақалада осылай – ред.) атынан айтылған әңгімеде оның әріптесі Қасымхан Чанышев Қытайдағы Сүйдін қамалына жасырын жіберіледі. Бірақ оның қайтып оралатынына ешкім сенбейді. Сонда Сувориннің (Қасымхан Чанышевтің қалай және неге кеткенін өзі ғана біледі, басқаларға сол сәтте түсіндіруге, сыр шашуға болмайды) айтқан бар сөзі: «Мен ол келеді, тапсырманы орындап оралады деп сенемін», болады. «Егер келмесе ше?» деген сұраққа оның амалсыздан берер жауабы: «Онда мені таң ата атыңдар!» – деген сөз.
Біздің іздегеніміз, осы ғой. Бұрын еміс-еміс естіп жүрген оқиғаны енді біртұтас күйде көрдік. Бар болған жағдай өзінің ішкі сырымен, жұмбағымен көз алдымызға келе қалды. Содан бір-бірімізбен хабарласқан бәріміз: «Осының негізінде сценарий жазып шығуға болады», – деген ойға тоқтадық. Мен сол күні ауырып үйде жатқанмын. Соған қарамастан Мәскеуге телефон соғып, сөзімді екі етпейтін ескі танысым Андрон Кончаловскийге қолқа салдым. «Правдадағы» мақаланы ол да оқыпты. Ойлануға мұрсат сұрады. Үш күннен кейін: «Сізді Мәскеуге келеді деп естідім. Сонда жолығып, әңгімелессек. Ұсынған тақырыбыңыз өте қызықты. Ақылдасайық» – деді.
Ақпан айының ортасында Шәкен Аймановтың жаңа ғана бітірген «Тақиялы періште» атты кинокомедиясын Бүкілодақтық Кинематография комитетіне көрсетіп, тапсыруымыз керек болатын. Белгіленген күні сол шаруамен Шәкең, мен және студияның бас редакторы Әкім Тарази Мәскеуге жүріп кеттік. «Россия» қонақ үйіне орналасқан соң әріптестерімізді шақырдық. Онда «Атаманның ақыры» фильмінің болашақ нобайы туралы жақсы пікір алмасу болды. Сценарийді тез жазып бітіру үшін Андрон Кончаловский қасына Эдуард Тропининді қосып алмақ ниетін білдірді. Ал Шәкен Айманов осы тақырыпқа байланысты әңгіме басталғаннан-ақ болашақ фильм ой-идеясының басында болды десем ол еш артық айтқандығым емес. «Алдаркөсе», «Атамекен» және «Тақиялы періште» туындыларынан кейін ағамыз әрі жұрт қызыға, құмарта көретін, әрі мағына-мазмұны салмақты, келелі де күрделі дүние жасасам деп жүретін. Шәкен Кенжетайұлының жіті көзі қонақ үйде әңгімелесіп отырған мәскеулік әріптестер материалынан сондай фильм шығатынын бірден көрді. «Сценарий ойдағыдай жазылып, көңілдегідей болып ұнаса, мен оны өзім қойып шығамын», – деді ол кісі нық байламмен.
...Ақыры солай болды да. Сөзіне де, ісіне де берік авторлар сценарийді мезгілінде жазып бітіргеннен кейін «Атаманның ақыры» фильмін түсіру бірден басталып кетті. Сөйтіп, Шәкең барлық жұмысты асқан шабыт үстінде жүргізді. Соның нәтижесінде қиын дейтін эпизодтардың өзі шамдағай қимылмен шапшаң түсіріліп жатты. Кино алаңында күрделі мәселелер туып жатса, олардың бәрін ағамыз өз мойнына алып, өзі шешіп реттеп отырды. Соның нәтижесінде бұл кинотуындының тез түсіріліп біткені есімде.
Камал Смайылов айтқан әңгіме міне, осындай. Оны біз 1990 жылы ағамыздың өз аузынан естіп, жазып алған едік. Онда ол кісі «Ақиқат» журналының бас редакторы-тын. 1992 жылы аталмыш басылымнан ауысып, «Халық кеңесі» газетіне барғанбыз. Сонда 1994-1996 жылдары Қазыбек би көшесіндегі 40-үйде Асекең, Асанәлі Әшімов басқаратын «Елім-ай» киностудиясымен көрші болып отырдық. Жұмыс аяқталып қалды-ау деген кешкі мезгілде шахмат тақтасын көтеріп ағамыз келеді ортамызға. Ойнауы – сұрапыл. Біреуіміз қарсы тұра алмаймыз. Бәрімізді қиратып ұтады ол кісі. Шахматтың соңы жаймашуақ әңгімеге ұласатыны бар. Сондай кезде Асекеңнен сұрайтынымыз «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» және «Жаушы» фильмдеріндегі эпизодтар, белгісіз-беймәлім жайттар ғой баяғы. Бәлсінбейді. Асықпай айтып береді.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
(Жалғасы бар)
Суретте: операцияға қатысқан милиция қызметкері Ә.Жүнісов