• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2016

Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі

1497 рет
көрсетілді

«Кемедегінің жаны бір» демекші, Қазақстан басшысы адамзатқа төніп тұрған сын-қатерлерге баса назар аударып келеді. Соған орай, жалпы адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажеттігі және БҰҰ аясында дүниежүзі халықтарының бейбіт өмірін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін бекітетін Жаһандық коалиция құру жөніндегі ұсыныстарымен ерекшеленді. Осы маңызды мәселе аясында, жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірінде Қазақстанның алатын орны қандай? Адамзат өз дамуының сапалы жаңа сатысына өткенмен, оның рухани-мәдени даму әлеуеті қандай? Бізді толғандыратын осы сұрақтар. Теке-тірес соғыстар салдарынан жер бетінен қаншама мәдениеттер мен өркениеттер жоғалып кетті. Адамзат өткеннен сабақ ала алды ма? Неліктен ХХI ғасырда өркениет пен жаһандық соғыс ұғымдары қатар айтылады?.. Әрбір өркениеттің, діннің және халықтардың жер бетінде өзіндік орындайтын міндеттері бар. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – ел тыныштығының кепілі. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғанмен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген. Елбасы Н.Ә.Назарбаев еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарынан бастап, этносаралық татулық пен келісімді сақтауға, дамытуға, олардың қауіпсіздігі мен бейбіт тұрмысын қорғауға бар күш-жігерін салды. Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды және тәуелсіздіктің негізі. Қазақстан – ядролық қару-жарақтан ерікті түрде бас тартқан, әлемдегі бірегей мемлекет. Қазір техника мен технологияның дамыған заманы. Бірақ, осы күшті кейбір мемлекеттердің адамзатты қырып-жоятын қарулар жасауға жұмсауы алаңдатады. Айналада сананы жаулаған діни экстремизм, терроризмнің насихатталуы, ішінара оның енуі – басты қауіптердің бірі. Ендеше, ел шаңырағын шайқалтуға бағытталған осындай келеңсіздіктер тамырының терең жайылмауы – ертеңге деген сенімділікте. Сын-қатерлерге төтеп берудің негізі ортақ жауапкершілікте жатыр. Ең қуатты 30 елмен иық тірестіру мақсаты қойылды. Мұның нәтижелі болуы, әрине, халықтың бірлігіне байланысты. Бүгінде Қазақстан 130-дан астам этнос өкілінен тұратын 17 миллионнан аса халқы бар беделді мемлекетке айналды. Қазақ халқымен тарихи сын сағаттарда этностар өзара ымыраға келіп, тіпті өзара келісім орната білді. Қазақстан Республикасының тәуел­сіздігін қалыптастыруда елдің ішкі саясатының басты ұстанымы болды, ол – бірлік пен келісім құндылықтары. Әсіресе, Қазақстанның ұлттық саясатын жүзеге асыру бірнеше кезеңді қамтиды. Алғашқы кезеңде еліміздегі тіл саясатына қатысты мәселелер қарастырылды. Одан кейін ұлттық-мәдени бірлестіктер құрыла бастады. Нәтижесінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. 1992 жылы Қазақстан халқының I форумында Мемлекет басшысы алғаш рет респуб­лика халқын біріктіретін қоғамдық (саяси және үкіметтік емес) ұйым құру туралы идеясын жариялады. Қазақстан халқының келісім және бірігу ассамблеясын құру мәселесін талқылауға ұсынды. 1995 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кеңесші орган ретінде, ұлтаралық қатынастар бойынша ауқымды құқықтық мәртебеге ие Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылды. Оның құрылуы қоғамдағы үйлесімділікті, ұлттық және дінаралық келісімді сақтау мен одан әрі нығайту ниетінен туындады. Бұл идеяға халық сенім білдірді және ол ақталып, халық игілігі үшін мазмұнды қызмет атқаруда. Бұған бүгінде бүкіләлемдік қоғамдастық куә болып отыр. Алғашқы құрылған кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы даму стратегиясын айқындап, рес­публика деңгейіндегі құрылымын қалыптастырды. Ассамблея ұлттық-мәдени бірлестіктерді, кіші ассамблея­ларды біріктіріп, олардың жұмысын үйлестіре отырып, мемлекеттің ұлттық саясатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқаруда. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда қоғамдағы топтастырушы және біріктіруші күшке айналып отыр. Ол мемлекеттің ұлттық саясатының өзекті міндеттерін шешуге белсенді түрде атсалысады. Саяси оқиғалар мен жағдайларға сараптама әрі болжам жасай отырып, қоғамдық келісім мен татулықты сақтауды қамтамасыз етудің жолдары бойынша өздерінің нақты ұсыныстарын жасап отырады. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын нығайту мақсатында, Қазақстан Президенті Жарлығымен 1997 жыл – «Ұлттық татулық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», ал келесі 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» болып жарияланды. Алайда, тарихи сананы қайта жаңғырту белсенді жүзеге аса бастаған уақытта алдыңғы буын ұрпақтың еңбегі мен жетістіктері объективті бағалануы үшін және негізсіз сындарға жол бермеу мақсатында, Қазақстан Президентінің Жарлығымен 1999 жыл елімізде «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылы» деп белгіленді. Сондықтан да, Қазақстан халқы құрамының полиэтностық болып қалыптасу тарихы дәл осы қағидаларды негізге ала отырып зерделенеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсаты қазақ халқының топтас­тырушы рөлiн арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді дамыту, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негiзiнде қазақстандық-азаматтық бiрегейлiкті, бәсекеге қабiлеттi ұлтты қалыптастыру үрдісiнде этносаралық келiсiмдi қамтамасыз ету болып табылады. Ал Ассамблеяның тікелей араласуымен қазіргі кезде елімізде көптеген этномәдени бірлестік қызмет жасайды. Сонымен қатар, республикада 15 тілде газет-журнал шығарылып, 8 тілде радиобағдарламалар таратылады және 11 тілде телебағдарламалар көр­сетіледі. Әрине, мұның барлығы мем­лекеттік саясатымыздың ұлт­аралық және дінаралық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтап, нығайтудағы бағытының дұрыстығын дәлелдейді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы­на мүше мемлекет ретінде 1995 жыл­ғы 16 қарашадағы ЮНЕСКО Бас кон­ференциясы қарарымен бекітілген Тағат­тылық (толеранттылық) қағидат­тары декларациясын қолдайтын­дықтан, діни төзімділік пен бей­бітшілік қағидалары еліміздің саяса­тында басты орын алды. Сондай-ақ, елдегі түрлі конфессиялардың келі­сімі мен ынтымағын нығайтудың оңтайлы әдісі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін атап өтсек болады. Идея авторы – Президент Н.Ә.Назарбаев. Әртүрлі дін өкілдерінің арасындағы келісімге бағытталған Қазақстанның саясаты мен тәжірибесі, әлемдік қоғамдастыққа түрлі конфессияаралық өзара сенім негізінде бірлесе ғұмыр кешуінің нақтылы мүмкіндіктері барлығын және оның қажеттілігін көрсете алды. Нәтижесінде, Қазақстан дінаралық үнқатысу орталығы ретінде танылды. Оған, Астанада 2003, 2006, 2009, 2012 және 2015 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері дәлел. Осы айтулы шаралардың әрқайсысы өзіндік маңызымен ерекшеленеді. Бүгiнгi қоғамдағы түбегейлi өзгерiстер халқымыздың ауызбiрлiгiн, белсендiлiгiн, әр азаматтың жеке басының жауапкершiлiгiн талап етуде. Қоғамдағы келiсiм мен бейбiт өмiр, саяси тұрақтылық үшiн жан аямай қызмет ету, өз Отанына, отбасына, елi мен жерiне деген сүйiспеншiлiктен ғана туындайды. Қазақтың ұрпақ пен дәстүр сабақтастығы, өзге этнос өкілдеріне құрметі сияқты қасиеттері шетелдік сарапшылар тарапынан да оң бағасын алды, әлі де жалғасын табуда. Ел тыныштығына мән беру – міндет. Қазақстанда жыл сайын ха­лық­тық Наурыз, Масленица мейрам­дарын көпшілік болып атап өту дәстүрге айналды. 2006 жылы Аста­нада Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның кезекті cессиясында Елбасы Құр­бан айт пен Рождествоның алғаш­қы күндерін мерекелік демалыс күн­дері етіп жариялауды ұсынып, ол қолдау тапты. 2006 жылдың 28 мау­сы­мында «Қазақстандық этнос­аралық және конфессияаралық келі­сім үлгісін жетілдіру бойынша» арнайы бағдарлама қабылданды. Әрине, бұл еліміздегі этносаралық қарым-қатынасты нығайтуды ұйымдас­тырушы және үйлестіруші басты құжатқа айналды. Шынын айту керек, Қазақстан халқы Ассамблеясының құқықтық мәртебесінің артуына Елбасының қосқан үлесі зор. Мәселен, 2007 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясына енгізілген түзетулер бойынша Парламент Мәжілісіне Ассамблеядан 9 депутат сайланды. Ал 2008 жылы 20 қазанда Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойғаны мәлім. Мемлекет басшысының бас­ты ұстанымы – этносаралық ынты­мақтастық пен келісім. Осы орайда, Мемлекет тарихы институтының ұжымы да ел ішіндегі татулық пен бірлікті нығайту мақсатында түрлі отандық және халықаралық шаралар мен ғылыми экспедициялар, ғылыми сараптама жұмыстарына қатысып, белсенділік танытуда. Сонымен қатар, ғалымдар «Этносаралық қатынастың қазақстандық үлгісі» қолданбалы ғылыми-зерттеу тақырыбында ізденістерін жүргізуде. Этносаралық келісім – ел тұрақтылығының кепілі. Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор