Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осымен екінші рет әлемдік ең үлкен экономикалардың иесі болып отырған елдер басшыларының саммитіне қонақ ретінде шақырылуы тегін емес. Егер Ресей Президенті В.Путин оны ТМД шеңберіндегі одақтасы ретінде шақырды десек, Қытай басшысы Си Цзиньпиннің де сол жолды ұстануында үлкен мән бар. Біздіңше Қытай басшысы Н.Назарбаевтың әлемдік ахуалға алаңдаумен қатар, тірелген тұйықтан шығуға жол табу мүмкіндігі бар құлашты саясаткер екендігін мойындап отыр. Сонымен қатар, бұл – Қазақстанға көрсетілген зор құрмет, берік достықты білдіреді деп ойлаймын.
«Үлкен жиырмалық» Азия елдері қаржылай дағдарыстың құрсауында қалып, Батыстың дамыған елдері қандай шара қолданарын білмей жатқан 90-жылдардың соңында пайда болғаны баршамызға белгілі. Сол кезде «Үлкен сегіздіктің» қаржы министрлері әлемдік экономикаға жауапты дейтін елдердің қатарын кеңейту туралы өзара ұтымды идея ұсынып, оған өзге мемлекеттерді қосуды мақсат етті. Оның үстіне дамыған мемлекеттердің Үндістан мен Қытайсыз әлемдік экономика проблемалары шешілмейтіндігіне көздері жетті.
Дегенмен, 1999 жылдың желтоқсанындағы Берлин конференциясынан кейін G20 ұмытылып кетті. 2008 жылғы дағдарысқа дейін әлемде саммит өткізілген жоқ. Тек жыл сайын қаржы министрлері мен орталық банктердің басшылары деңгейінде кездесулер өткізіліп келді. Алайда, әлемдік қаржы дағдарыстарына әр елдің бірінші басшылары деңгейінде мән беріліп, тығырықтан шығудың жолдары қарастырылуы керек екені мойындалды.
2008 жылғы саммиттен кейін сол кездегі Франция президенті Николя Саркози «Біз жаңа әлемге енеміз» деген мәлімдеме жасаған еді. Оның сөзінше, «қаржы нарығындағы негізгі принцип бойынша және нарықтағы әрекетті бақылау бойынша тарихи келісімдерге» қол жеткізілуге барынша тырысу керек-тін.
Әлемдік сарапшылар экономикалық жағдайдың мәз емес екенін пайымдай келе, 2016 жылы әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,1%-ды, 2017 жылы 3,4%-ды құрауы мүмкін деген болжаулар айтуда. Сондықтан әлемдік экономика өсімін жылдамдату үшін әр мемлекет өздерінде нақты реформалар енгізуі қажет. Ол реформалар сауда айналымын нығайтып, жаңа кәсіпорындардың нарыққа шығуына қатысты кедергілерді алып тастауға бағытталуы тиіс.
Қытайдың қазіргі даму қарқыны және ондағы жетістіктер сонау Дэн Сяопин реформасынан кейін социализм мен капитализмнің «будандасуы» негізінде жүріп жатқандығы баршаға мәлім. Өз елінің қуатын күшейту үшін тиімді сыртқы атмосфера мен қауіпсіздік орта керек екендігін түсінген Қытай үкіметі халықаралық аренада тынбай жұмыс істеп келе жатыр. Өзінің іргесіндегі Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жариялап, экономикалық дамуда жоғары дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуды белгілеп, Дүниежүзілік сауда ұйымына толыққанды мүше болып кіргенін ол көрді және оның дамудың даңғыл жолында екенінен хабардар. Бес институттық реформаны іске асыратын «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын да жасап, оны біртіндеп іске асырып жатқанымызды да алып көршіміз байқап отыр.
Оның үстіне, Президент Н.Назарбаевтың әлемдік тұрақтылық пен тыныштықты, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жолындағы бастамаларының дамыған елдерде мойындалып, БҰҰ шеңберінде де аталып өтіп жатқандығы – алдындағы алыс биіктерді бағдарлап, оны еңсеру жолдарын тынбай зерттеп отыратын ел үшін аса маңызды деректер. Міне, сондықтан да Қазақстанмен санасу, оған құрмет көрсету өзіне тиімді екенін білген Қытай басшылығы Н.Назарбаевқа ерекше құрмет танытты. Осының бәрі Елбасымыздың тынымсыз еңбегінің оң нәтижесін көрсетеді.
Сөйтіп, бұл саммит еліміздің абыройын асқақтатқан саммит болды.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты