• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Қыркүйек, 2016

Көшпелілер ойындары аяқталды

616 рет
көрсетілді

Кеше Қырғызстанның Ыстықкөл облысында Көшпелілердің дүниежүзілік II ойындары аяқталды. Мұнда әлемнің 62 елінен жиналған спортшылар сайыстың 22 түрі бойынша 6 күн бойы күш сынасты. Ойындар қорытындысында 24 алтын, 23 күміс және 24 қола, жалпы саны 71 медальды қоржынға салған Қырғызстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға 12 алтын, 12 күміс және 12 қола, барлығы 36 медалі бар Қазақстан командасы орналасты. Үшінші орын 12 алтын, 9 күміс және 12 қола, жалпысы 33 медаль жинаған Ресей спортшыларына бұйырды. Жалпы, жарыста 29 елдің саңлақтары жүлделі орындардан көрінді. Бұл есеп-қисапқа кеше кештеу аяқталған 12 медаль жиынтығы бар алыш күресі классикалық түрінің нәтижелері енген жоқ. Ойындар жабылар күні Қазақ­стан мен Қырғызстан құра­малары арасында өткен көкпардың фи­налдық шайқасы болды. Ол алаң иелерінің 15:3 есебімен жеңіске же­туімен тәмамдалды. Осы­лай­ша қырғыз жігіттері қазақ көк­паршыларынан 2013 жылы Ас­танада өткен Азия чемпионаты финалындағы жеңілісінің қа­рымтасын қайтарды. Кездесу барысында қазақстандық Әбдіғали Әб­діжаппаров жарақат алып қал­ды. Ал қола медаль осының алдында Башқұртстан командасын 8:2 етіп ұтқан қытайлық жігіттердің еншісінде кетті. Түріктің «джирит» деп аталатын ат үстінен найза ату жарысында бірдей ұпай жинаған Қырғызстан мен Түркия командалары бірінші орынды бөлісті. Қырғызша «эр энишу» деп ата­латын ат үстіндегі айқаста қазақ­стандықтар Сырым Ізбасаров (90 кг) пен Біржан Қосалиев (+90), сондай-ақ қырғызстандық Калыбек Бузурманкулуулу (70 кг) алтын жүлде иегері атанды. Бұлардан бөлек, біздің Ерназар Байғонаев (70 кг) күміс медальға қол жеткізді. Ерлер арасындағы тогуз коргоол біріншілігінде алғашқы екі орын қырғыздар қанжығасына байланса, үшінші орын қазақстандық Нұрбек Қабиевке тиесілі болды. Ал қыздар арасында қазақстандық Әсел Дәлиева ешкімді бет қарат­па­ды. Мұнда үшінші орынды да біз­дің спортшы Диана Кенина алды. Қырғыздың «ордо» атты асық жарысында да, түріктің мангалында да алаң иелері ешкімге дес берген жоқ. Сайыстың соңғы түрінен біздің Әсел Дәлиева қола медаль алды. Сол сияқты олар ат жарысының барлық түрінде, қырғыз тазылары тайғандар бәй­гесінде алдарына жан салмады. Ал алыш күресінің еркін түрінде Түрікменстан спортшылары айдынды көрінді. Олар 12 алтын медальдың 8-іне ие болды. Бұл үлесте қазақстандықтар Сәби­ра Мырзағалиева (65 кг), Ди­дар Сәтбаев (60 кг) – күміс, Мереке Құдайбергенова (75 кг), Гүл­нар Аман­таева (+75 кг), Алдос Құл­ман­бетов (90 кг) қола медальдарға ие болды. Соңында Ойындардың жабылу салтанаты болып өтті. Көшпелілердің дүниежүзілік келесі III ойындары 2018 жылы осы мезгілде Түркияның Ыстанбұл қаласында өтеді. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ