Мына алмағайып заманда жұдырықтай жер шарындағы әр мемлекет иін тіресе қорғаныс қабілетін арттыруға әрекет етіп жатқанда, қатардан қалмау басты міндет. Бірақ әскерді ұстау бар да, оның екпіні мен еңсесін халықаралық дәрежеде тең ету оңай шаруа емес. Мемлекет болған соң төл әскері де атына заты сай болуға тиіс. Әрине, бұл талап жағынан біздің еліміздің Қарулы Күштері кенде қалып жатқан жоқ. Тәуелсіздік жылдары әскеріміз етек-жеңін жиып, дамудың даңғыл жолына түсті. Мұны ел Тәуелсіздігімен келген жетістік деп айтуға толық негіз бар. Бұл орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік жылдары мемлекетіміз кәсіби армия қалыптастырды, ел мүддесіне толық сай келетін әскери доктрина түзілді. Біздің қасиетті топырағымыз әуеде де, жерде де және суда да қорғаныс аясында. Біз барлық көршілес елдермен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі уақытта армия кез-келген жайғдайға тастүйін дайын болуға тиіс. Бұл – әскери қызметшілер алдына мемлекет қойып отырған міндет», – деп атап көрсеткен болатын.
Иә, әскер алдымен қуатты болуға тиіс, одан кейін сол қуаттылығын сақтай отырып үнемі сақадай-сай болуы керек. Бұл, жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі заман талабы. Халық Қарулы Күштері айбынды да, айбатты, қуатты да қауқарлы екенін көргенде өзінің жарқын болашағына сенімді болары сөзсіз. Бұл орайда, әскеріміздің сапасы мен сынына қояр талап өте жоғары. Өйткені, біздің ел сан жағынан ауқымды әскер құруды мақсат тұтпайды. Сындарлы саясатқа сәйкес, қазақстандық әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс. Бұл талаптың жүзеге асуы үшін әскеріміз қазіргі заманғы ең озық техникалармен, небір мықты қару-жарақтармен қамтамасыз етілуде. Бәрінен бұрын Қарулы Күштерімізге білікті мамандар, ары таза, адал әрі патриот жандар келуде. Осылайша, әділдік орнаған жерде темірдей тәртіптің де шынайы белгісі көрініс беретіні анық. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтқандай, ортақ мақсат, ортақ мүдде үшін бірлік, татулық, тәртіп ауадай қажет.
Еліміздің армиясы қоғамның басты құндылықтары – бостандық, тәуелсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге ат салысады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қарулы Күштерді дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде тек техникалық жаңғыртуға және қазіргі заманғы қару-жарақты сатып алуға ғана емес, сондай-ақ, қазақстандық әскери қызметшілердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін де айтарлықтай қаражат бөлінеді. Қазіргі уақытта Қазақстанда жаңа әскери доктрина қабылданған, келісімшарт бойынша қызметке шақыру артуда, жалпы, әскери кәсіптің беделі артып келе жатқандығын әскерилердің өздері де мақтанышпен айтады. Демек, бүгінгі таңда әскерде қызмет ету әр қазақстандықтың арманы мен мақтанышына айналғаны анық. Ол үшін әскерилердің жеке бастары мен отбасы үшін де қажетті әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлардың бәрі жасалып жатыр.
Осы орайда, Мемлекет басшысы: «Біздің тұрақты экономикамыз, біртұтас қоғамымыз, дайындықтан өткен қуатты армиямыз бар. Біз жаңа Қазақстан рухына, прогресс және жасампаз болашақ қалыптастыру рухына адалмыз. Бұл – елімізді әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көруді армандайтын барша қазақстандықтың мақсаты. Бүкіл өңірлеріміз, қалаларымыз, аудандарымыз бен ауылдарымыз бір қарқынмен дамып келеді. Біздің басты байлығымыз – татулық пен келісім. Елдің әрбір азаматының борышы – халқымыздың бірлігін сақтап, оны қорғау» деген болатын.
Ал тарихқа көз жүгіртер болсақ, сонау 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-інің мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылған еді. Кейіннен республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде дербес шешуге көшуіне байланысты, ол Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Тәуелсіз республиканың заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз мемлекеттер достығына қатысушы елдер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты 1992 жылдың 7 мамырында Президенттің Жарлығы шықты. Бұл Жарлық бойынша, Қазақстан аумағына орналасқан Қарулы Күштер өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті. Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Осылайша, Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтап, өз аумағында әскерлердің, қару жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешті. Қазіргі кезде біздің Қарулы Күштері құрамына – жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегіне қарай қарулы күштер түрлі бөлімдерден және әр түрлі құрамалар мен арнайы әскери тектерден тұрады.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»